Bugin

Үкімет халықтың табысын арттыруға кіріспек. Кімге қандай көмек беріледі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бірер күн бұрын үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын қарастырды. Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс екен. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы тәсілдерді жаңарту мақсатында әзірленген. Бұл жайында Курсив.кз жазды. 

Бағдарлама аясында:

  • Жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру;
  • Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету;
  • Ірі кәсіпорындар маңында ШОБ-ты дамытуға жағдайлар жасау есебінен өнеркәсіп пен кәсіпкерліктегі жұмыспен қамту;
  • АӨК саласында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында қосалқы үй шаруашылықтарын құру;
  • Инвестициялық жобаларды іске асыру;
  • Микрокредит беру тетіктерін кеңейту шаралары қарастырылған.

«Барлық мемлекеттік органдардың алдына ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті қойылып отыр. Азаматтарымыз Үкіметтің кірістерді сақтау және ұлғайту, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналастыру және қайта оқыту жөніндегі барлық шаралары туралы кеңінен хабардар болуы тиіс» деді Смайылов.

Бұл ретте ведомстволардың міндеті қандай? Үкімет басшысының айтуынша, индустрия, ауыл шаруашылығы, энергетика министрліктеріне және өңірлердің әкімдіктеріне:

  • Жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу;
  • Шағын және орта бизнестің ілеспе субъектілерін дамыту мақсатында өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру тапсырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, еңбек табысындағы теңгерімсіздікті жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау жүктелген.

«Біздің қатысуымызбен барлығы 33 іс-шара қарастырылған, оның 16-сы тікелей министрлікпен жүзеге асырылады. Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 миллиондай жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында «платформалық жұмыс» электрондық сервисін әзірлеп жатырмыз. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін түрлі платформаларда оңай тіркеуге, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді», -  деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағыты бойынша ақпараттық жүйелерді сараптау нәтижесінде әлеуметтік қолдауға және жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды «Ерте анықтау жүйесі» енгізілмек. Бұл ретте отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік мәртебесі жоқ, қолдауға мұқтаж азаматтардың портреті әзірленеді және олардың нақты қажеттіліктері айқындалады.

Сондай-ақ, жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны», түлектерге арналған «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары шеңберінде субсидиялаудың ұзақтығы мен мөлшері ұлғайтылады. Бұдан бөлек, ведомство «жас жұмысшы» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үйді жалға алуға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылдамақ.

Көпбалалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірлерде Әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда.

«Бұл шаралар нақты қажеттіліктер бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді», -  деді Шәпкенов.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі негізгі капиталға инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру бойынша KPI негізінде мемлекеттік органдардың, барлық деңгейдегі әкімдіктердің тиімділігін бағалау және рейтинг жүргізумен айналысады.

Энергетика министрлі халықтың табысын арттыру бойынша мынадай ұсыныстар жасайды:

«Қазіргі уақытта «Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» жұмыс істейді, ол 3 ірі оператордың мұқтаждығы үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Орталық үш тауар тобы бойынша өндірісті оқшаулау бойынша жұмыстарды бастады: тиек арматурасы (клапандар), бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика (БӨАжА) және электр техникалық жабдық. Технологиялар трансферті және тауарлар өндірісін оқшаулау жөніндегі жұмыстар жалғасады, бұл шамамен 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», -  дейді министр Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, 2022 жылы қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылмақ. 2021 жылы Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Ол 2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ, қуаты жылына шамамен 1 млн тонна полиэтилентерефталат, 1,25 млн тонна полиэтилен және 186 мың тонна бутадиен өндіру бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Осылардың бәрі сәтті жүзеге асқан жағдайда 2022-2025 жылдар кезеңінде 2,5 мың тұрақты және 12 мың уақытша жұмыс орыны құрылмақ.