Bugin

Украина дағдарысы: Қазір бүкіл Орталық Азия Тоқаевқа телміріп отыр – Сарапшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей мен Украина арасындағы әскери іс-қимыл шиеленісіп кетті. Алды-арты әлі түсініксіз. Мұндай дүдамал жағдайда бүкіл Орталық Азия басшылары Қазақстанның президенті Қ.Тоқаевтың қандай саясат ұстанарына қарап, не айтар екен деп телміріп отыр. Осылай деді қырғыз сарапшысы, қоғамдық белсенді, танымал "Kloop" медиа және білім беру бастамасының тең авторы Бектұр Искендер inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазір Украинадағы соғыс пен дағдарысқа қатысты бүкіл Орталық Азия елдері үшін ең маңыздысы – Қазақ елінің әрі қарай өзін қалай ұстайтыны.

"Аймақтағы барлық республикалар арасында ең қауіпті жағдайда қалғаны – Қазақстан. Себебі ол – Орталық Азиядағы Ресеймен шектесетін жалғыз мемлекет. Оның Ресеймен құрлықтағы шекарасы – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл ретте оның солтүстігінде сепаратистік көңіл-күйлер байқалады. Мұндай қауіп әсіресе, 90-шы жылдары өте зор болатын. Оны азайту үшін Қазақстан басшылығы ел астанасын оңтүстігінен солтүстігіне қарай көшірді. Нәтижесінде, елдің орталығы мен солтүстік облыстарындағы ресейшіл күштер айтарлықтай азайды. Әйткенмен қауіп сақталуда. Ол қауіпті сейілту үшін мемлекет ел бірлігін күшейтуге және солтүстік өңірлерге қазағы қалың оңтүстіктегі халықты көшіруге күш салып жатқаны мәлім. Бұған қоса алып мұхиттар мен теңіздерге шыға алмайтын Қазақстан экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді. Осы және басқа да факторлар Қазақстанды Мәскеумен шекісуден аяқ тартуға итермелейді", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан басшылығының Мәскеуге ұнамайтын, бірақ ұлттық егемендік үшін маңызды қадамдар жасауға батылы жетуде.

"Қазір де Қ.Тоқаев көшбасшылығындағы қазақ елі мүмкіндігінше, тәуелсіз саясат жүргізе бастағаны байқалады. Осының арқасында бүгінде Қазақстан – Орталық Азиядағы көңіл-күйлердің барометріне айналды. Қырғызстанның, Өзбекстанның басшылары Тоқаев мырзаға қарап, бойы мен саясатын түзейтіні, соған жиі қарайлайтыны аңғарылады. 

Мысалы, Қазақстан бірінші болып, Украинадағы соғысқа төл әскерін, жауынгерлік контингентін жібермейтінін үзілді-кесілді мәлімдеді. Оның үстіне республика бұл қатаң позициясын өзіне тиісті ұсыныс түспей жатып, бірден нақты айтты. Қазір тайғанақтамай, сол ұстанымын табанды ұстанып отыр. Осынысымен де Қырғыз билігінен дараланды. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл – өте маңызды, символдық мәні бар жоралғы. Үшіншіден, Қазақстан билігі елдің басты мегаполисінде Украинаны жақтайтын митинг өткізуге ресми санкция берді. Осы арқылы қазақ қоғамының үлкен бөлігінің ұстанымы қандай екенін Кремльге анық ұқтырды. Төртіншіден, Қазақстан халық болып, құны бірнеше миллион доллар тұратын гуманитарлық жүк жинап, Украина жағына аттандырды. Мұның бәрінің астарлы ойы, символдық нышаны бар. Бәлкім, мұның бәрі биліктің араласуынсыз, төменнен, халық арасынан шығып жатқан шығар. Бірақ Тоқаев мырза халықпен бірге екенін және бұқара пікірімен санасатынын паш етіп жүр", - дейді Бектұр Искендер.