Редактор бағаны

Мен жастарға сенемін

Тілімізді жаңғырту деген не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отыз елдің қатарына ену... Бүгінде алға жылжу үшін басты мақсатқа айналған бұл арманға жету үшін ұлттық санамызды дамыту қолға алынып отыр. Ұлттық сананы дамыту екі бағыттан тұрады: бірі - ұлттық кодымызды жаңғырту болса, екіншісі - тілімізді жаңғырту. Қазақтың бар болмысы ұлттық код болып есептелетінін ескерсек, салт- дәстүрлеріміз бен тарихымызды, әдебиетімізді қайта тірілтуге күш жұмсайтын болсақ кодымыздың жаңғыруына алып келері сөзсіз. Ал тілімізді жаңғырту деген не? Одан қандай пайда бар?

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деп айтып кеткен екен ағартушы- педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі, орыс тілі- ресми тілдеп жүріп, орыс тілінің күнделікті өмірімізге қалай еніп кеткенін байқамай да қалғанымыз рас. Қазақ тілін дамыту мақсатында латын қарпі енгізілгенде халықтың екі түрлі көзқарасын байқадық. Латын қарпін бізге жат көретіндей еш хақымыз жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек бұл қаріп бізге таңсық дүние емес.Жиырмасыншы ғасырда ел басына күн туып, тіл мәселесі шиеленісіп, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлаған тұста елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жазған Ахаң мен Әлихандар қолданған әліпби де осы - латын қарпі болды емес пе? Сол қысылтаң шақтағы мақалалар латынша жазылса да, қазақша дыбысталып жүріп- ақ жоғалып кету қаупінің аузында тұрған халықтың санасындағы патриоттылықты өшірмей тұрды. Бүкiл саналы өмiрiн қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тiлi ғылымын дамытқан Ахмет Байтұрсынұлының жасап кеткен әліпбиі қазіргі халқымыздың басына сор болып жабысып, шешімін енді тауып келе жатқан тіл мәселесін жиырмасыншы ғасырда- ақ дұрыс жолға салып кеткендігін бүгінде ғылым мойындап отыр. Бүгіндедүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшудің жастар үшін қандай ұтымды тұстары бар?

Әлем- ашық түрде дамып жатыр. Уақыт екпініне ілесіп, ақпарат жалына жармасқан күйі артына қарар емес. Дамушы мемлекет ретінде жастарымыздың дамыған елдердің жастарымен тең құқылы, әрі түскен сайыстарында оза шаба алатындай дәрежеге көтерілуіне латын қарпінде жаза білудің және сауатты болудың тигізер пайдасы көп. Озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі болып табылып отырған қаріп жастарымыз бен мектеп жасындағы жас өспірімдеріміздің өзі арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеруіне себепші болады. Себебі, жиырма бірінші ғасыр жаңа технологиялар ғасыры. Ол дегеніңіз таяу жылдарда әлемді мойындатып жатқан роботтар мен біз тілін түсіне бермейтін техникалар да Қазақстанға жетеді деген сөз. Тіпті, Елбасымыз өзінің мақаласында алдағы он жылдықта көптеген мамандықтардың жойылып кететінін ескертіп, сол жағдайға қарай позициясы мен кәсібін жылдам өзгерте алатын жастар қалыптастыру керектігін атап кетті.

Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты. Сұранысқа ие маман болу үшін де өз салаңның жілігін шағып, майын ішуің керек емес пе?

Шет елде жүрген қандастарымыз латын қарпіне көшірілген рухани байлықтарымызды оқып, ұлы мен қызына қазақи тәлім- тәрбие беріп отырса нұр үстіне нұр болмақ. 1 сыныптан бастап үйретіліп, баларымыздың орыс, қазақ, ағылшын әріптерін шатасуына алып келіп жатқан жаһандануға қарсы тұрып, бәсекелестіре алатын ағылшын тілін үйрену мәселесін де жеңілдетеді. Қазақ жастары латын қарпінде жазуды қолға қолға алды, енді ағылшын тілінде еркін сөйлеу мен оқуды дамытса, әлем жастарымен тіл табысып, кез- келген ақпаратты түп нұсқасында оқуға мүмкіндік ала алады.

Қорыта келгенде, латын негізді қазақ жазуы - қазақтың мемлекет құрушы ұлт екендігін сездіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін, мемлекеттік мүддені қорғауға мүмкіндік беретін басты құрал. Еліміздің болашағы - жастардың қолында. Жиырмасыншы ғасырда халықтың он пайызы ғана сауатты болып тұрғанда Мағжан ақын "Мен жастарға сенемін" деп ұран салғанда, жиырма бірінші ғасырдың толықтай дерлік сауатты жастарына сенбеу әбестік болар.