Bugin
Осыдан дәл 30 жыл бұрын, 1992 жылы 5 сәуірде жаңадан тәуелсіздік алған Украинаның алғашқы президенті Леонид Кравчук КСРО-ның Қара теңіз флотын Киев юрисдикциясына көшіру туралы жарлық шығарды. Бірнеше күннен кейін Ресей президенті Борис Ельцин де бұл флот Ресейдікі деп құжат қабылдады. Екі тараптың бірінде флотты толықтай меншіктеу мүмкіндігі болды ма? Кемелерді бөлу керегін олар қалай түсінді? Қай Ресей офицері Украинаға ант беруден бас тартқаны үшін өмірімен қоштасты?
Bugin.kz сайты осы сұрақтарға жауап берген вице-адмирал Петр Святашовтың Lenta.ru ақпараттық порталына берген сұхбатын тәржімалап назарларыңызға ұсынамыз.
Вице-адмирал 1991 жылдың қазан айынан 1992 жылдың желтоқсанына дейін КСРО әскери-теңіз күштерінің 5-ші Жерорта теңізі эскадрасында (әскери бөлімше – ред.) командир болған. Кейін 1992 жылдан 1997 жылға дейін Ресей әскери-теңіз күштерінің Қара теңіз флотында басшылық қызмет атқарған.
- Украина басшылығы 1991 жылы Қара теңіз флотына байланысты қандай позицияны ұстанды?
Святашов: Бұл туралы қандай да бір жақсы нәрсе айтудың мәні жоқ деп ойлаймын. Украина басшылығы өздерін қожайын сезініп, бізді тәжірибе жасайтын қоян деп есептеді. Олар бізді басқыншылар деп атады. Әсіресе, УКСР президенті лауазымына сайланар алдында Кравчук Севастопольге келіп сөз сөйлегенде флотқа байланысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. Алайда оны президент етіп тағайындаған сәтте Ресейге ескертпей, құрамына бүкіл Қара теңіз флоты кіретін Украин Қарулы күштерін құруға жарлық берді. Біз барлық каналдар мен инстанцияларға баяндадық. Тек бірнеше күннен кейін ғана президент Ельциннің Қара теңіз флоты Ресейдікі екені туралы жарлық шығарды. Осыдан кейін флотты екіге бөлу туралы мәселе қозғалып, комиссия құрыла бастады.
- КСРО тарағаннан кейін құрамындағы елдердің жағдайы қандай болды? Украина юрисдикциясына өткісі келетіндердің қатары көп болды ма әлде Ресей басшылығының қол астында қалушылар саны басым болды ма?
- Ең алдымен, Украина территориясынан шақырылғандардың бәрі флот Украинанікі болғанын қалады. Сәйкесінше, Ресей аумағынан әскери қызметке келгендер Мәскеу басшылығының қол астында қалуды жөн санады. Тіпті офицерлер мен мичмандық құрамдағы Украинада туылғандар да ақырындап Украина жағына өте бастады. Тағы бір маңызды мәселе бар. Кравчук пен Ельцин Қара теңіз флоты туралы жарлыққа қол қойғанда КСРО-ның тарауына дейін әскерге шақырушыларды қандай тәртіппен қабылдаса, дәл солай қалады деген ортақ шешімге келген болатын. Демек, Украинадан шақырылғандар украиндік антты, Ресейден шақырылғандар ресейлік антты қабылдау керек болған.
Бұл Киевтің Қара теңіз флотындағы украиндік әскерилердің санын көбейту мақсатында жасаған алғашқы әрекеті еді. Мен мұны айтпай-ақ түсіндім. Штаб бастығы емеспін бе. Олар Ресейден шақырылған әскерге Қырымға келуге кедергі жасады. Мен Бас штабтың бастығы, армия генералы Михаил Колесниковқа Украина осындай тәсілмен флотты басып алғысы келетінін, сол себепті әскерге шақырушылардың басым бөлігі Украинадан болғаны дұрыс емес екенін жеткіздім.
Нәтижесінде, Киевке әлі бөлінбеген Қара теңіз флотына өз аумағынан жіберілген әскерилерді ақшалай қамтамасыз етуге бұйрық берілді. Әрине, Украина бұл шешімге қарсылық білдірді. Біз әр сарбазды қамтамасыз ету үшін тамақтануға, емдеуге, демалысқа жіберуге қанша қаражат кететінін есептедік. Киевке өз әскерилері үшін өздері төлесін деп талап қойдық. Олар бас тартты. Сол кезде біз біржақты тәртіппен Украина аумағынан әскерге шақырушыларды қабылдамау туралы шешім қабылдадық.
- 5 сәуірдегі бүкіл Қара теңіз флотын Киев юрисдикциясына көшіру туралы Кравчуктың жарлығы нені білдірді? Украина шын мәнінде Мәскеу бүкіл флоттан бас тартады деп ойлады ма?
Сол уақытта КСРО Қара теңіз флотына тек Ресей мен Украина ғана емес Грузия да (ол кезде Потида шетелдік офицерлерді дайындау орталығы болған) дәмелі болғанын түсіну керек. Тіпті Молдавияның да ниеті болды. Көбісі флоттың бір бөлігін меншіктеп алуды қалады. Бірақ флоттың көп бөлігі Украина және Қырым территориясында орналасқандықтан Украинаның талабы зор болды.
Атап айтқанда, Очаковта біздің бөлімше орналасты, Николаевте кемелер жөндеуден өтсе, Одессада катерлер мен қосалқы кемелерді қосу жұмысы жүргізілді. Флот негізінен Украина аймағында негізделгендіктен, Киев флот толығымен өз меншігінде болу керек деп шешті. Бұл қару сақтау базалары мен қоймаларға да қатысты болды.
Біз мұнымен келісе алмадық. Біз радиотехникалық құрылғылар мен қару-жарақтарды, байланыс құралдарын әкетуге мәжбүр болдық. Аталғандардың барлығы кеме жасау және жөндеу зауыттарына жеткізілген болатын. Олар біздің госпитальдарда өз әскерилерін емдеп, алайда оған қаражат бөлмегендіктен медициналық мүліктерді де алып тастауға тура келді. Әрине, бұл оларға ұнамады әрі бізге бөгет жасады.
- Неліктен флотты бөлу процесі 5 жылға созылып кетті?
Бұл жерде ойланатын ештеңе жоқ. Украиндықтар басынан бастап Мәскеу бөгет жасамай тұрғанда флотты тезірек өзіне тартып алуды ойлады. Кейін флот жағалау инфрақұрылымы мен әскерімен бірге келетінін және оларды тамақтандыру керегін, жанар-жағармай материалдарымен, қару-жарақпен қамтамасыз ету керегін түсінді. Олардың бұған шамасы жетпеді.
Олар жағдайды бағалап, флотты бөлісу керегін шешкенде, нақты күші жететін бөлікті ғана қамту керек деген тұжырымға келді. Сондықтан олар кеңес дәуірінен бері салынған "Сагаидачный" және тағы басқа кемелерді алды. Уақыт өте келе, олар өздерінің орналасқан жерлері де, дайындалған офицерлері де жоқ екеніне көз жеткізді. Кемені қабылдау – бір бөлек. Бірақ оны қамтамасыз етіп, қызмет көрсету керек қой. Осының барлығын кім жасайды? Дайындықтан өткен мамандар керек. Ал Украинада ондайлар жоқ.
Украиндықтар өздерінің антын және флоттың бұйрығын қабылдауды ұсынды. Алайда офицерлер үшін жағдай қажетті деңгейде жасалмады.
Шын мәнінде, басшылықтағы кейбір офицерлер Украинадан флот қолбасшысы қызметіне бекітуді сұрап, Киевке сұхбаттасуға барып жүрді.
Қара теңіз қолбасшысы Эдуард Балтин бұл қызметке 1992 жылы Ресей президенті Ельцин мен Украина президенті Кравчуктың жарлығы бойынша тағайындалған. Бұл нонсенс! Украина маған басшылық лауазымды ұсынғанда мұны Ресей шешуі керегін айтып, бірден бас тарттым. 1992 жылы мені Ресей Қорғаныс министрінің жарлығымен флот штабының бастығы етіп бекітті. Дәл сол күні Украина бұл шешімге наразылығын білдірді.
Кейін Украина Қорғаныс министрі Морозов біздің сыртқы істер министрі Козыревпен Мәскеуге кездесуге келгенде қазір Америкада тұрып жатқан сатқынның бар екенін айтты. Бұрын Украина флоты мен Ресей арасында ешқандай мәселе жоқ екенін айтқан болатын. Сол кезде мен Морозовқа Киев маған сенімсіздік білдіру арқылы мені бұл қызметке бекіткен Ресей Қорғаныс министрі Павл Грачевқа сенбейтіндерін білдіретінін айттым. Сондай-ақ, антқа опасыздық жасамағанымды және жасамайтынымды айттым. Бұл украиндықтарға ұнамады және менің қызметім барысында екі рет «нон грат адамы» деп жариялады. Бірінші рет олар басып алғысы келген қару-жарақты, кейін Қара теңіз флотының мұрағатын шығарғаным үшін.
Бұл үлкен бір операция болды. Мен құпия түрде мұрағатты шығарып оны Кронштадтан курсанттармен келген «Хасан» оқу кемесімен Ресейге жіберу туралы шешім қабылдадым. Мұрағат материалдарының салмағы 25 тонна болатын. Севастопольдегі татар мешіті мұрағат материалдарына толып тұрды. Біз бір түннің ішінде барлығын теңіз чемодандарына толтырып, 3 КамАзбен сыртқа шығардық Барлығын тиеп болғаннан кейін «Хасан» капитанына теңізге шығуға бұйрық бердім. Ал украиндықтар мұны байқамай да қалды. Оған Кравчук пен сол кезде Қорғаныс министрі болған Радецкий есеп беру, түсіну, шаралар қабылдау деген шифр жіберді. Кеңес Одағының батыры, флот қолбасшысы Балтин бұл операция туралы білді және Радецкий мен Кравчукқа мұрағаттың орын ауыстырғанын өзім жеткізуім керек екенін айтты. Мен мұрғат Қара теңіз флотының қолбасшылық жоспарына сәйкес көшірілгендігін баяндадым. Барлығы операция туралы білгеннен кейін мені «нон-грат адамы» деп жариялап, 24 сағат ішінде Украина аумағына жіберу керек деп шешті. Бірақ мен әрі қарай қызметімді жалғастыра бердім.
- Сіз украиндықтар офицерлерді ант қабылдауға күштегені туралы айтып өттіңіз. Мысал келтіре аласыз ба?
Бұл оқиғалардың арасында өлімге жеткізгендері де болды. Қара теңіз флотының бірінші дәрежелі капитаны, баспасөз қызметінің басшысы Андрей Лазебников Севастопольде оққа ұшты. Оқиға таңертеңгі сағат 7-де, ол жүгіруге шыққан кезде болған. Бұтаның арасынан атылған оқ мойнына, ұйқы артериясына тиген. Үйіне дейін сүйретіліп, қансырап жетіп, аман қалды.
Үшінші дәрежелі капитан, радиозауыт бастығы Юрченко Украина антын қабылдаудан бас тартқаны үшін шыбықпен өлгенше сабаған. Тағы бір әскери қызметкерді, капитан Ивановты дәретханада пышақтап тастаған.
Украина тарапынан тек флотты бөлу барысында ғана емес, процесс аяқталғаннан кейін де қысым көрсетілді. Олар тіпті флотты қолдаған ардагерлердің де соңына түсті. Қырымның Раздольненский ауданында әкімшілік басшысы Рябика Леонид Георгиевичті таңертең жұмысқа жаяу бара жатқан жерінен атқан. Бұл 1996 жылы болған. Осыдан кейін маған Кеңестік еңбек ері, Ұлы Отан соғысында Қара теңіз флотында катерші болған Гаврилов Александр Григорьевич хабарласты. Біз оларды үнемі Жеңіс күні, Әскери-теңіз флоты күндерінде қонаққа шақыратын едік. 23 желтоқсанда Гаврилов Рябиканың өлтірілгені туралы айтты. Украин басшылығы оны оркестрмен жерлеуге қарсы екенін жеткізіп, көмек сұрады. Мен екі КамАз көлігімен оркестр және қаруланған взводты жібердім. Нәтижесінде оны батыр ретінде тиісті құрметпен жерледі. Міне украиндықтардың флот офицерлері мен Қырым аумағында флотты қолдаған адамдарға қарым-қатынасы осындай болды.
- 1991 жылдан 1997 жылға дейінгі аралықта Қара теңіз флотында орын алған жағдайлар флоттың өліміне алып келді дейді. Шын мәнінде солай ма?
Біріншіден, флот келіссөзіне Ресей мен Украина Сыртқы істер министрлігі, Бас штаб өкілдері, сондай-ақ Қара теңіз флотының өкілдері қатысты. Барлық процесстер мен сұрақтар талқыланып, сол арқылы шешімдер қабылданды.
Әскери бөлімдер арасында украин тілінде кішігірім хабарламалар таратуға әрекеттер жасалған. Хабарламада командирдің аты-жөні, лауазымы мен мынадай мәтіндегі ескерту жазылды: «Бөлімдеріңіз біздің мамандардың бақылауында. Егер Украина заңдарын бұзсаңыздар, қатаң шаралар қолданамыз». Қорғаныс министрінің қатысуымен өткізілген келіссөзде Грачевке бөлім командирлерінен жиналған осындай хабарламаларды көрсеткенімде, Радецкий флот украин территориясында орналасқанын айтып, жымиды.
Демек, Украина барлық жақта өзің қожайын етіп көрсеткісі келді. Ал біз антқа опасыздық жасамай, өз борышымызды орындадық.
Антта мынадай сөздер бар: «Егер мен қасиетті антты бұзсам, маған кеңестік заңның қатал жазасы мен жұмысшылардың жеккөрініші әсер етсін». Мен білетін басқа тарапқа ауысқан Қара теңіз флотының бірінші және екінші дәрежелі капитандары мен екі адмиралдар қазір жоқ. Антты қабылдап алып, кейін сатып кетудің қажеті жоқ. Бұған жауап беру керек.
- Қара теңіз флотын Ресей үшін тиімді шартта бөлуге болмас па еді? Бүкіл флотты Мәскеу юрисдикциясына қалдыру туралы нұсқалар болды ма?
Егер бізде орналастыратын аймақ болса онда қалдыруға болар еді. Бірінші дәрежелі кемелерді Солтүстік, Балтық, Тынық мұхиты флоттарына көшірдік делік. Новоросийскте су асты қайықтарының базасын бекерге салмадық қой. Потидан үшінші дәрежелі катерлер мен кемелерді шығарғанда, Новоросийскке де орналастырдық. Бірақ Новоросийск жергілікті жердің сипаты бойынша көп көлемде флот кемелерін қабылдауға маманданбаған. Анапа түбінде Тұзды өзен бар. Канал қазып, базаны сол жерге орналастыру туралы ұсыныстар болған. Мұндай жобалар болды. Бірақ біз бас тарттық. Себебі, 1997 жылы флотты бөлді. Біз Севастопольде тағы да 17 жылға қалып қойдық. 2014 жылы барлығы осылай шешілгені жақсы болды.
Айтпақшы, бізге Қырымды қансыз қайтарып алуға көмектескен Қара теңіз флотындағы 24 мың Ресей әскерилері. Өз уақытында Ельцинге кемелер мен жағалау әскерлерін қалдыруға құқымыз жоқ екендігін айтқанбыз. Қиыншылықпен болса да, біз мұны дәлелдедік.
Біз тіпті мұрағаттан Севастопольдегі Қара теңіз флотының негізгі базасы бар екені туралы сталиндік негіздемені де алға тарттық. Бұл құжатқа сүйене отырып, Ельцинге баяндап отырдық. Ельцин «Мәскеу» зымыран крейсеріне барғанда, құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды: «Қара теңіз тұрғындары! ТМД үшін қиын сағатта тоқтамаймыз! Қолдаймын! Президент Ельцин». Біз 80 мың болдық. Кейін сайлау басталғанда, тазалау жұмысы да басталды. Қалған 24 мың әскери қызметкер Қырымды қансыз Ресей аумағына қосуға көмектесті.
- Неге дайын болуына аз қалған Варяг авиатасымалдаушысын қайта қалпына келтіру мүмкін болмады? Мұның себебі Украинаның принципті ұстанымында ма әлде Кремль ол үшін күресуді қаламады ма?
Невскийдің жобалық-конструкторлық бюро деген кітабы бар. Кітапта осы туралы дәл сипатталған. Кеңес кезеңі кезінде Ресей кеме құрылысына төлеп қойған. Украина мұны мойындамай, жаңадан ақша төлеуді талап етті. Содан кейін Ресей бұған бара алмады. Міне, бәрі де осылай аяқталған.
- 5 жылға созылған Қара теңіз флотын бөлу үрдісінде Ельциннің рөлі қандай?
Сіз өте ауыр сұрақты қойдыңыз. Маған әріптестерім, тіпті флот басшылығының адамдары таңымды Ельцинді қарғаумен бастап, күнімді осымен аяқтадым деген. Ол флот туралы мүлдем ойлаған жоқ. Бір кездері мен тіпті Ельцин туралы Ресей Қара теңіз флотының «Флаг Родины» газетіне мақала жаздым. Біз мұны әскери кеңесте талқыладық. Бұл Ельцин «Мәскеу» крейсеріне барып, жазба қалдырғаннан кейін болған. Ельцин президент сайлауында тағы бір мәрте жеңіске жетсін деп Чубайс оған доллар толы қораптар тасып жүргенде, бізде қысқартулар басталды. Осылайша мен «Ресейге Қара теңіз флоты керек пе?» деген мақала жаздым.
Мақалада мен Севастополь шығанағында Ресей флотынын пайда болу тарихы туралы қысқаша дерек келтірдім. Адмирал Корниловтың «Севастопольды қорғаңдар!» деген сөздерін еске салдым. Мақаланы «Мәскеу» крейсерінде бізді қолдаймын деп жүріп, сатып кеткен Ельцин туралы сөздермен аяқтадым.
Әскери кеңесте мақаланы жариялау керек пе деген сұрақ туындаған сәтте көпшілігі қолдады. Флот қолбасшысы Балтин маған: «Петр Григорьевич, мен қолдаймын. Шешімді өзің қабылда. Қол қоятын сен. Бірақ есіңде болсын, бұл сенің қызметтік мансабыңдағы соңғы мақала болады. Сен мансабыңды құртасың», - деді. Мен оған мәселе менің мансабымда емес, флот пен Ресейдің абыройында екенін айттым. Мақаланы жарияладым.
- Содан соң не болды?
Одан кейін хабарласқан адам көп болды. Президенттің өзі сын айтты. Мен оларға шындықты жаздым деп жауап бердім. Бұл тек менің ғана шындығым емес. Әріптестерім мені қолдады. Президент әкімшілігінен де хабарласты. Оларға да дәл соны айттым. Оянып, флоттың жұмысымен айналысатын уақыт келді.
Авторы: Айым Еркінбекқызы