Weekend
Қазақ ұлтының маңдайалды қаламгері
Адамзат басына нәубет келіп, әрбір тіршілік иесі қарақан басын қамдаған шақта, яғни, 1918 жылы жазылған «Философия жайынан» атты мақала жас жігіттің болашағынан хабар бергендей. 21 жасында кей жігіттер әке-шеше мойынына масыл болып жүрсе, Мұхаң ұлт үшін қам жеп, терісі қалың ғылымға азу басты.
Философия іліміне дендеп кірген адамның өзге дүниемен қызығушылық қарым-қатынасы күрт үзіледі. Дегенмен, осы бағытты да біраз шимайлаған Әуезовтің философиялық білімі осы мақалада көрініс береді.
Мақаланың алғашқы жолдары адам баласының ғұмырлық жолының бөлінісінен басталады.
«Адам баласы тұтынып келе жатқан ғылым екі түрлі. Бірі күндік керек мұқтаждық шығарған, адам баласының тіршілігіне нық байланысқан ғылымдар. Бірі кең ақыл, терең қиял шығарған адамның жанын тәрбиелейтін ғылым», - деп сілтеген қаламгер осы екі жол да кісіге өз қажеттілігін туындататын соқпақтар екенін аңғартады.
Алғашқы сүрлеумен жүретін адамдардың қарасы қалың. Өйткені, бұ дүниелік күйбең қарекеттің соңы ешқашан көрінген емес. Құмырсқаның илеуіндей быжынаған әрбір адамның кәлләсінда өз мәселесі. Кейбірі тұрмысын күйттеп, бір малының басын қалай екі қылсамның қамымен әлек болса, енді бірі күндік асының жайын ойлайды.
Ал мәңгілік ғылымның жолы ерек. «Философия» сөзінің өзі «данышпандыққа ұмтылу» деп түсіндірілетінін ескерсек, ұшан-теңіз білімнің, саны жоқ ақпараттың, жеке шығармашылықтың адам санасына етер әсері де соған сәйкес. Дүниені жаратушыда аса тура әділдік бар. Өйткені, ол адамның қабілетінен өзге ештеңені бізге көрінетін етіп жаратпаған.
Ғарыштың игерілуі, жер астының күн сайын ұңғылана түсуі, ядролық қарулар, жылдам көліктер, бұлтпен таласқан зәулім ғимараттар – ғылымның, үздіксіз дамудың, аса күрделі ой еңбегінің айқын жемісі.
Әмәндә адамның игілігі алғашқы орында. Ой талқысының, аса терең толғаныспен шыққан тұжырымдардың күні бүгінге дейін өз өзектілігін жоймауы – философия ғылымының құдіреті.
«Адамның өмірін көкірегіндегі ақылдың (идеясы) билейді дейді. Ақылдың жолы билейтін болса, ол идеяны философия билейді. Осымен адам баласының ақыл жолындағы тарақиетін, бұған жалғасатын адамшылық жолындағы тарахиятын да философия билейді», -деп бір түйін жасайды Мұхаң мақаласында.
Ақыл мен тұрмыстық әрекеттердің астасуы оңай көрінетін іспетті. Әлбетте, ақылсыз жасаған қарекеттен тұрмыстық дүниенің өзі нәтижелі шықпайды.
Ал ғылымдағы ақылдың жетекші рөл ойнайтыны айтпаса да түсінікті. Ақылды идея басқаратынын тілге тиек еткен Әуезов идеяның, жалпы ойдың, ойша жасалған тұжырымдардың философия іліміне бағынатынын бұлтартпай дәлелдеп береді.
Көңіл көкжиегін кеңейтпек мақсаттағы кісі өзінің ішкі философиясы мен әлемдік деңгейдегі ғылым тұжырымдарын салыстырғаны абзал. Өйткені, адамның жан сарайында орын алатын ойлар қақтығысы арқылы жаңа идеялар туады. Ал жаңа идеялар тұлғалық даму соқпағында адамның қозғаушы күші секілді әрекет етеді.
Жеке философияның тұтқынына айналып, әлемге «қара көзілдіріктен» қарау харап болмақ. Әсілі, ғылыммен сусындаған адамның санасы да ашық, ойы да жүйрік, адамдығы да биік болмақ.
Әуезов өз мақаласында философияның әлемдегі жетекші ғылымдарды толық қамтитынын да дәлелдеп береді. Тарих, логика, психология, метафизика, космология, теология секілді бағыттардың түгеліне дерлік белгілі бір деңгейде жұғысы бар философияның ауқымы кең екені түсіндіріледі мақалада.
Сонымен қатар, дін мен философияның, адамзаттық көзқарас пен философияның шебер ұштасатыны туралы дәлелденген жолдар да мақаланың салмағын ауырлата түспек.
Өмірдің кез-келген соқпағында жүр-ки, адамның басы жұмбаздалған шар типті дүние емес, аса құдіретті жаратушының аса қабілетті етіп жаратқанын жадыңнан жоғалтпаған жөн.
Әуезов өзінің ғылыми қауқарын, философияға кірісе бастаған уақытын һәм сол мезгілде өз деңгейінің қай тұста екенін осы мақалада көрсетеді.
21 жасында Аристотель мен Кант тұжырымдарына бас қойған Мұхаңның ғылыми соқпақтағы «жортуы» мұнымен тәмәм болмағаны хақ. Ал біздің шалажансар, туралай айтсақ, соқыр санамызға уағында ғылым есігін енді түрген бозбала қаламгердің шағын мақаласының өзі шуақ беріп тұрғандай...