Экономика
Жүргізушісіз көліктің пайда болатыны секілді роботтың да өндіріске еніп, қоғамға қызмет етіп жатқанына жұмыр басты пенденің көзі үйренуде. Бұл бас-аяғы 10-20 жыл ішінде жаһанданудың лебімен келіп жатыр. Әрине, қазір ІТ саласына бас қатырып жүргендердің дені "келешекте қандай мамандықтар болады?", дәстүрлі мамандықтар түбірімен жойылып кете ме?" деген сауалдарға шама-шарқынша зерттеу жүргізіп, болашақты ба-рынша болжап жүр. Ал, том-том кітап арқалап жүрген ғалымдар "жаңа технологияның ғаламаты арқылы мамандықтар әлемінің жаңа дәуірі бас-талады" деген байламға келіп отыр. Алысқа қарайлап, зерттеуге зер салсаңыз, өзіңіз де мамандықтардың уақыт ағымына сай ескіріп, адамзат ойлап көрмеген жаңа мамандықтардың қоғамға еніп жатқанына бой үйрететін уақыттың жақындап қалғанын сезесіз. Ендеше, келешектің мамандықтары қандай?
Әлбетте, таяу уақытта мамандық өзгереді деген сөз құр айтылғандай көрінуі мүмкін. Дегенмен шет елдің сарапшылары "2030 жылға дейін қазіргі еңбек етіп жүрген мамандықтардың жойылып, орнын жаңа мамандықтар басады" дегенге сендіріп отыр. Біз де бұл тақырып аясында зерттеу жүргіздік. Байқағанымыз, Қазақ-станда жаңа мамандықтар жайында жан-жақты ақпараттар жоқ, бар болғаны білім саласындағы білікті мамандарының сұхбаттарында ішінара айтылып жүр. Дегенмен бұл келешекке алаңдайтын, жаһанданудың игілігін көретін өскелең ұрпақ үшін әлі де жауабы жоқ сұрақтар қалып отыр. Осы себепті де біз 2500 аналитик мамандардың келешекке деген көзқарасынан туған жаңа мамандықтар жайында жазған зерттеу қорытындысын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
БУХГАЛТЕР МЕН ЗАҢГЕРГЕ СҰРАНЫС БОЛМАЙДЫ
Өз саласында талай тақырыпқа зерттеу жүргізген Ресейдің 2500 ғалымдары 2030 жылға дейін 60-қа жуық мамандық қоғамнан шет қалады деп отыр. Тізімнің басында кезінде престиж мамандық саналып келген заңгер мен бухгалтерлер бар. Анығын айтқанда, бүгінгі партада отырған бастауыш сынып оқушылары кітапханашы, нотариус, несие менеджері, маклер, журналист, референт, аудармашы, логист, диспетчер мамандықтарына таңдау жүргізбеуі керек. Бұл келешекте қоғам қажетінен шығып қалатын салалар. Мәселен, несие менеджерін алайық. Қазіргі күні онлайн кредит берудің қарқыны күшейіп жатқанда адам көмегінсіз компьютер арқылы несие рәсімдеуге болады. Демек, банк жағалап, менеджердің қызметін күтіп отыратын уақыттан алыстайтын кез келеді. Ал, ғалымдар келешекте кітапханашының көмегіне зәру болмайтынын айтады. Себебі 2030 жылға дейін дүниежүзінде барлық кітаптың базалары жасақталып болады. Яғни кез келген адам елді мекенге қарамай онлайн тізім арқылы қажетті кітаптарын электронды алып, пайдалана алады. Нотариустың да қызметтен ажырайтын уақыты жақындап қалыпты. Барлық мәліметтер базасы цифрлы технологияға көшіп жатқанда нотариус қызметіне жүгінудің қажеті шамалы. Ал, әрісі 5 жылда маклер маманының керегі болмай қалады. Үйден шықпай-ақ, түрлі сайттар арқылы үй жалдап, уақыт үнемдеп жүргендер қазірден де табылады. Демек, бұл мамандыққа адамзат зәру емес. Журналистің де қоғамға қаншалықты қажеттілігі туралы сарапшылар шетелдің Blomberg агенттігінде тәжірибе жүзінде дәлелдеп көрген екен. Айтуларынша, бүгіннің өзінде дамыған мемлекеттерде өзі мәтін жазып, өзі аударып, өзі репортаж жүргізетін роботтардың шығып жатқанын алға тартады. Демек, жасанды интеллект арқылы 20 жылда журналистің қызметін жасанды интеллект басуы мүмкін. Әрине, бұл әзірге теория мен нарыққа негізделген болжам.
Мұнымен қоса мамандар жұмысшы мамандықтарының ішінен де сұранысқа ие болмай қалатын жұмысшылардың да бар екенін жасырмайды. Олардың қатарында пошташы, курьер, күзетші, шахтер, прораб, тігінші, тазалаушы, даяршылар бар.
Аңдап қарасаңыз, мамандар тізбелеген мамандықтардың 10-15 жылдан кейін қажеттілігі төмендейтініне көзіңіз жетеді. Дегенмен, бұл мамандар қайда қалады деген сұрақ оқырманның ойын арбайды.
Адам еңбегін сонда кімдер басады? Әлбетте, бірінші кезекте роботтар. Өндіріс орындарындағы технологиялық қызметтің 90 пайызын роботтар атқара алады. Ал, технологияның тілін тауып, ебін білгендердің 10 пайызы атқарылған жұмысты бақылап, роботтардың қызметін реттеп отырады.
Екіншісі - жасанды интеллект. Ғылымның ғаламаты арқылы ойын еңбегінде адамдар мен медицинадағы операциялар, дұрыс диагноз қою сынды маңызды қадамдар жасанды интеллект арқылы шешілмек.
3D принтерлер де өндірісте еңбек ететін жұмысшыларды нәпақадан айырады. 3D принтер арқылы киім-кешек, тұрмыстық заттар, жиһаз, автомобиль бөлшектерін жасап шығара алады. Демек, жиһаз құрастырып, киім-кешек тігетін адамдардың жұмыссыз қалуы бек мүмкін.
Жаһанданудың технологияларына көзі жеткен ғалымдар үшін бір айқын дүние бар. Технологиялар шығармашылық адамдардың орнын баса алмайды. Ой әлемін қуалап, тұла бойынан дарыған өнерді компьютер атқара алмайды. Осындайда жан дүниенің өнері бәрінен де биік екеніне көз жетеді.