Bugin

Ресей-Украина арасындағы соғыс: Санкцияға Қазақстан дайын емес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Ресейге салынған санкциялар теңгенің құнсыздануына алып келуде. Доллар бағамының күнсанап өсуі елде қымбатшылықтың болу ықтималдығын растап отыр. Осы мәселеге байланысты экономист Мақсат Халық мырзаның: Дәл қазіргі жағдайда, девальвацияның соңы неге апаруы мүмкін? Доллар қашанға дейін көтеріледі және шарықтау шегі қаншаға дейін барады? Санкцияның алдын алу үшін не істеу керек? - деген сауалдарға пікірін білген едік.  

- Девальвация халыққа жағымды әсерін тигізбейді. Девальвация салдары инфляцияға және қымбатшылықтың болуына алып келеді. Әсіресе Қазақстан сияқты импортқа тәуелді елдерде көптеген импорттық тауарлар қымбаттайды. Соның әсерінен стихиялы түрде отандық тауарлар да қымбаттап кететіні бар. Бірақ, отандық тауарлардың қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Егер отандық тауарлар шикізат ресурстарын шетелден алып келіп, осы жақта құрастырып жатқан болса, әрине олар қымбаттайды. Жеке кәсіпкерлер өздерінің құлқынына байланысты тауарларын қымбаттатып жатыр. Ал, оның кері салдары азаматтарымыздың төлем қабілеттілігіне әсер етіп, табысы ортайып қалады. Кедейшілік орын ала бастайды. Әлеуметтік шиеленісті арттырады. Қазіргі уақытта, мемлекет азаматтардың табысын арттыру мәселесінде тапсырма берді. Халықтың табысы артып үлгерген жоқ, бірақ қымбатшылық келіп қысатын болса азаматтарымыз мүлдем қиын жағдайда қалады.  

Алдағы уақытта доллар өседі. Оның негізгі себептерінің бірі геосаяси жағдай. Бұл бір фактор. Екінші жағдай, Ресейге салынып жатқан санкциялар бұрын соңды болмаған жағдайда сипат алуда. Ресейден көптеген компаниялар кетіп жатыр. Ресейдің қаржы жүйелерінің бәрінің инвестициялық рейтингі, несиелік рейтингі ССС дәрежесінде және минус жағымсыз сценарийде тұр. Ол деген сөз ресейлік банктердің инвестициялық мүмкіндігі толықтай жоқ деп айтуға негіз бар. Әрине оның салдары бізге де тиеді. Себебі, Ресейлік еншілес банктер банкроттыққа қарай бет бұруда.  

Егер соғыс болып жатса оның салдары Қазақстанға да тиетіні сөзсіз. Ресей порттары арқылы сауданы Еуропаға шығаратын едік. Ал қазір біздің елден алмаймыз деп жатыр. Латвия Қазақстанның тауарларын жеткізуге борттарын беріп жатыр екен. Жан жақтан Қазақстанға санкция салыну керек деген сөздер айтылып жатыр. Ол жақсы үрдіс емес. Егер олай болып кетсе мүлдем құрыдық деген сөз. Қазақстан санкцияға мүлде дайын емес. Ал Ресей белгілі бір дәрежеде дайындалған болатын. Сондықтан ең маңыздысы санкциядан сақтану керек. Бұл жерде санкцияның алдын алу  саяси мәселе болып тұр. Біздің билік өзінің нағыз позициясын көрсету керек. Бүкіл әлем қазір Путинге қарсы болып тұрғанда біз Ресей билігін жақтамауымыз қажет. Еуразиялық экономикалық одақтан, ҰҚШҰ-дан шығу туралы ойлар айтылып, олардан шығу керек. Сондай жағдайларда біз Батыстың санкцияларынан сақ боламыз!  

Сыртқы фактор ретінде Американың федералдық резервтер жүйесі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін алдағы уақытта өсіреміз деп отыр. 16 наурызда отырыс өтеді, сол кезде доллардың құнын арттыратын болса дамушы елдердің валютасы құнсызданатын болады. Америка федералдық резервтер жүйесі оны жыл соңына дейін жасаймыз деп отыр. Жыл соңына дейін қанша отырыс болса әр отырыс сайын доллардың құнын арттырамыз деген мәлімдеме жасап жатыр. Болжам күйінде J. P Morgan айтып отыр 9 мәрте өсіреді деп. Бұрын соңды болмаған өсулер болса дамушы елдердің валютасы қатты құнсызданатын болады.