Спорт
Қазір елімізде үлкен теннис сияқты спорттық ойын белсенді түрде дамып жатыр. Тіпті бізде өзіміздің жұлдыздарымыз да бар, мысалға, Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Денис Евсеев, Әсия Даиыр, Камила Керімбаева, Зарина Дияс. Алайда бүгін әңгіме олар туралы емес. Осы ойын біздің елде қашан пайда болғанын білу мақсатында тарихқа шағын саяхат жасап қайтуға ұйғардым.
Спорттық ойын ретінде теннис туралы алғашқы ескертулер отандық газеттерде өткен ғасырдың 20-жылдардың өзінде де-ақ кездеседі. Алайда «Динамо» қоғамының өлкелік жарыстар бағдарламасына бұл ойын тек 1933 жылы ғана енгізілген. 1935 жылға дейін Алматыда «Динамо» стадионында орналасқан тек бір ғана теннис корты болған. Оған қосымша Федерация саябағында (қазір бұл 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ) сол кездері Мәскеудің жақсы корттарына дес бермейтін екінші теннис алаңқайы салынды. 1935 жылы Алматы қалалық дене тәрбиесі кеңесі алғаш рет 12 күнге созылған жалпы қалалық теннистік жарыстар өткізді.
Үлкен теннисті дамыту үшін 1956 жылы Мәскеуден Қазақстанға Мәскеу дене шынықтыру институтын үздік бітірген және КСРО-ның мықты жиырма ойыншының қатарына кіретін Валентин Биценко жіберілді. Ол М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябақтарындағы төменгі корттарда жасөспірімдермен белсенді жұмыс істей бастады.
1962 жылы Алматыға спорт шебері мәскеулік Августин Вельц жұмысқа келді. Соғысқа дейінгі жылдарда ол КСРО-ның мықты он ойыншыларының қатарында болды, алайда соғыстың ауыр жылдарында жер аударылды. Ақталып шыққаннан кейін тенниске оралды. 1963 жылы Қазақстанда 79 корт болды. Вельц басшылыққа қазақстандық теннисті елдің алдыңғы қатарына шығаруға уәде беріп, М және ДС-ындағы жоғарғы корттарында жасөсіпірім ойыншылармен жұмыс істей бастады.
Сонымен қатар ол спортшы ретінде КСРО халықтарының Бүкілкеңестік спартакиасында Қазақстан команданың құрамында да сәтті өнер көрсетті. Қазақстандық теннис деңгейінің тез өсуі үшін Вельц спарринг-серіктес ретінде Мәскеу мен Ленинградтың теннис орталықтарынан мықты ойыншыларын жұмысқа шақырды.
Міне, оның жұмысының кейбір нәтижелері: 1965 жылы Лилия Карпова (Максимова) қыздар арасындағы КСРО чемпионатында жеңімпаз атанып, Қазақстанда КСРО спорт шебері нормативін бірінші болып орындады. 1967 жылы Марина Крошина шебер нормативін орындады. Ол сол кезде 14 жаста еді, бұл дәрежені оған ережеге ерекшілік жасап берді. 1970 жылы Марина Крошина жасөспірімдер арасындағы Уимблдон сайысын ұтты. Одан кейін ол Еуропа чемпионатын, Бүкіләлемдік универсиаданы жеңіп шықты, КСРО халықтары Спартакиадасның 3 мәрте чемпионы, түрлі дәрежедегі бірнеше мәрте КСРО чемпионы болды.
1970 жылы Алексей Рудь (фотосуретте) Кент графтығының чемпионы атанды және жасөспірімдер арасындағы Уимблдон сайысының ширек финалына шықты.
80-жылдардың басында ОӘСК-нда теннис мектебі ашылды. Бұл мектептен әлем теннисінің жұлдыздары – Уимблдонның чемпионы Елена Лиховцева (суретте) және қазақстандық теннистің көшбасшысы Алексей Кедрюк оқып шыққан. 2006 жылғы АТР рейтингінде Кедрюк №261-ші болды. Елена Лиховцеваның әлемдік жіктеудегі жекелей жарыстардағы ең жоғарғы рейтингі 1999 жылғы 15-орын болды. Уимблдон-2002 жарысында Лена спорттық ерлік жасап, жекелей жарыста ширек финалға, ал жұппен өнер көрсетуде жартылай финалға дейін жетіп, ақырында микст финалында жеңіп шықты. Ресейде әйел теннисі пайда болғаннан бастапәлі де ешкім «Үлкен шлемнің» бір турнирінде мұндай жиынтық жетістікке қол жеткізбеген!
ҚКП ОКінің кезекті алқалық пленумында Дінмұхаммед Қонаев «Қазақстанда тау шаңғысы, теннис және, әрине, футбол дамыту қажет» деп айтты. Нәтижесінде 80-жылдары Алматыда ҚазМУ аумағында және Алматының батысында орналасқан «Ақсай» ықшамауданында теннис орталықтары, сонымен қатар клуб мүшелерінің өздерінің күшімен салынған жалғыз «Алатау» клубы бой көтерді. Өкінішке орай, соңғы екі клуб түрлі себептерге байланысты жабылып қалды.
80-90-жылдары ҚР Теннис Федерациясына генерал-майор Павел Новиков жетекшілік етті. 3 жаңа теннистік орталық құрылды. Біріншісі – Бағанашылда, құрамында 7 ашық және залда орналасқан 3 алаңшалары бар. Мұнда Девис кубогі және ҚР Президентінің кубогі аясындағы барлық халықаралық жарыстар өткізілді. Екіншісі – «Орталық теннистік стадион» деген атаумен ҚазМУ-дан тыс аумақта пайда болған үлкен орталық. Мұнда 4 алаңды Теннис сарайы және ашық ауадағы хард төселген 18 алаң болды. Құрамында 5 құмайтты алаңы бар үшінші корт «Целинный» кинотеатрының қасында орналасқан еді. Соңғы екеуі бұзылды. Енді олардың орнында «Мариотт» қонақ-үйі және құрылыс материалдарын сататын сауда орталығы орналысты. Алматыдағы теннистік орталықтарды салу және бұзу хроникасын жалғастыра беруге болады...
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кубогі атты ашық турнирі бастама алды, оған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің спортшылары белсене қатысты. Біздің теннисшілер келесідей халықаралық командалық жарыстарға қатысады: Дэвис кубогі, Федерация кубогі, Хопман кубогі, ATP, WTA және ITF турнирлері. Қыздар мен жасөспірімдер «Үлкен шлем» турнирлеріне (Уимблдон – Алексей Кедрюк, «Ролан Гаррос» – Әмина Рахым, Зарина Дияс) және ITF турниріне, Азия чемпионаттарына қатысады. Студенттер Бүкіләлемдік универсиадаға қатысады. Маңызды табыстарға қол жеткізгендер қатарында Диас Досқараев, Дмитрий Макеев, Антон Цымбалов, Сырым Әбдухалықов, Мария Ковалева, Егор Шалдунов, Татьяна Игнатченко, Валентина Старкова, Зарина Диястар бар…
ҚР теннис федерациясының жаңа басшылығы, президенті Болат Өтемұратовтың күш салуы арқасында республиканың Астана, Тараз, Өскемен, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Көкшетау, Шымкент, Екібастұз қалаларында жаңа теннис орталықтары ашылды және Ақтау, Атырауда жаңа орталықтар салынуда.
2010 жылы команда капитаны Егорь Шалдунов басқарған Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы жолында Швейцария және Чехия командаларын шаң қақтырып, тарихта алғаш рет Дэвис Кубогінің Әлемдік тобына кірді. Бұл турнирдің ширек финалдық жарысы Аргентинада өткізілді. Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Юрий Щукин және Евгений Королев аргентиналық «теңбілшерлер» Дель Потро, Челле, Монако және Шванктардан ұтылды. 2013 жылы команда капитаны Диас Доскараев басқараған Қазақстан құрамасы 2011 жылғы жетістігін қайталады, осы жолы Астанада Австрия құрамасын жеңіп, Әлемдік топтың ширек финалына жолдама алды. Осы жылдың 31 қаңтарынан 2 ақпанына дейін Астанада Дэвис кубогі өткізіліп, сонда Қазақстан Бельгиямен кездесетін болады. Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Сесиль Каратанчева және Юлия Путинцева ірі WTA турнирінде жетістікке жетіп жүр. Ұлттық әйел құрамасы өткен жылы тарихында алғаш рет Федерация кубогінің екінші Әлемдік тобының плей-офф кезеңіне шықты. 4 және 8 ақпан аралығында әйелдер құрамасы Астанада өтетін Федерация Кубогінің Азия/Океания аймағында өнер көрсетеді және өткен жылғы жетістігін қайталап, екінші рет Әлемдік топқа шығуға тырысады.