Редактор бағаны

Ана тілін білмесең ұлттың баласы емессің

Тіл – адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тіл – әр ұлттың байлығы. Тілі жоқ ұлттың тарихы, бүгіні мен ертеңі де бұлыңғыр болары анық. Бүгінгі таңда 3000-4000-дай тіл қолданыста бар екен. Күнделікті жүздеген тілдер жойылып, қолданыстан шығып жатқаны белгілі. Қазіргі күнде көптеген ұлттар үшін тіл мәселесі өте өзекті болып отыр. Ал біздің қоғамда тіл мәселесі өзекті ме? Тіл тазалығы сақталады ма? Қазақ тілінің болашыға қандай? – деген сұрақтар толғандырмай қоймайды.

Турасын айтқанда, тіл мәселесі біздің бүгінгі қоғамда ең өзекті әрі өзінің шешімін таппай тұрған түйіткілді мәселенің бірі болып отыр. Қазақ тілінің тазалығына қатысты кемшіліктерді әр басқан қадам сайын көруге болады десек те болады. Мәселен, бір-бірімен тілдесу барысында әр қазақ сөзінің арасына орыс сөздерін қыстырып айтпаса басы ауыратындай. Қазақ, орыс сөздерін араластырып сөйлеу әдет болып кеткен. Алайда біз осылайша тілдерді араластырып, шұбарлатып, екі тілдің де грамматикалық нормаларын сақтамай, оларды қорлап жатырмыз деп ойланбаймыз да. Сонымен қатар, тілге қатысты грамматикалық өрескел қателіктерді көптеген медиа-ақпараттық жүйе мен жарналамалардан, көшеде ілініп  тұратын тақтайшалардан байқауға болады. Ондай қателіктер кез-келген адамды шошындырмай қоймасы анық. 

Бұл біздің күнделікті қоғамдағы кемшіліктер. Алайда, «балық басынан шіриді» демекші, қоғамдағы лауазымды адамдардың, кейбір басшылардың мемлекеттік тілді білмеуі, шұбарта сөйлеуі, қазақ тілінде өз ойларын дұрыс жеткізе алмаулары тіптен тіл мәселесіндегі деградацияға айналып бара жатыр. 

Осы орайда неліктен қазақ тіліміздің мәртебесі осынша түсіп кетті деген орынды сұрақ туындайды. 

Біріншіден, әрине, жылдар бойы Ресей бұғауында болу біздің тілімізге де, дінімізге де ауыр соққы болды. Сол орыстанудың салдарынан әлі де құтыла алмай келеміз. 

Екіншіден, әлемді жаулаған ақпараттық жүйелер біздің құлағымызға өзге тілдегі ақпаратты артығынан енгізіп, миымызға енген ақпарат шалалықпен тілімізге тарауда.

Үшіншіден, қазір жастар, тіпті, үлкендер арасында орысша сөйлеу «мода» болып кеткен. Орысша еркін сөйлей алсаң сен кереметсің, сені бәрі құрметтейді. Орыс қазақша сөйлей алмаса  еш әбестік емес. Егер қазақ орысша сөйлей алмасаұят. Сонда тіліміздің осындай дәрежеге түсіп кеткені ме?

Дегенмен,  мәселе туындаған болса оның шешімі де болады емес пе? Ендеше қоғамымыздағы осы тіл мәселесін шешуге барлығымыз бір адамдай атсалыссақ олқылықтың орнын толтырарымыз анық. Ол үшін әркім өзінен бастау керек. Әр қазақ мәселені терең түсініп, жүрегімен сезінсе, еліне, тіліне деген махаббаты артып, тілімізді қара түнектің құрсауынан алып шыға алар едік. Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді»,-деген. Ендеше, ұлт болып қалғымыз келсе ана тілімізді дамытып, әрқашан құрмепен қарайық, тіліміздің шұбарланып, ластануына жол бермейік. Тіл – адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады!