МӘДЕНИЕТ

Украинадағы спорт: дамуы, жетістігі мен кемшіліктері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Украинада спортқа ежелден ерекше мән берген. Киев Русінің кезінде Отан қорғаған батырлардың даңқы бүкіл әлемге тараған.

Украина тарихында ат жарысы, түрлі қару-жарақ ату, семсерлесу, күрес, найза мен диск лақтыру, жүгіру, жүзу спорт түрлері ежелгі дәуірден бері белгілі. Гір көтеру, гимнастика, палуандар мен боксшылар цирк сахнасында өнер көрсеткен. Украинаның аңызға айналған спортшыларының қатарында грек-рим күресімен айналысатын Иван Пиддубный бар. Ол 40 жыл ішінде бірде-бір турнирде жеңіліп көрмеген.

XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында регби, футбол, хоккей, велоспорт сияқты жаңа спорт түрлері Украинада дами бастады. Түрлі спорт клубтары пайда болып, олардың мүшелері спортпен кәсіби түрде айналысты.

1930 жылдары веложарыс, жүгіру спортының танымалдығы артты.

Кеңестік Украинаның спортшылары гимнаст Ирина Дерюгина, Александра Тимошенко, Оксана Скалдина және басқа да спортшылар бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпиондары атанды. Лариса Латынина – Олимпиаданың 18 медалін алған спортшы. Бұл – олимпиадада сирек кездесетін жетістік.

Украина футболының аңызы – Киевтің «Динамо» командасы. КСРО-ның 13 дүркін чемпионы, ұлттық кубок иегері. Жеңіл атлетикада Сергей Бубка 35 әлемдік рекорд орнатқан. Демек КСРО құрамында болған кездің өзінде Украина спортта көптеген жетістіктерге жеткен.

Украин спортшылары Олимпиада ойындарына 1952 жылдан 1988 жылға дейін Кеңес Одағының құрамында, ал Украинаның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін біріккен команда құрамында қатысты.

              Украинада сұранысқа ие спорт түрлері

Футбол. Көп елдердегі сияқты Украинаның барлық аймағында футбол спорты кең таралған. 1990 жылға дейін украин спортшылары КСРО құрамасының сапында ойнаған. «Шахтер» және «Динамо» командалары Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасында ойнайды. Украина футбол құрамасы 2022 жылдың 31 наурызындағы есеп бойынша FIFA рейтингінде 22-орында тұр. Құраманың ең үлкен жетістігі – 2006 жылы әлем чемпионаты мен 2020 жылы Еуропа чемпионатында ширек финалға өтуі.

yandex.ru

Спорттық гимнастика. Бұл Украинаға Олимпиадада ең көп медаль әкелетін спорт түрі. Спорттық гимнастика жетістігі 1992 жылы Барселонада құрамында Татьяна Гуцу, Татьяна Лысенко, Игорь Коробчинский, Рустам Шарипов пен Григорий Мисютин болған команданың үздік көрсеткіштерінен басталған. 1996 жылы Шарипов тәуелсіз Украинаға алтын медаль сыйлады. Атланта Олимпиадасының жұлдызы Лилия Подкопаева екі алтын және бір күміс медальды иеленді.

Украиндар спорттық гимнастикадан әлем үздіктері қатарынан түскен емес. 2004 жылы Валерий Гончаров ел қоржынына тағы бір алтын салды.

Бірақ соңғы жылдары спорттық гимнастика біраз нашарлап кетті. Рио Олимпиадасында Олег Верняев алтын және күміс медаль иеленгенімен спортшыдан допинг табылды. Осылайша гимнаст спорттық жарыстарға қатысудан 4 жылға шеттетілді. 2021 жылғы Токио Олимпиадасында Украина өз тарихында алғаш рет спорттық гимнастикадан медаль иеленбеді.

www.segodnya.ua

Биатлон. Украинада спорттың бұл түріне қызығушылық өте жоғары. Украина тәуелсіз ел болып қатысқан алғашқы Олимпиадада Цербе-Несина қола медальға ие болды. Бұл жетістікті Елена Зубрилова жалғастырды. Оны әлемдегі ең үздік биатлоншылар қатарына қосуға болады. Оған себеп 1999 жылғы әлем чемпионатында қатарынан үш алтынға қол жеткізуі.

Соңғы кезде әйелдер арасындағы биатлонда Украина спортшылары топ жарып жүр. 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Юлия Джима, Елена Пидгрушная мен әпкелі-сіңлі Семеренко алтын медаль алды.

2019 жылы әлем чемпионатында Дмитрий Пидручный жеңіске жетіп, Украина тарихында ерлер арасындағы биатлонда алғашқы чемпион атанды.

Биатлонның әлемдік рейтингінде Украина ерлер биатлоны бойынша 15-орында, әйелдер арасындағы биатлон бойынша 14-орында тұр.

Getty Images

Украинада қысқы спорт түрлерінің арасында биатлон, фристайл және хоккей спортын қаржыландыруға көп ақша бөлінген. Жазғы спорт түрлерін қаржыландыру жағынан жеңіл атлетика, еркін күрес және спорттық гимнастика үздік үштікке кіреді. Таңдау дәл осы спорт түрлеріне түсуіне спортшылардың жарыстарда жеткен жетістігі себеп.

Украинадағы бұқаралық спорттың жағдайы

Украина болашағын зерттеу институты ұйымдастырғансауалнама бойынша халықтың 30%-ы спортпен өз еркімен тұрақты түрде айналысады. 16%-ы– таза ауада жүгірсе, 10%-ы–футбол пен теннис ойнайды. 9%-ы– жүзумен айналысады. 9%-ы– фитнес пен йоганы таңдайды. 7%-ы– кәсіби түрде спортпен айналысады. Халқының 69%-ы спортты серік еткен Еуропа елдерімен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте төмен.

Украиндықтардың спортпен айналысудан бас тартуының негізгі себептері мыналар: уақыттың болмауы (48%), денсаулық жағдайына байланысты (26%), физикалық белсенділікке деген қызығушылықтың болмауы (10%).

Украина халық денсаулығының көрсеткіші рейтингінде 99-орында тұр. Спортпен айналысу деңгейінің төмендігі бұған тікелей әсер етеді. Мамандардың айтуынша, Украинада бұқаралық спортқа аз көңіл бөлінеді. Олимпиадада алынған медальдар елдегі спорттың деңгейін толықтай көрсете алмайды. Спорттың қаншалықты сұранысқа ие екенін бұқаралық спорттың қандай деңгейде таралғаны арқылы білуге болады. Тұрақты түрде спортты күн тәртібіне қосу арқылы тұрғындар ең алдымен өз денсаулығының жақсаруына, одан кейін елдегі денсаулық көрсеткішінің жоғарылауына үлес қосады.