Bugin
Қай уақытта әскер енгізіледі?
Қазақстан мен Ресейдің Қарулы күштері жаңа әскери ынтымақтастық жөніндегі келісімшарт жасады. Бұл келісім – 1994 жылы 28 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімшарттың жаңартылған нұсқасы. Бұл жайлы Bugin.kz хабарлайды.
Бүгін ҚР Сенат депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім туралы заң жобасын мақұлдады. Келісім бейбіт және жедел әскери іс-қимыл, әскери дайындық пен әскери білім беру саласындағы тығыз қарым-қатынас орнату мәселесін қамтиды.
"Бұл заң 1994 жылы қабылданған. Қазір ескіріп қалды. Соның негізінде әскери саладағы ынтымақтастықты жүзеге асыру, атап айтқанда ел тәуелсіздігіне қауіп төнген уақытта әскери күшті бірлесіп қолдану, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризмге қарсы тұру, мәдениет пен спорт саласында халықаралық ұйымдар тарапынан әрекет ету, басқа да әскери ынтымақтастық бағыттары бойынша келісімшарт жасалды", - деп түсіндірді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов.
Сенатор, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед заң жобасы тиісті комитеттің бәрінен өтіп, мақұлдау алғанын алға тартты.
Ал сенат депутаты, елдің бұрынғы бас прокуроры Қайрат Қожамжаров "әріптестер, келісімшартты мақұлдауға келгенде біршама ойлану керек" деп тартынды.
"Мына заң жобасы – саяси-әскери халықаралық құжат, салмағы ауыр. Бір жағынан солтүстікте көршімізбен сыйластықта, бейбіт қарым-қатынастамыз, суверинет пен территориялық біртұтастықты мойындаймыз. Екінші жағынан, аймақтық қауіпсіздік туғанда қарулы күшті бірлесіп қолдану керегі жайлы ереже бар", - деді Қожамжаров.
2020 жылы қол қойылған келісім
1994 жылғы келісімді жаңартып, жаңа келісімшарт жасауға келіскен ең алдымен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу болатын. Олар 2020 жылы қазанда Елордадағы кездесуде жаңартылған келісімшартқа қол қойды.
Кейін бұл құжат Мәжіліске жіберілді. 2021 жылы желтоқсанда мәжіліс депутаттары бір ауыздан мақұлдап, Сенатқа жіберген еді.
Енді міне оны Сенат депуттары мақұлдап отыр. Одан әрі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жіберілмек. ҰҚШҰ әскерін қолдану туралы ұсыныстары мемлекет басшысы қарастырады.
Ал Ресей тарапынан келісімшартты Мемлекеттік Дума қарап жатыр.
Келісім аясы
Жаңа әскери келісімшарт Қазақстан мен Ресей арасындағы бірқатар мәселелер бойынша өзара әрекеттесу туралы келісімді көздейді. Сонымен келісімшарт бойынша:
- тараптардың бірі жүгінген жағдайда, тараптардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскерлерді (күштерді) пайдалануды бірлесіп жоспарлау;
- тараптардың бірі жүгінген жағдайда, аймақтық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұру;
- жедел және жауынгерлік дайындық;
- әскери білім және ғылым;
- терроризмге қарсы іс-қимыл;
- бітімгершілік қызмет;
- тараптардың өз аумағындағы әскери құрамаларының қызметін қамтамасыз ету, әскерлердің (күштердің) қызметі және оларды жан-жақты қолдау;
- екіжақты құқықтық келісімшарт базасын жетілдіру;
- тараптардың әскери делегацияларының халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы аясындағы өзара іс-қимылы;
- мемлекеттік құпияны сақтау;
- мәдениет және спорт.
Келісімшарт 10 жылға жасалған. Кейін қос тарап келісім берсе, тағы он жылға создырылады.