Bugin

Украина дағдарысы Қазақстандағы инфобизнеске қалай әсер етпек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресейде әлеуметтік желілердің бұғатталуы инфобизнес саласына қаншалықты әсер етеді? Ресей инфобизнесмендерінің аудиториясының бір бөлігі боп табылатын Қазақстандағы  орыс тілді аудиторияның ендігі әрекеті қандай болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде ресейлік және отандық мамандардың пікіріне тоқталып көрелік.

Украина мен Ресей арасындағы жағдайға шолу

24 ақпанда басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бүкіл әлем назарын аударды. Екі ел арасындағы күрделі жағдай 2014 жылы сәуірде Донецк және Луганск облыстарынан бастау алған. Мәселені біржақты етуге екі елдің бітімге келуі туралы жасалған Минск келісімі де себепші бола алмады. Оған қарамастан кейбір аймақтарда қақтығыстар жалғаса берді. Әскери қимылдар барысында 2014-2015 жылдары Украина тарапынан 15 мың адам қаза болған деген деректер бар.

Қақтығыстың жаңа қарқыны 22 ақпанда Владимир Путин Донецк және Луганск халық республикаларының дербестігін мойындауынан басталды. 24 ақпанда сағат таңғы бесте Ресей Украинаға әскери қимыл бастады. Владимир Путин мұны соғыс емес, арнайы әскери операция деп атады.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің пікірінше, қазір бір елмен екінші ел соғысса да басқаларға әсері болмайтын ХVII ғасыр емес, кішігірім Суэц каналы жабылып қалғанда әлем құбылып кеткен ХХІ ғасыр. Ал дәл қазір, Еуразияның қақ ортасында 140 млн халқы бар Ресей мен 40 млн халқы бар Украина соғысып жатыр. 180 млн халық тікелей соғысқа қатысы бар деген сөз. Бұл – тараптарды жақтаушы және даттаушы өзге саяси ойыншыларды қоспағандағы цифр. Қазір қауіпті кезең, қауіпті уақыт, қауіпті ойын сәті.

Шын мәнінде де дәл қазір әлемде болып жатқан қауіпті кезең барлық салаға өзінің кері әсерін тигізіп жатыр. Соның ішінде инфобизнес, әлеуметтік желінің бұғатталуы туралы әлем жарыса жазуда. Әлеуметтік желілер әлемі біздің көз алдымызда өзгеріп жатыр. Ресейде әлеуметтік желілердің бұғатталуы инфобизнес саласына қаншалықты әсер етеді? Ресей инфобизнесмендерінің аудиториясының бір бөлігі боп табылатын Қазақстандағы  орыс тілді аудиторияның ендігі әрекеті қандай болмақ? Осы сұрақтар төңірегінде ресейлік және отандық мамандардың пікіріне тоқталып көрелік.

Инфобизнестегі өзгеріс пен бұғаттау

Ең алдымен соңғы жылдары елімізде кеңінен сұранысқа ие болған терминнің не екенін біліп алайық. Инфобизнес – информациялық монетизация. Қарапайым тілмен айтқанда, қандай да бір саланың эксперті әлеуметтік желі арқылы тәжірибесімен бөлісіп, білетін бар ақпаратын ақшаға сатады. Ақпаратты оқырманға курс, кітап, аудио не бейнесабақтар сияқты түрлі форматта ұсынады.

Инфобизнес өкілдері үшін ең қолайлы платформа – Instagram. Қазіргі уақытта ол шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың клиенттерді тарту, сату көлемін ұлғайту мақсатында жарнамалау үшін кеңінен қолданылады. Бұл бизнес үшін маңызды фактор, сондықтан бұл жарнамалық тетіктерді ешкім жоғалтқысы келмейді. Ресейлік мамандардың өкінішіне орай олар бұл мүмкіндікті жоғалтып алды. 14 наурызда Ресейде Instagram әлеуметтік желісі бұғатталды.

Forbes зерттеуіне сәйкес, Ресейде Instagram-ды бұғаттау нәтижесінде әлеуметтік желі қолданушыларының 67%-ы кірісін жоғалтады. 55 000-нан астам адам қатысқан сауалнама нәтижесіне сәйкес, әлеуметтік желіде жарнама арқылы табыс табатын блогерлер ғана емес, респонденттердің 8%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтыған пайдаланушылар немесе жеке кәсіпкерле – репетиторлар, заңгерлер, фотографтар және басқалар (35,5%) табысынан айырылады. Сондай-ақ, клиенттерді тек Instagram (25%), шағын бизнес өкілдері (18%) және блогерлер (13,5%) арқылы тартқан кәсіпорындар зардап шегеді. 

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 63,3%-ы үшін Instagram жалғыз табыс көзі болып табылады.

  Ресей мамандары не дейді?

Рунеттегі танымал интернет-маркетолог Дмитрий Румянцевті бұл жағдай айтарлықтай уайымдатып отырған жоқ. Айтуынша әлеуметтік желілерде жаһандық деңгейде ештеңе өзгерген жоқ. Жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар: ол – басқа платформаларға ауысу. Маманның пікірінше, ВКонтакте – керемет сайт, әсіресе бизнес физикалық тауарлар мен қызметтерді сатуға ыңғайлы платформа. ВК-да мұндай бизнесті дамыту үшін Instagram-ға қарағанда әлдеқайда көп мүмкіндік бар. Сонымен бірге Телеграм қазір үлкен трафик алып, жылдам қарқынмен өсіп барады. Сондай-ақ, Яндекс қосымшалары бар, ол арқылы да тиімді бизнес жарнама жасауға болады дейді.

«Егер батыстың негізгі әлеуметтік желілері бұғатталса, барлық SMM мамандары қайта даярланады және Телеграмда, ВК және Тиктокта жұмыс істеуге ауысады. Олар курстардан өтеді. Бұдан қорқатын дәнеме жоқ. Жаңаша жұмыс жасауға көшеді. Тағы да қайталаймын. ВК – Фейсбук пен Instagram-ға қарағанда бизнес үшін әлдеқайда ыңғайлы платформа», - деп өз өнімдеріне сенімі мол екенін жеткізді Дмитрий Румянцев.

Таргетолог Юрий Брильков алдағы уақытта нарықта орын алуы мүмкін өзгерістерді болжап көруге тырысты:

Біріншіден, Фейсбук пен Instagram-нан көшіп келгендер белсенді түрде жаңа алаңдарды игере бастайды. Көптеген компаниялардың, брендтердің, мамандардың ВК-да қауымдастықтары бар, бірақ белсенділік жоқ.

Екіншіден, Ресей нарығынан кеткен брендтерді алмастыратын жаңа ресейлік қызметтер пайда болады. Олар мақсатты жарнама арқылы алға жылжи алады. Мақсатты жарнама нарығында бюджеттің шамамен 70%-ы ірі брендтердің үлесіне тиесілі. Олардың қайсысы Ресейде қалатынына мән беру керек. Бұдан жеке мамандар емес, жарнамамен айналысатын агенттіктер көп зардап шегеді. Себебі жеке фрилансер мамандар негізінен шағын және орта бизнеспен жұмыс істейді.

Үшіншіден, нарықтағы жағдай нашарлайды. Өйткені бәсекелестік көбірек болады, ал ақша мен жобалар біраз уақытқа азаяды. Сондықтан бейімделуге тура келеді. Сонымен қатар, бизнестің тұрақтылығына қарап, таргет жарнаманы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз мерзімге жарты жылға емес, 2 айға жоспарлауды ұсынамын.

Ресей мамандары сәуірден бастап Instagram-ның ресейлік аналогы Россграм қосымшасын нарыққа шығармақ. Россграмда пайдаланушылар үшін қосымша монетизация құралдары болады. Сондай-ақ краудфандинг, ақылы контент сияқты функцияларды қосады.

Демек, ресейлік инфобизнес мамандары өздерінен шыққан отандық өнімдерге бейімделіп, жұмысын сол платформаларда жалғастыруды көздеп отыр. Олар үшін бір сәтте қызметінің бағытын басқа бағытқа бұрып, жоспарларын қайта құру оңай болмасы анық. Бұл ақпарат заманында үнемі жаңа дүниелерге бейімделуге дайын болу керектігінін тағы бір мысалы болды.

Қазақстандағы инфобизнеске төнетін қауіп бар ма?

Желіде ресейлік мамандар біздің нарыққа келеді деген әңгіме таралып кетті. Бұл туралы инфопродюсер, тайм-менеджмент бағытындағы курстардың авторы Назым Исмаханбет парақшасында өз ойын былай білдірді:

«Инстаграмнан ресейлік мамандар кететіндіктен қазақтарға мүмкіндік көбейеді. Орыстілді мамандар мен кәсіпкерлер біздің нарыққа келеді деген – орынсыз триггер. Біздің мақсатты аудитория – қазақтілді. Олар қазақ тілін үйреніп инфоөнімін сатпаса, біздің нарыққа кіруі екіталай. Ал орыстілді аудитория бұрыннан орыстілді мамандардан курс алып жүр. Қауіп тек орыстілді мамандар қызметін арзанға сатып, біздің мамандарды артта қалдыруы мүмкін. Бір бизнес сені орыстарға қарағанда арзан болғаны үшін жалдап жүрген. Енді сенен әлдеқайда тәжірибесі көбірек әрі сапалы қызмет көрсетуге дайын ресейлік маман тура сенің бағаңа өз қызметің ұсынса ойландыратын мәселе. Ал басқа платформаларға көшуге келер болсақ, әңгіме маманда емес, «аудитория ВК, Телеграм платформаларға жазыла ма?» деген сұрақ төңірегінде болады», - дейді инфобизнес өкілі. 

Қазақстанда инфобизнес саласы қарқынды дамып барады. Нарықта қазақтілді аудитория үшін де, орыстілді және алыс-жақын шетел аудиториясын қамтып отырған сапалы курстар көбейді. Қазақстандық аудиторияның ерекшелігі мен менталитетін зерттей отыра жасалған инфоөнімдермен қамтамасыз етуге отандық инфобизнес мамандарының мүмкіндігі жетеді деп айтуға толықтай негіз бар.

Көршілес елдегі әлеуметтік желінің бұғатталуынан бөлек, инфобизнесмендер ойланатын басқа мәселелер өзімізде де бар. Кітап дүкендерінің іскерлік әдебиет кітаптары тұратын сөресі шетел авторларының туындыларына толып тұр. Қазақ тілінде Қуаныш Шонбайдың қос кітабы «Екінші болма» мен «Құпия» кітаптарынан басқа өнімдерді табу қиын. Қызметкерлердің айтуынша, жарыққа шыққанына бірнеше жыл болса да бұл кітаптар үнемі сұраныста. Қуантатын жайт – енді іскерлік әдебиеттің әлемдік бестселлер кітаптарын қазақ тілінде оқи аламыз. «Мазмұндама» қоғамдық қорының бастамасымен аударылған кітаптар қазақша кітаптар сөресін толтырып тұр. 

Қорыта келгенде, инфобизнес нарығында үлкен өзгерістер орын алуда. Қазақстандық инфобизнес өкілдері бұл жағдайды бақылап, өзгерістерге дайын болуға тырысып бағуда. Бұған барлық үлкен аудиториясы бар мамандардың Инстаграм арқылы оқырмандарын Телеграм арналарына шақырып, сол платформада да жаппай контент жүргізіп жатқаны дәлел. Инфобизнес өкілдері оқырмандарына айтатындай, бастағы білім мен тәжірибені ешкім тартып алмайды. Дәл солай инфобизнес саласында нақты сол саланың эксперті болып, алған білімді пайдаға жаратқан болса, білімді маманның нарықтағы орнын ешкім де тартып алмайды.

Айым Еркінбекқызы