Weekend
Қазақ халқы адам жасына қандай атаулар берген?
Он жастан асқан баланы қазақ «қозы жасына» келді деп санайды. Қозы жасындағы баланың міндеті қозыны бағу. Бұл баланы еңбекке баулудың бастапқы кезеңі. «Қозы жасы» аталуы да осыдан.
Кезінде қағаз-қалам ұстап, оқу-ғылым жолына түскен баласы болмағанмен, өрісте қолына таяқ ұстап, қозы баққан баласы бар қазақ бір жағынан зиян шексе, бір жағынан пайда көріп отырды. Дегенмен түйенің өзі-түйе, ал құмалағы түйе болмайтындай оқығанның көбі қара жұмысқа икемсіз болды.
Ал қазіргі XXI ғасырдың қозы жасындағылары сары далада сарылып қозы бақпақ түгіл, жеңіл-желпі киініп далаға шықса ауырып қалады. Қаланың ақ саусақ жиырма жастағы баласы отын жарып, балта ұстай алмай масқара болып жатады. Расында, қазіргі қозы жасындағы балаға жүз қозыны жаю өте қиын көрінгенімен, ол кезде сол жастағыларға бұл ең жеңіл жұмыс болды. Сондықтан мал бағудың оңай жолы – қозы болатын.
Қозы жасынан кейін бала қой жасына өтеді. Қой жасы - бала он беске толып, қара шаңыраққа ие болып, қой бағатын жасқа келгендігін білдіреді. Сондықтан қазақ 15-25 жас арасын «қой жасы» деп атаған. Ал сиыр мен түйеге ие болу кәрі-құртаңның сыбағасы деп санаған. Қазақтың ертедегі ең көп ұстаған малы жылқы, қой, түйе. Он бес пен жиырма бестің арасын қой жасы дейтіні бір қора қойды ит-құсқа жегізбей, жоғалтпай бағу. Сонысмен қатар, жауын-шашын, бораннан аман сақтау, күн шыққаннан қас қарайғанша жалықпай жаю осы жастағы адамның ғана қолынан келеді деп санаған. Дала тіршілігіне көніп, осы тапсырманы орындау ер баланың мойнына артылған үлкен жауапкершілік болды. Қой жасынан еті тірі, өз-өзіне сенімді бала ғана "жылқы жасына" өтеді. Бұл емтиханнан өтпегендері қойдың соңында біржола қалып қояды.
25 жас белдің бекіп, қабырғаның қатқан кемел кезі. Жаулары жылқысын айдап, қызын алып қашатын ертедегі қазақтың ең үлкен ауыртпалығы мен ең жақсы рахаты да жылқыда болған. Күні де, түні де азапқа толы жылқыны сеніп тапсыру жиырма бес пен қырықтың арасындағыларға ғана лайық. Ат құлағы көрінбейтін боранда атпен бірнеше күн жүріп жылқыға ие болу, алдыннан тосып, соңынан қалмайтын қалың қасқырға алдырмау, екі күннің бірінде тұтқиылдан лап қоятын жауға қасқая қарсы тұру, тек жиырма бес пен қырықтың арасындағылардың ғана қолынан келетін. Сол себепті қазақ халқы бұл кезеңді еңбекке баулудың жоғары мектебі екенін ескеріп «жылқы жасы» деп атаған.
Қазақта патша болыпты дегенді естімедік. Кейбір патшаға бергісіз хандардың болғанын екінің бірі біледі. Ал қазақтағы «патша жасы » деген, мынадан шықса керек. Жалпы, шығыс мұсылмандары «әлі ақылы қалыптаспаған» деп қырыққа келмегенді қолдарынан келген жағдай да патша қойғызбаған. Яғни, қырықты «патша жасы» деуді біз солардан үйренсек керек. Негізінен қазақтар қырықты – қынаптан шыққан қылыштай деп ардақтайды.