Bugin
Ресей Қорғаныс министрі, Украинаға басып кіруді, соғыс бастауды бастан-аяқ жоспарлаған Сергей Шойгу қазір инфаркт алып, өлім аузында жатыр. Тірі қалды дегеннің өзінде сал болып қалуы мүмкін. Мұндай ақпаратты «ЮКОС» мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Леонид Невзлин таратты. Ақпарат ресми расталмады әзірше.
Дегенмен Леонид Невзлин Ресейдің президент әкімшілігіне жақын адамдардың бірі әрі бұл ақпаратты ол инсайдерлік дереккөздерге сілтеме жасап таратты.
«Шойгу ойыннан шықты: тірі қалса, сал болып қалары анық. Ауқымды инфаркт алды. Қазір жансақтау бөлімінде. Тыныс алу аппаратында жатыр. Қауесетке қарағанда, жүрегі аяқ астынан ұстаған», - деп жазды Невзлин Twitter-де.
Айта кетейік, Шойгудың ел көзіне көрінбей кеткенін біраз болды. Соңғы рет 11 наурыз күні жұрт алдына шыққан. Содан бері бір айдай уақыт өтті, жоқ. Бірақ 8 сәуір күні Жириновскийдің жерлеу рәсімінде көргендер бар.
Сондай-ақ Невзлин инсайдерлік ақпараттың тағы бір ұшын шығарды. Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінің мемлекет қаржысын талан-таражға салған, жаппай жемқорлыққа бас қойған 20 генералы ұсталған көрінеді. Олар «Украинаға соғыс ашу үшін ресей әскерін дайындауға бөлінген қаржыны жымқырғандар».
«2014 жылдан бері Путин блиц-кригке арнап бөлген қаржының 10 млрд доллары қолды болған», - деп жазады Невзлин.
Айта кетейік, Путин ФСБ қатарын да тазалап жатқаны осыған дейін айтылған. Құпия қызметтің өкілдері Батыстың барлау қызметтеріне мәлімет сатқан көрінеді.