Bugin

Ресейде қанша ядролық бомба бар әрі оның қаупі қаншалық?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

РФ президенті В.Путин Украинаға қарсы "арнайы әскери операция" бастағанына 5-ші күн болғанда, 28 ақпан күні, гиперзымыран жүйесі мен ядролық қару легін қорғанысқа дайындау туралы бұйрық берген еді.

Одан бөлек, Ресей басшысы Украинаны тізе бүктіру үшін қолдан келгеннің бәрін істейтінін, басып алуға дейін баратынын, мақсатына жетпей қоймайтынын мәлімдеді. Оны бүгін, 4 наурыз күні өткен жиында да айтты. Путиннің қолындағы ірі көзірдің бірі – бұл ядролық қару екені бәріне айқын. Ендеше Ресейде атом бомбасы бар әрі оның қаупі қаншалық, соны қарастырып көрейік.

Ресейде қанша ядролық қару бар?

Ядролық қару – баллистикалық зымыран мен оның ішіне салынған атом оқу-дәрісінен тұратын жаппай қырып-жоба қаруы. Баллистикалық зымыран ядролық қаруды алыс қашықтыққа жеткізуге көмектеседі. Қазіргі таңда ядролық соғысқа жарамды қару деп – дәл осы ядролық оқ-дәрісі бар зымыранды айтады. Қалған түрлері аса қауіпті саналмайды.

Ядролық қарудың санына келгенде нақты мәлімет айту қашанда қиын. Сондықтан салыстырмалы мәліметтер айтылады. Шындыққа жуық дегені – Америка ғалымдар қауымдастығының (FAS) жинаған деректері.

Аталмыш деректерге көз жүгіртсек, Ресейде қазіргі таңда 5977 ядролық оқтұмсық бар екен. Яғни, ядролық бомбаны іске қосатын құрылғының саны бұл. Бірақ мұның ішінде 1500-ге жуық оқтұмсық утилизацияға кеткен, яғни, қолда жоқ деген сөз. Демек, Ресейдің қолында қазір шамамен 4500-ге тарта ядролық қару бар.

Бірақ Ресей осының бәрін қолданысқа әзірлеп үлгерді деуге келмейді. Мамандардың айтуынша, ресейдің шамамен 1500 ядролық оқтұмсығы қолданысқа дайын тұр. Оның кейбірі әскери базалар мен аэродромда тұрса, енді бірі суасты кемесінің ішінде жүр.  

Өзге елдегі ядролық қарулар саны

Қазіргі таңда әлемнің 9 елінде ядролық қару бар. Олар – Қытай, Франция, Үндістан, Пәкістан, Израиль, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания және Солтүстік Корея.

Ең қызығы сол – бұл елдердің арасында ядролық қаруы бойынша бірінші орында тұрған дәл осы Ресей екен. Тіпті, НАТО елдерінің барлығын қосқандағы ядролық оқтұмсықтың саны Ресейге жетпейтін көрінеді.

Әлемде 191 мемлекет ядролық қаруды қолданбау жөнінде Келісімшартқа қол қойған. Олардың арасында Ресей мен АҚШ, Қытай мен Ұлыбритания, Франция бар.

Келісімшартқа қол қойған мемлекеттер ядролық қаруды азайтуы, реті келсе мүлдем жойып жіберуі керек еді.

Үндістан, Пәкістан мен Израиль бұл келісімшартқа қол қоймаған әрі қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартқан. Ал Солтүстік Корея 2003 жылы бұл келісімнен шығып кетті.

Украинада ядролық қару жоқ. Оның бұрында болғаны жайлы да ақпарат жоқ.

Ядролық қаруды қолдану мүмкін бе?

Адамзат тарихында ядролық қаруды соғыс кезінде бір-ақ рет қолданылған. Ол – 1945 жыл.

Ресей Федерациясының Әскери доктринасында ядролық қаруды мына жағдайда да қолдануға рұқсат деп көрсетілген:

- Ресей Федерациясы мен оның одақтас елінің аймағына өзге тараптан баллистикалық зымыран жіберілсе;

- Ресей Федерациясы мен оның одақтас еліне қарсы ядролық қару қолданылса;

- Ресей Федерациясының әскери және үкіметтік нысандарына ядролық қаруды қолдану, ату жағдайы тіркелсе;

- Ресей Федерациясына қарсы агрессия күшейсе, елді күл-талқанын шығаруға қауіп төнсе.

Ал "Путин бұл жолы ядролық қаруды қолдануға дәті шыдай ма?" дегенге сарапшылардың көбі "жоқ" деген жауапты береді. Әзірше Батыс елдерінің барлау қызметтері ондай дабыл қаққан жоқ. Мәселен, Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Бен Уоллес BBC-ге берген пікірінде Ресей ядролық қаруды пайдалану бойынша әзірше ешқандай нұсқаулық пен іс-қимылды іске қоспағанын айтады.