Weekend
Әлеуметтік желі – кез-келгеннің қолжетімді мінбері. Өзінің ой-пікірін де, эмоциясын да мыңдаған, миллиондаған тұтынушының алдына жайып салып, жаны рахат табатын орыны. Қоғам айнасында күн сайын түрлі оқиғалар орын алып жатады. Қазіргі таңда бір облыста үлкен жол-көлік апаты болса немесе басқа аймақта біреудің үйін тонап, баласын ұрлап, болмаса пышақтап, атып кетіп жатқаны туралы ақпараттар бұқараға таңсық емес. Желі лентасынан көрсе, бір қарап бас шайқайды да, әрі қарай жылжи береді
Сайтта жұмыс жасайтын қызметкерлердің айтуынша, қазақстандықтар ең көп оқитын төрт тақырып бар. Осы тақырыптар жөнінде салынған ақпараттар рейтинг көтеруге таптырмас құрал екенін айтады. Олар: жол апаты, зорлау фактілері, жұлдыздар өмірі, жыныстық қатынасқа қатысты мәліметтер. Ал рейтинг қандай жағдайда көтеріледі?
Бұл туралы журналистикадан мүлде аулақ адамның өзі жақсы білген болуы керек. Сайтта немесе телеарналарда кез-келген бір ақпараттың көп оқылғаны немесе көп қаралғаны сол ақпарат құралының рейтингіне үлес қосатынын бәріміз білеміз. Міне, осыдан келіп, журналистер халық сұранысындағы өнімді беруге тырысады. Амалсыздан, әрине. Өйткені, рейтинг – оның жеп отырған наны.
Ақпарат саласының қызметкерлеріне осы орайда көп сын айтылып жатады. Сапалы контент жасамайды, руханиятымызды байытатын материалдар тым аз деген бағыттағы. Әдеби әңгіме, сын мақала, сюжетті репортаж сияқты құнды материалдар аз жасалынбайды. Жазылады, түсіріледі, ұсынылады. Бірақ...
Осындай сапалы мағлұматтарды тұтынушы аудитория көлемі тым аз. Айлап, жылдап жүріп мың қаралым жинаса, разы бол. Ал керісінше, мына әнші мына әншімен төбелесіп қалды немесе мына танымал актриса желіге өзінің жалаңаш суретін жүктеді деген тақырыппен ұсынылған деректер айналасы он минуттың ішінде үш-төрт мың қаралымды еркін жинайды. Рейтинг па? Рейтинг.
«Қалаулым» бағдарламасын алайықшы. Талайды тамсандырып, рейтингін аспандатып отырған бұл бағдарламаның сиқыры қайсы? Орыс тілінде дәл осы форматтағы «Давай, поженимся» бағдарламасының барын білеміз. Дегенмен, Лариса Гузеева жүргізетін шоу-бағдарламаның нысаналы аудиториясы бар. Ал «Қалаулымды» қалайтындардың жас ерекшеліктері таудың ұшар басы мен етегі секілді. Елдің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін. Аша Матайдың жобасында алып бара жатқан ерекшелік, өзгеден бөлек алабөтен сценарий немесе көрермен жинайтын тетіктер жоқ. Алғашқы мақсаты – отбасы құруда жолы болмай жүргендерді қонақ ету арқылы қазақтілді контент жасау. Былайынша айтқанда, әлем елдерінде таптаурын болған тақырып. Көпшіліктің пікірінше, оның ауқымды аудитория жинайтын басты себебі – шоудың еркін форматта және тікелей эфирде өтуінде. Эфир бетіне алғаш шыққанда, «Қалаулым» кез-келген бағдарламалар секілді, қатардағы жоба еді. Тек әлгі тікелей эфирдегі Замираның қақпақсыз аузынан шыққан «керемет» сөздері мен студиядағы төбелестің қысқа үзіндісі Инстаграм, Фейсбук желілерінде тарағаннан кейін ғана оның қаралым саны күрт артқан. Демек, халық «Қалаулымды» шайпау әйел пен еркектердің ерсі қылықтары үшін ғана тамашалайды деген қорытынды шығаруға болады.
Студия қолжетімді, ютуб видеохостингі кез-келген материалыңды жарқ еткізіп жариялауға даяр. Осыдан келіп, шоу-бизнес тақырыптары мен басқа да жеңіл тақырыптағы цензурадан аулақ, тек журналистік ақпараттық цензура емес, этика шекарасынан да өтіп кетіп жататын бағдарламалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап отыр.
Қазақ журналистикасының көші осындай бағыт алғаны қатерлі екені даусыз. Кім көрінген көк экрандағы бағдарламаларды тізгіндеп, кәсіби журналистерді аталмыш аурадан алыстатуға себепкер болып отыр. Бәлкім, бұл жағдайдың бүгінгі қоғамнан көрініс табуы кәсіби журналистердің мамандану деңгейі мен кәсібилік қабілетінің төмендеуінен болар. Дегенмен, ақпарат тарату ісінде арындап алға шығатын адуынды журналистер өз мамандығы аясында қызмет етуі шартты. Экран төрін шоу-бизнестің жарнамасы мен жұлдыздар өмірін дәріптейтін ортаға айналдырып отырғандардың түпкі мақсаты бізге мәлім. Болмаса қоғамдық пікір, социологиялық идеяның осы ақпарат көшіне қарай икемделе кетуі – дертті құбылыстың жылдам етек алуына бірден-бір себепкер.
Журналистер даярлау ісінде отандық жоғары оқу орындары арасынан қара үзіп алға шығатыны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Кейінгі жылдары Қарағандының журналистер даярлау ордасы да ел аузына, ақпарат саласының мамандарының тіліне жиі ілігіп жүр. Жыл сайын Еуразия Ұлттық университетін қоса алғанда жалпы қарасы жарты миллионды жуықтайтын кәсіби журналистер осы айдынға желкенді кемелерін бағыттайды. Өсім жоқ емес. Бар. Неліктен осыншама қаралы мамандар өздерінің телеэкрандағы прайм-таймдарын ұстағанның қолына, тістегеннің ауызына беріп қойып жүр?
Бір бағытта тізе қосып жұмыс атқарғанның айыбы жоқ. Ақпараттық ағынның күшейген уақытында ақыны мен әншісі, шоумені мен әдебиетшісі бас біріктіріп жатса, айып емес. Бірақ мәселе басқада. «Журналист» деген жалпы атаудың шекпенін жамылып алып, ел арасына іріткі саларлық, түрлі бағыттағы резонанс туғызарлық жобаларды жасайды. Осыдан келіп, халықтың журналист атаулыға көзқарасы өзгереді. Ал қоғамдық пікір қалыптастырудың тұтқасы болып отырған ақпарат мамандарына деген көзқарастың өзгеруі – қорытындысын ойлаудың өзі қорқынышты бәлеге соқтыруы мүмкін.
Тақырыбымызға қайта оралсақ. Нашар контентті таңдайтын халықтың өзі дедік. Ия, жөн. Таңдау аудитория еркінде. Осы тұста «Овертон терезесі» қағидаты ойға оралады. Прайм-таймда, өтімді уақыттарда қоғам назарына ұсынылатын контенттің басым бөлігі – шоу-бизнес төңірегіндегі, арзан ойын-күлкіге негізделген ақпараттар. «Овертон терезелері» қағидаты бойынша, біртекті нәрселерді қайталай беру арқылы, ақыр аяғы, өз нәжісін өзіне жегізуге дейін мәжбүрлеуге болатыны дәлелденген. Ұлтты, жас буынды тәрбиелейтін мәдени ошақтың бұтағы қисаймаса екен дейміз. Байырғы қазақтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақылын бүгінде «Ел болам десең, эфиріңді түзе» деп өзгертіп, қолдансақ, өтімдірек болатын сияқты.