Bugin
Бүгін, 14 наурыз күні, Ресейдің Қаржы министрлігі мемлекеттік қарызды шетелдік валютамен өтеудің ережесін бекітті. Бір қарағанда, Ресей қарыз міндеттемесін өтеуге ниетті болғанымен, оны төлеудің "жымысқы", "айлакер" жолын қолданғалы отыр.
Нақтырақ айтсақ, ресей үкіметі құнды қағаздарды сатып алған шетелдік компанияларға қарызды Еуропа мен АҚШ-та бұғатталып қалған елдің алтын-валюта қорының есебінен қайтару туралы құжатқа қол қойды. Ал инвесторлар бұдан бас тартса, онда рубльмен қайтарамыз деп қоқай салды.
РФ Қаржы министрлігінің бұл хабарламасын Интерфакс жазды.
"Ресей Федерациясының еурооблигациялар бойынша мемлекеттік қарыз міндеттемелерін орындау үшін Қаржы министрлігі агент банктерге тиісті эмиссиялық құжаттамада қарастырылған валюталық төлемдер мен мерзімдерді жүзеге асыру үшін төлем өтінімдерін береді. Егер шетелдік корреспондент банк еурооблигациялар бойынша төлем тапсырмасын орындамаса, Қаржы министрлігі еурооблигациялар бойынша төлемдерді Ресей Банкінің төлем күнгі бағамы бойынша рубльмен қайтарылады", - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Ресей Украина жеріне әскери операция бастап, басып кіргеннен кейін АҚШ пен ЕуроОдақ елдері Ресейге қарсы бірнеше санкция салып, РФ Орталық Банкінің шетелдік банктердегі алтын-валюта қорын толықтай бұғаттап тастаған еді. Тіпті, Жапония, Ұлыбритания мен Швейцария да ресейдің алтын қорын құлыптап тастады.
Енді РФ батыс елдерінің әдісін өзіне қарсы қолданып, "шетелдік қарызды қайтарып беруге дайынбыз, бірақ олар біздің бұғатталып қалған есепшоттарымыздан алсын" дегендей сыңай танытып отыр.
Ал РФ президенті В.Путин 6 наурыз күні шетелдік қарызды рубльмен қайтару туралы қаулыға қол қойған еді.