Bugin
Путиннің бүкіл әскерін жиып Украинаның шығыс аймағына тағы бір ауыр соққы жасап, қалың қолмен кіруді жоспарлап отыр. Бұл жолы ресей әскері – Украина әскерінен бес есе көп қалың қол. Ал қай уақытта шабуылға көшеді деген сауалға Ұлыбританияның Қарулы күштері осы аптаның аяғына таман деп топшылады.
Бұл жайлы британияның The Times басылымы жазды.
Сондай-ақ Украинаның Қарулы күштері де мұның бәрін біліп отыр: соққының Донбас маңайында басталып, орыс әскері оңтүстікке және батысқа қарай жылжып, орталықтағы украин әскерін қоршауға алады деп отыр.
Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, бұл жолы Ресей әскері Украинаға кем дегенде үш жерден басып кірейін деп тұр: Белгород пен Воронеж облысы және Ростов облысының Матвеев Курган қаласынан басып кірмек. Бұлар Донбасқа қарай бағытталған маршрут.
Бұдан бөлек, ресей әскері Украинаның Харьков қаласына қарай да дендеп келеді.
Украин қарулы күшінің мәліметінше, орыстар оңтүстікке қарай жылжып, Славянск қаласын жаулап алып, оңтүстік-шығысқа қарай жол тартпақ. Осы маңда Украинаның шығысын қорғап тұрған украин әскерін қоршауға алып, талқандауға тырыспақ.
Мариуполь қаласына орныққан ресей жауынгерлері де солтүстікке қарай жылжуы ықтимал. Бұлардың саны – 60 мыңдай.
Украиндар қазір батысқа қарай ұлы шеп құрып, жауға қарсы қорғаныс ұйымдастырып жатыр.
Ұлыбританияның бұрынғы әскери командирі, бас қолбасшы генерал Ричард Бэрронстің айтуынша, бұл жолы орыстар сау ақылмен күш жұмылдырып, барынша сақ қимылдауға тырысады. Әсіресе, украин әскерінің батыста мықты қорғаныс құрғанын ескеріп, жаяу әскердің көбін осы маңға қарай қапталдап қаптатады.
«Қорғанысты бұзу қашан да қиын. Ол үшін қорғаныста жатқан әскерден бес есе көп әскерді шабуылға шығару керек. Орыстар мұны түсініп отыр. Сондықтан бес есе көп әскер жұмылдырмақ. Бұл енді нағыз ұрыс, өте ауыр, жан беріп жан алысқан майдан болайын деп тұр. Орыстар әрине украин әскерін қоршауға алуға тырысады», - деп пікір білдірді Бэрронс.
Бұған дейін батыс елдерінің шенеуніктері Ресейдің Украинаға әкелген 120-дан аса батальонның 38-інің талқаны шыққанын, енді 90 батальоны қалғанын айтқан еді. Әр батальонда 1000 сарбаздан есептесек, онда Ресей бұл шайқасқа 90 мың әскерін жұмылдырмақ.
Ал украиндардың саны – 18 мыңдай. Яғни, бес есе аз.
Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Джеймс Хиппидің айтуынша, Донбаста болғалы тұрған бұл шайқасты украиндар жеңуі әбден мүмкін.
«Өйткені украиндар ресейдің біраз мықты батальондарын талқандап тастады. Ендігі келе жатқан орыс әскері ондай мықты емес. Сондықтан украиндар жеңеді деген ойдамын», - деп түсіндірді британ министрі.
Ал Путин бұл шайқасты сәуірдің аяғына дейін тәмамдап, 9 мамыр – Жеңіс мейрамын Донбаста тойлағысы келіп отыр.