Bugin
Ұлттық тестілеу орталығы біліктілік тестін тапсырған мұғалімнің көз жұмуына байланысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Бүгін, 14 сәуірде Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде жұмыс істеген 1973 жылы туған мұғалім тестілеу кезінде қайтыс болды. Ер адам гипертензиялық (гипертониялық) ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр», - дейді орталық мамандары.
Марқұмның отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Соңғы 4 жылда бірінші рет адам өлімі тіркеліп отыр. Осыдан кейін тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету үшін дәрігерлердің жұмысын бақылау күшейтіледі.
«Осы ретте аттестацияның өзі ерікті сипатқа ие екенін атап өтеміз. Педагогтер жалақыларына тағы қосымша ақы алу үшін тестілеуге жазылып, осы процедурадан өтеді. Осылайша расталған біліктілік санатына байланысты қосымша ақылар төленеді. Егер тест тапсырушы өзін нашар сезінсе, тестілеу күнін өзгерту мүмкіндігі беріледі», - деді олар.
Айта кетейік, бүгін Алматыда мұғалім біліктілік тестін тапсыру кезінде көз жұмды.