Bugin
Ресей арнайы "әскери операция бастаймын" деп Украинаға басып кіргеннен бері Қытаймен арадағы қарым-қатынасы нашарлап кетті. Нақтырақ айтсақ, "Ресей мен Қытай – дос елдер" деп жүргеніміз бос сөз боп шықты. Осынау қиын-қыстау заманда Қытай дос көршісіне көмектесудің орнына, оның қиналғанын пайдаланып табыс табуға көшті. Ал көмектесуге Батыстан жүрексінеді. Санкцияда қалудан қорқып отыр. Осылай деп жазды Eurasianet басылымы.
Басылымның жазуынша, соғыс басталғаннан бері Қытай көршісі – Ресейден аяқ тарта бастады. Қытай Кремль үшін тәуекелге бел байлағысы келмейді. Көршісіне "көмектесемін деп санкцияға ұшыраймын ба" деп қорқып отыр. Сондықтан болса керек, Bloomberg-тің жазуына қарағанда, Қытай Вашингтон билігінен "Ресейге салған санкциялардың нақты мән-жайын сұрап", батыстың санкциясына тап болмаудың жолдарын қарастырып жатыр.
"Бір жағынан, Қытай мән-жайды анықтап алып, Ресейден шикізат сатып алудың құйтырқы жолдарын да қарастырып жатуы мүмкін. Алайда олай деуге тағы келмейді. Өйткені Қытай Ресейдің газ-мұнайын өте арзан бағамен сатып алып жатыр. 2014 жылы да Ресейге санкция салынған кезде, көршісін қысқанның үстіне қысып, газ-мұнайыңды арзанға аламыз деген еді. Бұл жолы да сөйтті. Қытай энергетикалық шикізатты арзанға алып отырғанмен, көлемін арттырған жоқ. Яғни, көп сатып алудан қашып отыр. Өйткені санкцияға тап болғысы келмейді", - деп түсіндіреді Bloomberg-ге түсініктеме берген АҚШ шенеунігі.
Wood Mackenzie компаниясының статистикаларына сүйенсек, Ресейдің еуропаға сатқан мұнайының құны $1000-$2000 шамасында болса, Қытай оны қазір $150 сатып алып жатыр. Тіпті, өзі инвестиция құйған Орталық Азия елдерінен бұдан қымбатқа – $166-$210 шамасында сатып алуда.
Қытай мен Ресей арасындағы сауда-саттықтың 3/2 бөлігін дәл осы мұнай мен мұнай өнімдері құрайды екен. Егер бұл шикізаттың саудасы азайса, онда екі елдің экономикалық қатынастары да төмендейді деген сөз.
Одан бөлек, Украинадағы соғыс басталғаннан бері Қытайдың капитализация біршама түсіп кеткен.
"Соғысқа дейін Қытайға құйылған капиталда есеп болмады. Қытайда бұрын-соңды болған емес. Ал қазір... Қытайдан активтері мен капиталын әкетушілер көбейді. Украинадағы жағдай Қытайдың бетін ашып бергендей болды", - дейді Халықаралық қаржы институтының бас экономисі Робин Брукс.
Сондықтан дәл қазір Қытайға екі бірдей қысым түсіп отыр: Бірі – Ресейге көмектесемін деп санкцияға тап болуы мүмкін, екіншісі – капиталдан айырылып, экономикасына қиындық келуі мүмкін.
Қытайдың бейтараптығы – Ресейге пайдалы
АҚШ басылымдары РФ президенті В.Путиннің Қытайдан көмек сұрады деп талай рет жазды. Өз кезегінде Ресей билігі болса, ондай болған жоқ деп ақпаратты теріске шығарды. Десе де, егер екі ел асылында дос болғанда, бір-бірінен көмек сұрамай-ақ көмектесер еді. Путин көмек сұрады дегеннің өзінде Қытай көмек бермей отыр.
Кремль билігі Бейжіңнің қайыр болмайтынын түсінген сияқты. Алайда Қытайдың көмек бермей қойғанын Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тары "достық нейтралитет" деп насихаттап жатыр. Яғни, "Қытай батыс елдерімен бірігіп санкцияға қосылмады", бұл оның достыққа адалдығы деп үгіттеуде. Ал Ресейге көмектеспей қойғанын айтпайды.