Bugin

Мұнай арзандайды: АҚШ Ресей мұнайына балама тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бразилия үкіметі АҚШ-қа мұнай жеткізуге дайын екенін білдірді. Бұл көлем Ресей шикізатының орнын толтыруға толықтай жетеді. Бұл жайлы AFP басылымы жазды.

Бразилияның Тау-кен өндірісі мен энергетика министрі Бенту Альбукерке америкалық әріптесі Дженнифер Гранхольм сөйлесу барысында бразилия үкіметінің шикізат көлемін арттыруға ниетті екенін айтқан.

"АҚШ-тың энергетика министрі менен "Бразилия мұнай шикізатының көлемін арттыра ала ма?" деп сұрады. Мен "әрине, біз қазірдің өзінде дайынбыз" деп жауап бердім. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттері бірігіп, мұнай өндірісін азайтқан кезде, Бразилия керісінше көбейткен еді. Шикізат көлемін біз үш жыл бойы көбейтіп келе жатырмыз", - деп сендірген Бразилия министрі.

Бразилия елі – мұнай өндіру жағынан әлемде ірі он мемлекеттің бірі. Күніне 3 млн баррель мұнай шығарады.

Айта кетейік, АҚШ президенті Джо Байден өткен аптада Ресейден мұнай сатып алуды толық тоқтатқан еді. Бұл шешім елде бензин бағасының біршама көтерілуіне себеп болды.

Ал бүгін әлемдік мұнай бағасы біршама арзандап, бір баррель мұнай құны 115 доллардан 100 долларға дейін арзандаған еді. Сарапшылар мұны АҚШ билігінің Ресей мұнайының орнына басқа жақтан арзан мұнай сатып алуға келісім алғанымен байланыстырған еді.