Қоғам

Атырауда 11 айлық сәби көз жұмды. Кім кінәлі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

3 наурызда Қызылқоға аудандық ауруханасында 11 айлық бала қайтыс болды. Миялы ауылының тұрғыны Баян Шүкірғалиева немересінің өліміне аурухана дәрігерлерін кінәлайды. Ол дәрігердің балаға дұрыс диагноз қоймағаны мен ауруын емдемегенінен бала қайтыс болды деп есептейді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Осыған байланысты Шүкірғалиева дәрігерлердің үстінен облыстық прокуратураға шағым түсіріп, Президент Әкімшілігіне хат жолдаған. Жақында оған өтініші қаралып жатыр деген жауап келіпті.

Ауруханада қайтыс болған нәрестенің аты - Ибраһим Берік. Тірі болғанда, 23 сәуірде бір жасқа толар еді.

Баян Шүкірғалиеваның айтуынша, бірінші наурыз күні кешке немересі құсып, тәбеті болмай, тыпыршып кеткен. Сол күні сағат түнгі 11:30-да ұлы мен келіні бала қатты ауырып жатқандықтан, жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем дәрігері екпе егіп кетеді. Алайда сәби сонда да құса береді. Одан кейін температурасы көтеріліп, келесі күні таңғы сағат 5-те тағы жедел жәрдем шақырады.

Бұл жолы жедел жәрдем бала мен анасын Қызылқоға аудандық ауруханасына алып кетеді.

«Сол күні баланың жағдайы жақсарғаннан кейін, келінім дәрігердің рұқсатымен немеремді сағат 11.00-лерде үйге алып келеді. Бірақ кешке қарай бала қайтадан ауырып қалады. Жылады, құсты, мұның бәрі іш өту мен қызуының көтерілгенінің әсері еді. Содан кейін сағат 18:30-да біз тағы жедел жәрдем шақырдық. Немеремді қайтадан ауруханаға алып кетті. Баланың асқазанын тазалау үшін аспалы укол салып, бетін бері қаратпақ болған. Алайда венасын таба алмай, қан тамырларын жарып алған. Оған шыдамаған бала жылай берген. Ал медбике «болды, доғар, неге жылай бересің?» деп балаға ұрысады. Осылайша олар аспалы уколды сала алмағандықтан, дәрігердің нұсқауымен балаға Регидрон береді. Бала сонда да тыным таппаған, іші өте берген», - дейді баланың әжесі.

Оның айтуынша, келіні балам қорыққанынан жылап жатыр деп ойлап, дәрігерден үйіне кете беру үшін рұқсат сұраған. Анасы баланы әдеттегідей бесікке бөлегенде, жылағаны басылады деп ойлаған. Дәрігер оның айтқанымен келіседі және 3 наурыз күні 14:30-да үйіне бірге келеді.

«Дәрігер егер бала тынышталатын болса, оны үйде қалдырамыз деді. Сонымен қатар баланың аш екенін, оған сүт немесе ботқа беріңіз деп кеңесін айтты. Немерем тамақтың бәрін жеді. Алайда жылағанын тоқтатпады. Мүлдем ұйықтаған жоқ. Сонда мен дәрігерден «оның диагнозы қандай?» деп сұрадым. Ол білмейтінін айтты. Содан кейін бала ұйықтауы үшін қандай дәрі бергенін, димедрол берген ба екенін сұрадым. Ол бұл дәріні балаға беруге болмайтынын түсіндірді. Немеремді ауруханаға қайта алып кетіп, реанимация бөліміне жатқызды. Бәріміз уайымдап кеттік, не болып жатқанын ұлым мен келініме түсіндірмеді де. Содан соң оған димедрол салды. Келінім «бұған дейін димедролды салуға болмайды деп едіңіз, неге олай істедіңіз?» деп сұраған. Ал дәрігер «аздап демалсын» деп жауап беріпті», - дейді баланың әжесі.

Бір кезде баланың дем ала алмай жатқаны, оған жасанды дем беру үшін дәрігерлердің катетер іздеп жатқаны белгілі болады. Алайда олар таба алмаған. Дәрігерлер баланың анасына «біз оған димедрол бердік, ол ұйықтап жатыр» деп сендіреді. Алайда анасы кетіп бара жатып баласының құшақтағанда, баласының қолдарының салқын екенін сезеді.

30-40 минут өткеннен кейін баланың қайтыс болғаны анықталады. Дәрігерлер балаға димедролды мөлшерден артық салған болып шықты. Димедролдың әсерінен баланың қан қысымы 200-ге, ал қызуы 40 градусқа дейін көтерілген. Одан бөлек медбикелер мен санитардың көмекшісі балаға ұрысқан. Немересінен айырылып қалған әжесі осыдан кейін аурухананың меңгерушісі Айгүл Төребекқызымен тілдеседі. Баланы емдеген дәрігер Нурила Серікқызы сәбиді қандай диагноз бойынша емдегені туралы айта алмаған.

Атырау облысы ІІД баспасөз қызметі осы факті бойынша ҚР ҚІЖК 317-бабы 3-тармағымен («Медицина қызметкерінің абайсызда адам өліміне әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сонымен қатар қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Нәресте өлімінің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізу туралы қаулы шығарды. Алайда нәтижелер әлі жарияланбаған.

Айта кетейік, осы іс бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы тексеру комиссиясы құрылды. Ведомство басшысының орынбасары Жанар Садуова сараптама қорытындысын қарамай, ештеңе айта алмайтынын айтты.