Соңғы уақытта «төртінші билік» өкілі саналатын журналистер қауымын оқу орнының қабырғасында 2 жыл ғана білім алуы керек деген ұсыныстарды жиі естіп жүрміз. Оның үстіне бұл мәселе бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Осыдан бір жыл бұрын «Медиа Альянс» қоғамдық ұйымы құрылтайшыларының бірі Арман Шораев тілшілерді әзірлейтін оқу орындарын қатаң сынға алып, Қазақ ұлттық университетінен басқасының бәріндегі журналистика факультеттерін жабу керектігін айтқаны бар еді.
Көк сандықтан кейінгі уақытта түрлі факторлардың, бәлкім заман талабының әсерінен өзге кәсіптің мамандарын жиі көретін болдық.
Жалпы тілшілік тіршілікке қалай енуге болады? Оқу орындарының қабырғасында төрт жылды шығындамай, салалық пәндерді оқып, оқу мерзімін азайту керек деген ұсынысты өз басым қолдаймын. Өйткені журналисттің білікті болуы алған біліміне емес, көргеніне, біліп-түйгеніне байланысты деп ойлаймын. Он жыл бұрын елімізге онлайн медиа келгенде журналистерге деген сұраныс күрт артып, қандай да шараға барып, жаңалық әзірлей алатынның бәрі тілші атану мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне қоғам өмірі күрделеніп, салалық тақырыптар тереңдей түсті де, классикалық журналистика мектебінің өкілдері ол мәселелерді қажетті деңгейде қамтуға әрдайым дайын бола бермей, сол саланың мамандарын тілшілікке бейімдеу қажеттігі туды. Өзге саладан келгендер БАҚ-та жап-жақсы карьера жасап, жаңа кәсіптегі сенімділігі артқан соң, «журналистиканы арнайы оқытудың қажеттілігі жоқ» деген пікірлер пайда бола бастады.Ал егер әрбір мамандық иесі оп-оңай тілші бола алады десек, бұл еліміздегі журналистиканың төмен деңгейін не болмаса біздің журналистика туралы түсінігіміздің дұрыс еместігін білдірсе керек.
Мектеп қабырғасында өтетін пәндерді университетте қайта оқу уақытымызды шығындайды. Шетелде жағдай қалай?
Әлемдік деңгейде журналистика мектептері әлі дүркіреп тұр және оларға оқуға түсудің талаптары өзге мамандықтарға қарағанда өте жоғары. АҚШ-тағы журналистика мектептерінің оқытушылық құрамын қарайтын болсаңыз, профессорларының көпшілігі New York Times, Washington Post секілді газеттерге тұрақты мақала жазып, редактор жұмысын қатар алып жүреді. Олардың қатарында әлемге әйгілі Пулицер премиясын жеңіп алғандар да аз емес. Яғни өзге саланы қосымша оқып алып, ол туралы хабардар дегім келеді.
Нағыз журналист елде және жаһанда болып жатқан оқиғаларды оқырман мен көрерменге мәселенің мәнін ашып, халыққа мәлім де беймәлім өзекті тақырыптарды көтереді. Ондай мамандар сөз бостандығы мен журналистік этиканың ара салмағын, журналистика жанрларын, ақпараттың рас-өтірігін тексеру жолдарын біліп, мазмұнды әрі ұғынықты мәтін жаза алуы қажет.Осының бәрін меңгеріп, журналистиканы концептуалды деңгейде оқыған адам ғана журналистиканы дамыта алады. Ал өзге саладан келген мамандардың көбі шаблоннан шыға алмай, журналистикаға төнген заманауи қауіп-қатерлерді жоя алмай, саланы дамытуға қауқарсыз келеді.
Сөзімді қорытындылай келе журналистика мамандығын қанша уақыт оқығанымыз емес, сол уақыт аралығында нені тоқи алғанымыз маңызды деп ойлаймын.