Bugin
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жаркент қаласындағы әкімдік резиденциясынан бас тартып, оны дертке шалдыққан балалардың игілігіне бермек. Бұл жайлы Bugin.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімі Жаркент қаласында орналасқан қызметтік үйден – үлкен сарайдан саналы түрде бас тартып, оны оңалту орталығына айналдырып, балалардың игілігіне беруді тапсырған екен.
"Сөз реті келгенде айта кетейін, осы Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Жерінің көлемі – 1 гаектар. Маған сол резиденцияның қажеті жоқ. Ауданда қонатын жап-жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмханалар көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл баласының өмір сүруі үшін әр сәтін күреспен өткізіп жатқан, ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға өте керекті орталық болар еді деп ойлаймын", - деген облыс әкімі Қанат Бозымбаев Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесуде.
Жалпы Жаркенттегі облыс әкімінің резиденциясы 2013 жылы салынған. Бір қабатты ғимараттың көлемі 910 шаршы метр. Жер аумағы - 1 гектар.
Осы орайда айта кетейік, Алматы қаласындағы президенттік резиденция қаңтар көтерілісі кезінде өрттің астында қалып, кіріп-шығуға жарамай қалған еді. Кейін оны президенттің тапсырмасымен ғимарат қиратылып, орнына саябақ салуға тапсырма берілді. Бірақ бұл тапсырманы азаматтық қоғам қолдай қоймайды. Оның орнына балаларға арналған инфрақұрылым салу жайлы ойлар айтылған еді.