ДЕНСАУЛЫҚ

Дәрігердің салғырттығы: Адам өмірі ойыншық па?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеше, 11 сәуірде Атырауда 11 айлық сәби дәрігердің дұрыс диагноз қоймағанынан көз жұмғанын хабарлаған едік. Жалпы кейінгі бір аптада дәл осындай медицина мамандарынан кеткен қателіктер жиілеген болып шықты. Оның бірі – фармацевтің рецепт бойынша дәрі бермегенінен баланың уланып қалуы, екіншісі – офтальмолог маманның баланың басқа көзіне операция жасап қойғаны, үшіншісі – қабырғасы сынған баланың оқиғасы және кешегі диагнозы дұрыс қойылмаған нәрестенің өлімі. Осы оқиғалардың мән-жайы туралы Bugin.kz порталының тілшісі тарқатып айтады.

Павлодарда фармацевтің кінәсінен бала антидепрессанттардан уланып қалды

Павлодар қаласының тұрғыны Лермонтов көшесіндегі дәріханадан 2019 жылы туған балаға дәрігер жазып берген рецепт бойынша дәрі-дәрмек сатып алады. Дәріні ішкеннен кейін бала өзін жайсыз сезініп құсқан. Жедел жәрдем бөлімі баланы ауруханаға «антидепрессанттан улану» деген диагнозбен жатқызады. Бұл туралы Павлодар облысының полиция департаменті хабарлады.

Мәліметке сәйкес, фармацевтің қателесіп, дәрі-дәрмекті рецепт бойынша бермегені белгілі болды.

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы (медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.

Алматыда офтальмолог маман төрт жасар баланың басқа көзіне операция жасап қойды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі төрт жасар баланың «басқа көзіне операция жасау» дерегі бойынша дәрігерлерді айыптаған анаға түсініктеме берді.

«Алматы қаласының «Балалар жедел медициналық жәрдем орталығы» КММ берген ақпаратына сүйенсек, төрт жастағы Асылжан Тоқсанбай 5 сәуір күні ауруханаға түскен. Нақтырақ айтсақ, офтальмология орталығына жоспарлы түрде келген. Қойылған диагнозы – көздің жоғарғы оң жақ халязионы (теріскен, ісік, түйіншек). Жоспардағы кестеге сай, халязионға ота жасау 6 сәуірге қойылды.

«Ота наркоз жағдайында өтті. Ота жасалмас бұрын дәрігерлер көздің жоғарғы оң жақ тұста өсіп шыққан халязионға тексеріс жасаған. Тексергеннен кейін бұған ота жасаудың қажеті жоқ, өзі кететін ісік екеніне көзі жеткен. Хаттамаға сай, дәрігерлер екінші көзді де тексерген. Сонда сол жақ көздің жоғарғы тұсында ұсақ халязионның өсіп келе жатқанын байқаған. Анестезиологиялық нұсқамаға сай, отада жатқан балаға осы ұсақ халязиондарға операция жасауға келіскен. Сол көзге ота жасаудағы себеп – осы», - деп түсіндірді мекеме мамандары.

Ведомство атап өткендей, баланың операциядан кейінгі жағдайы тұрақты.

«Офтальмология бөлімінде баланы емдеу жалғасады. Орталық әкімшілігі және «Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» АҚ офтальмология кафедрасының профессоры Т.С.Телеуова баланың анасымен әңгімелесті», - деді денсаулық сақтау министрлігі.

Павлодарда жедел жәрдем қызметкерлері бір жарым жасар баланың қабырғасын сындырып алды

Павлодарда алғашқы көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері науқас баланың қабырғасын сындырып алған. Бұдан бөлек науқас ауруханаға бара жатқанда басымен құлап кеткен болып шықты.

Сәбидің анасы сәуірдің 6-сы күні сағат 21:03-те жедел жәрдем шақырған. Себебі құрысу белгілерінен кейін баланың жүрегі тоқтап қалады. Олар шынымен де тез жетеді. Алайда қандай науқасқа келе жатқанын біле тұра, жиналмай келген. Оттегі болмады, бұдан кейін шұғыл көмек көрсету үшін қалған құралдарды алуға қайтадан үш рет төмен түсіпті.

Әйел адамның айтуынша, алғашқы көмек көрсету кезінде баланың қабырғасын сындырып алған. Бұған қоса, ауруханаға бара жатқанда бала басымен құлап кеткен.

Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасы 2021 жылы туған сәби қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

Атырауда 11 айлық сәби көз жұмды

3 наурызда Қызылқоға аудандық ауруханасында 11 айлық бала қайтыс болды. Тірі болғанда, 23 сәуірде бір жасқа толар еді.

Миялы ауылының тұрғыны Баян Шүкірғалиева немересінің өліміне аурухана дәрігерлерін кінәлайды. Ол дәрігердің балаға дұрыс диагноз қоймағаны мен ауруын емдемегенінен бала қайтыс болды деп есептейді.

Осыған байланысты Шүкірғалиева дәрігерлердің үстінен облыстық прокуратураға шағым түсіріп, Президент Әкімшілігіне хат жолдаған. Жақында оған өтініші қаралып жатыр деген жауап келіпті.