Bugin
АҚШ елі Ресейден газ бен мұнай сатып алуға тыйым салды. Мұны президент Джо Байден 8 наурыз күні сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп жазады Экономическая правда басылымы.
"Біз ресей газы мен мұнайын импорттауға толық тыйым саламыз. Бұл дегеніміз – енді Ресейдің газы мен мұнайын АҚШ порттары қабылдамайды деген сөз. Америка халқы бір ауыздан ортақ шешімге келді. Путинді қаржыландыруды тоқтатып, украин халқына қол созуымыз керек. Ресейдің агрессиясына төзбейміз. Соны мәлімдеймін", - деп түсіндірді Байден.
Оның айтуынша, ресей газы мен мұнайынан бас тарту АҚШ экономикасына біршама соққы боп тимек. Алайда Вашингтон бұл соққыға әзір көрінеді.
"Тыйым салудан басқа амалымыз жоқ. Демократияны сақтау қашанда қымбат. Сондықтан осындай ауыр жолға барып отырмыз. АҚШ-тың өз ішінде өндіріп жатқаны мұнайы мен газы өзіне жетерлік", - дейді Байден.
Байденнің айтуынша, еуропалық серіктес мемлекет басшыларымен ақылдасу арқылы осындай шешімге келген.
"Бұл шешім ЕуроОдақ мемлекеттерінің кейбіріне ауыр соққы болуы мүмкін. Оны түсініп отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта біз энергетика саласында тәуелсіз болу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек", - дейді АҚШ президенті.
Айта кетейік, ЕуроОдақ мемлекеттері де ресейдің газы мен мұнайынан бас тартудың жолдарын қазір қарастырып жатыр. Мұнай мен газды АҚШ пен Катардан сатып алуы мүмкін. Одан бөлек, баламалы энергия көздерін дамытуды қолға алмақ.
Ал ЕуроОдақтан бөлініп кеткен Ұлыбритания 2022 жылдың соңына дейін ресей газы мен мұнайын импорттаудан бас тартатынын мәлімдеген.
Айта кетейік, Ресейдің газ-мұнайы қазір халықаралық биржаларда сатылып жатыр. Алайда оны сатып алушылар азайып барады. Оның орнына араб елдерінен шығатын қымбат мұнайды сатып алып жатыр. Бұл – әлемдік өндірістің ресей мұнай-газына бойкот жариялауының көрінісі болса керек.