Әлем

Қытай неге Ресей бастаған соғысты тоқтатуға тырыспады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытай неге Ресей көрші елге басып кірерін біле тұра тоқтатуға тырыспады? Арқадан қаққандай желеу бергеніне не себеп? Қазір жағдай ушығып бара жатыр, бірақ сонда да Қытай қимылдамай отыр. Бұл неден?

Ендеше осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.

Неге тоқтатпады?

Қытай билігі Путиннің Украинаға басып кіретінін күні бұрын білгенге ұқсайды. Мұны Батыс БАҚ-тары жарыса жазды. Мәселен, CNN-ге пікір білдірген АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан "Қытай үкіметі Ресейдің Украинаға басып кіретінін білді әрі мұны ақылдасқан да болуы керек. Алайда Путин Бейжіңге шамалы өтіріп айтып жіберсе керек. Яғни, көрші елді шұғыл, жылдам басып аламын деген сыңайлы. Бейжің соған сеніп қалды" деп пікір білдіреді.

Сондай-ақ, Bloomberg "Путиннің Бейжің қысқа Олимпиадасына Қытайға баруының себебі де осы – Си Цзиньпинді құлақтандыру, бір жағынан разылығын алу-тұғын" деген сыңайда пікір білдірді.

Ал Джордж Сорос осы тақырып бойынша арнайы колонка жазып, "Қытай соғыстың басталарын білді әрі одан өзінің пайдасын да көрді. Бірақ Путинге сеніп қалды, соғыс тез бітеді деп сенді. Алайда әскери іс-қимыл созылып кеткендіктен, Украина тарапына шығудың амалдарын жасай бастады" деп пікір білдірген еді.

Бірақ бұл пікірлердің барлығын Қытай үкіметі теріске шығарды. Әрі Батыс БАҚ-тарынан Қытайдың ресми көзқарасы мен ұстанымын бұрмаламауын өтінді.

Қазір неге тоқтатпайды?

Ал жағдай ушығып, Еуропа төрінде алапат соғыс болып жатқан тұста неге Қытай екіұдай пікірде қалды, Ресейді сынап неге тоқтатуға тырыспайды деген сауал тағы туады.

Бұған Мәскеудегі Карнеги қорының қытайтанушысы Леонид Ковачич былай деп уәж айтады.

"Қытай Ресейдің барынша әлсірегенін күтіп отыр. Яғни, АҚШ-пен жауласа беріп, оның да ырқына көнуден шаршағандықтан, экономикалық жағынан қандай да бір артықшылық алу үшін Ресейді өзіне байлап алмақшы. Украинаға қатысты біржақты пікір білдірмеуінің себебі осында. Қытай түптің-түбінде Ресейді тоқтатуға ұмтылары сөзсіз. Қашан десеңіз... Ресейдің экономикалық жағынан түбегейлі қақпанына түсірген кезде...", - деп пікір білдіреді Ковачич.

"Украина Қытай үшін әлем картасында тұрған нүкте ғана. Қазір соғыстың Қытайға Еуропамен сауда жүргізуіне шамалы кедергі жасап тұрғаны рас. Бұл мәселені шындап шешуге кірісері анық. Ресейдің табиғи қазба байлықтарына қолы жеткенде бірақ", - деп түсіндіреді халықаралық сарапшы Игорь Тышкевич.

Аздаған цифр

Қытайдың негізгі сауда серіктері Ресей емес, ЕуроОдақ пен АҚШ. 2020 жылғы мәліметтер бойынша, Қытай мен Еуропа елдері арасында сауда-саттық $586 млрд соманы құраса, АҚШ-мен $556 млрд қаражатқа сауда жасаған. Ал Ресеймен $140 млрд сомада ғана сауда жүргізген.