Bugin
Қаңтар оқиғасына қатысты Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тағы 8 қызметкері ұсталды. Оларға заңсыз тергеу жұмыстарын жүргізді, ұсталған азаматтарға күш көрсетті деген айыппен ұсталып отыр. Бұл жайлы ҚР Бас прокуроры Елдос Қилымжанов айтты.
"Рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолданудың барлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Арнайы прокурорлар ең резонанстық 10 қылмыстық істі өзі тергеп жатыр. Бұл істерге қатысы бар деген күдікпен 9 лауазымды тұлға ұсталды. Оның ішіндеі сегізі – ҰҚК қызметкері, біреуі – полиция қызметкері", - дейді Елдос Қилымжанов.
Прокурорлар бұл жерде ең резонансты іс деп тергеу амалдары шектен шығып, азаматтардың денсаулығына қатты залал келтірген және арты өлімге әкелген жағдайларды айтып отыр.
"Қазір лауазымды тұлғалар қамауда. Олар заң шеңберінде тергеледі", - деп түсіндірді Елдос Қилымжанов.
Айта кетейік, қаңтар оқиғасына қатысты ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрт басшысы ұсталған еді. ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның қос орынбасары Ануар Садықұлов және Дәулет Ерғожин қаңтар оқиғасынан кейін-ақ ұсталса, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіповтің ұсталғаны 23 ақпан күні белгілі болды.