Weekend
Қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіпте қажеттіліктеріне байланысты қалыптасып кеткен өлшем бірліктері бар. Байырғы қазақ өлшемдерін қазірде біреу білсе, біреу білмейді
Ол негізінде ұлттың мәдениеті мен тарихынан сыр шертеді.«Халық айтса – қалт айтпайды» дегендей, халық өлшемі-анық өлшем десек, қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып, сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Халық өлшемдерінің негізгі түрлері мыналар: салмақ өлшемі, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері.
XYIII ғасырда Әз Тәуке хан басшылығмен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заңы шығын және құн мөлшерін белгіледі. Дау-жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы, ет адам құны - 100 жылқы. Егер біреудің белін сындырса, толық адам құнын төлейді. Адамның бір көзін шығарса, оның жарты құнын төлейді. Ұрыс төбелесте бас бармақ сынса – 100 қой, шынашақ сынса-20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе төлеген. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген. Бұл мөлшердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды. Саудада әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын күміс сияқты құнды металдарды қолданған. Айырбас сауда да әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені құлынды биеге, биені бұзаулы сиырға, сиырды тай, құнанға, тайды 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп, мал, бұйым саудасында да әр заттың лайық, кесімді өлшемдері болған.
Сонымен қатар, адамның жас мөлшерінде белгілі бір атаумен атаған екен. Мысалы, 70 жасты «қос алақан» киелі жас, 9 ай кішімін дегенді «жөргек жас кішімен» немесе 3 ай кішімін дегенді «ит аунаған жас» деп атаған. 53 жасты «науша», бір жас үлкендігін «жөргек жас үлкенмін» десе, 40 күн үлкендігін «ит көйлек», тура 12 ай үлкендігін «бота құрсақ» деген атаулармен айтылған. Аптаның жеті күнінде халқымыз ырымдап сол күнге сай өз наным- сенімдерімен атаған. Дүйсенбі күні – қанағат астамшылыққа барма, сейсенбіні аманат ауыр күн деп, сәтті күн сәрсенбіде – қан қуалар нәпсіңді тый, бейсенбі – тілеулес тілеуің қабыл, жұма – бағыт жолыңды түзуле деп жөн сілтесе, сенбі – Тәубә Арат – ынтымақ сұра, жексенбі – көн қатса қалпына келер деп жорыған екен.
Қорыта айтқанда,қанша ғасырлар өтсе де бұл танымдық дүниелер атадан балаға мұра болып, тілдегі сөздер мен тіркестер арқылы бізге жетіп, халқымыздың өз заманындағы ойлау жүйесі мен дүниетанымынан мәлімет береді. Қазір қолданыстан мүлдем шығып кеткен осындай байырғы өлшем бірліктерді ауыз екі сөйлеуде қолданылуы керек деп ойлаймын.