Редактор бағаны
Жақсы кітап оқу - ақылды адаммен сырласқанмен бірдей
Біріншіден, жастардың кітап оқымауына себепші болып отырған – қоғамды торлаған әлемдік ақпараттық жүйе. Бүгінгі күні күннен күнге дамыған техника, технологиялар, гаджеттер жастардың ойын жан-жаққа алаңдатып, санасын торлап, уақытын ұрлайды. Жастар көп уақыттарын интернетте өткізіп, әлбетте, кітап оқуға олардың уақыттары жетпейді. Ал енді өз өмірімізді еш телефонсыз, интернетсіз елестетсек, біз жаңалық пен білімді кітаптан іздеп, уақытымызды кітапқа арнаймыз.
Бізді кітаптан алыстататын, әрине, бұл ғана емес. Кітапқа деген кереғарлықтың басты себебі – жалқаулық. Жалқау адам уақыттың жоқтығын немесе интернетті кінәләп, кітап оқымаудың сылтауларын іздейді. Міне осы себептер бізді білім мен кітаптан алыстатады және себептер бірін-бірі туындатады.
Осы орайда, жастардың кітап оқуға қатысты олқылықтарды жою үшін не істеу керек? – деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, юарлығы отбасынан басталады. Отбасында баланы кітапқа деген сүйіспеншілікке, өнер мен білімге баулыса, бала, әлбетте, кітап пен білімге құштар болады. Яғни, отбасында баланың санасына осы жақсы қасиеттерді жақсылап бекітсе, ата-анасы сол тәрбиенің жемісі – заманына сай кітапқа, білімге құштар, әр нәрсенің, тіпті, ғаламтордың да тек жақсы жақтарын пайдалана алатын нағыз жан-жақты, білімді ұрпақты тәрбиелеп өсіреді. Ал сол ұрпақ еліміздің қарқындап дамуына өз үлесін қосатын нағыз азамат болып өсері анық.