Bugin
«Интернеттегі қудалау деген не?», «Ол адамға қалай әсер етеді?», «Оның қалай алдын алуға болады?». Unicef.org сайты ЮНИСЕФ мамандары, интернет-қудалау және балаларды қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшылары, сондай-ақ Facebook, Instagram және Twitter компаниялары қызметкерлерінінен осы сұрақтарға жауап алды.
Кибербуллинг дегеніміз не?
Кибербуллинг - бұл сандық технологияны қолдану арқылы қорқыту және қудалау. Ол әлеуметтік желілерде, хабар алмасу қосымшаларында, ойын платформаларында және ұялы телефондарда болуы мүмкін. Оның мақсаты қудаланғандарды қорқыту, ашуландыру немесе масқаралау. Мысалы:
• жалған ақпарат тарату немесе әлеуметтік желілерде біреудің әдепсіз фотосуреттерін орналастыру;
• хабар алмасу платформалары арқылы хабарламалар жіберу;
• басқа адамның атынан әдепсіз хабарламалар жіберу.
Шын өмірде қудалау мен кибербуллинг көбіне бір уақытта болуы мүмкін.
Осы материалда интернеттегі қудалау туралы 5 маңызды сұраққа жауап береміз:
1. Мені интернетте не мазалайтынын қалай түсінуге болады? Әзілді шын қудалаудан қалай ажыратамын?
2. Интернеттегі қудалау адамға қалай әсер етеді?
3. Егер біреу мені интернет арқылы қудалап жүрсе, кімнің көмегіне жүгінуім керек? Неліктен қудалау жағдайлары туралы хабарлау маңызды?
4. Интернет-қудалауға ұшырап жүрмін, алайда ата-анаммен бұл туралы сөйлесуге қорқамын. Олардан қалай көмек сұраймын?
5. Интернет-қудалауға ұшырап жүрген, бірақ ол туралы айтқысы келмейтін достарыма қалай көмектесе аламын?
«Мені интернетте не мазалайтынын қалай түсінуге болады? Әзілді шын қудалаудан қалай ажыратамын?» деген сұраққа ЮНИСЕФ мамандары жауап берді.
Дос болған соң адамдар бір-бірімен әзілдеседі. Бірақ кейде, интернет арқылы сөйлесіп жатқан адамның сізбен әзілдесіп немесе ренжіткісі келіп тұрғанын ажырату қиын болады. Кейде сөйлесіп тұрған адам әзілдесіп тұрмын, сөзіме мән берме деуі мүмкін.
Алайда оның сөздері жаныңызға батып, сізге күліп тұрған секілді көрінсе, бұндай әзіл шектен шығудың белгісі. Егер сіз ол адамнан бұлай әзілдеуін қоюын сұрағаннан кейін де ол сізді бұрынғыдай ренжіте берсе, бұл қудалау ретінде бағаланады.
Қудалау әлеуметтік желіде болған кезде таныс емес адамдардың назары сізге түсіп, өзіңізді қолайсыз сезіне бастайсыз. Егер сізге бұндай қарым-қатынас ұнамаса, оған шыдап, елемей қоюға болмайды.
Қалай десеңіз де, адамға бұндай жағдай ауыр тиеді. Егер ол жалғаса беретін болса, сізге мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Кибербуллингпен күрес қудалаушыларды тоқтату үшін ғана емес, адамдарға желіде де, шын өмірде де өзінің құрметке лайық екенін түсіндіру үшін қажет.
Интернеттегі қудалау адамға қалай әсер етеді?
Адам желіде қудалауға ұшырап жүрген кезде оған барлық жерде солай сияқты көрінеді. Оған өзін ренжітіп жүргендерден жасырынатын жер жоқ секілді. Мұндай әрекеттердің жағымсыз салдары болуы мүмкін:
Психологиялық салдары - адам мұңайып, қолайсыздық сезінеді, өзін ақымақ көріп, ашулана беретін болады.
Эмоционалды салдары - адам өзінің хоббиінен ұяла бастайды немесе оларға деген қызығушылығын жоғалтады.
Физиологиялық салдары - шаршау (ұйқы проблемалары) немесе іштің ауыруы, бас ауруы секілді қолайсыз жағдайларға ұшырайды.
Басқа адамдардың мазақ қылғанынан қорыққандықтан зардап шегуші проблеманы айтуға, шешуге тырыспайды. Өйткені бұл мәселе оған қиындық туғызады. Тіпті, интернет-қудалаудың салдарынан адам өз-өзіне қол жұмсауы да мүмкін.
Интернеттегі қудалау біздің өміріміздің әртүрлі аспектілеріне әсер ететіні сөзсіз. Алайда бұл проблемалардың бәрін жеңіп, өзіңе деген сенімді қалпына келтіруге болады.
Егер біреу мені интернет арқылы қудалап жүрсе, кімнің көмегіне жүгінуім керек? Неліктен қудалау жағдайлары туралы хабарлау маңызды?
ЮНИСЕФ: Егер сізді біреу желіде қудалап жүргендей көрінсе, өзіңіз сенетін адамдардан, ата-анаңыздан, басқа да өзіңіз сенетін ересек адамнан көмек сұраңыз. Мектепте осы сұрақ бойынша мектеп кеңесшісіне (психологқа), спорт жаттықтырушысына немесе өзіңізге жақын мұғалімге жүгіне аласыз.
Бұл туралы достарыңызбен сөйлесу ыңғайсыз деп ойласаңыз, еліңіздегі сенім телефонына хабарласып, кәсіби кеңесшімен сөйлесуіңізге болады.
Егер қудалау әлеуметтік желілерде болып жатса қудалаушыны бұғаттап, әлеуметтік желі әкімшілеріне шағым түсіру қажет. Өйткені әлеуметтік желілерді басқаратын компаниялар пайдаланушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Болып жатқан жағдайды растау үшін әлеуметтік желілердегі жазбаларды, хат–хабарлар мен скриншоттарды жинағаныңыз өзіңізге пайдалы болады.
Интернеттегі қудалауды тоқтату үшін оның қай жақтан келіп жатқанын анықтау қажет. Ол мүмкін болмаса, шағым түсіру - маңызды қадам болмақ. Ал егер қауіпті жағдайға ұшырап қалсаңыз, полициямен немесе жедел көмек қызметтерімен байланысу маңызды.
Facebook/Instagram: Егер сіз интернетте қудалауға ұшырап жатсаңыз, бұл туралы ата-анаңызбен, мұғаліммен немесе өзіңіз сенетін адамдармен сөйлесуді ұсынамыз. Себебі сіз қауіпсіздікте болуға құқылысыз. Біз Facebook пен Instagram-да шағым беру процедурасын жеңілдеттік.
Әрқашан Facebook-тегі немесе Instagram-дағы біздің командаға хабарламаларды, түсіндірмелер мен оқиға туралы шағымдарды анонимді түрде жолдай аласыз. Біздің қызметкерлер әлемнің түкпір-түкпірінен 50-ден астам тілде алынған шағымдарды тәулік бойы қарайды және қорқытатын ақпараттарды жоямыз. Айта кетейік, бұл шағымдар әрқашан құпия болып қалады.
Facebook-те буллинг кезінде қажетті әрекеттерді қабылдауға көмектесетін арнайы нұсқаулық бар. Instagram-да бізде ата-аналарға, қамқоршыларға және ересек адамдарға интернет-қудалауды қалай шешуге болатыны туралы кеңестер берілетін ата-аналарға арналған нұсқаулық пен біздің қауіпсіздік құралдарымыз туралы портал бар.
Twitter: Егер өзіңізді интернет-қудалауға ұшырап жатырмын деп ойласаңыз, онда басты мәселе қауіпсіздікте екендігіңізге көз жеткізу. Жаныңызда басыңыздан өтіп жатқан жағдайды айтып беруге болатын адамның болғаны маңызды. Бұл сіздің оқытушыңыз, өзіңіз сенетін ересек адам немесе ата-анаңыз болуы мүмкін.
Халықты біздің қағидаларымызды бұзған аккаунттар туралы хабарлауға шақырамыз. Сіз мұны Қолдау орталығындағы арнайы бет немесе «Твитке шағымдану» («Пожаловаться на твит») батырмасын таңдап, твитті басқару арқылы жасай аласыз.
Интернет-қудалауға ұшырап жүрмін, алайда ата-анаммен бұл туралы сөйлесуге қорқамын. Олардан қалай көмек сұраймын?
Егер сіз интернет-қудалауға ұшырасаңыз, өзіңіз сенетін адамдармен сөйлесудің - ең маңызды әрі алғашқы қадамдардың бірі екенін біліңіз.
Балалардың барлығы бірдей ата-аналарымен ашық сөйлесе бермейді. Бірақ сөйлесу маңызды болатын кездер болады. Ата-анаңызбен тілдесу үшін өзіңізге көңіл бөле алатын уақытты таңдаңыз. Бұл мәселенің сіз үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіріңіз. Алайда ата-анаңыздың технологияларды сіз секілді білмейтінін ескеріңіз. Оларға сіздің өміріңізде жалпы не болып жатқанын толықтай, ашық түрде түсіндіруіңіз керек.
Ата-ана мәселенің шешімін бірден таба алмағанымен, сізге анық көмектесе алады. «Бір бас жақсы, екі бас одан да артық» екенін ұмытпаңыз.
Интернет-қудалауға ұшырап жүрген, бірақ ол туралы айтқысы келмейтін достарыма қалай көмектесе аламын?
ЮНИСЕФ: Кез келген адам интернет-қудалаудың құрбаны болуы мүмкін. Егер бұл жағдай таныстарыңыздың бірінде болып жатса, оған көмектесуге тырысыңыз.
Оның айтатын сөзін тыңдағаныңыз маңызды. Себебі осы байланыс арқылы оның бұл жағдайды неге хабарлағысы келмейтінін, сол уақытта не сезінетіні туралы біле аласыз. Ресми шағымды жіберудің міндетті емес екенін, бірақ көмек алу үшін біреумен сөйлесу маңызды екенін түсіндіріңіз.
Мұндай сәтте досыңыз өзін осал, әлсіз сезінетінін есте сақтаңыз. Оған мейірімділікпен қарап, кіммен, қалай сөйлесіп мәселені қалай шешуге болатындығы туралы ой салыңыз. Егер ол ойындағыны айтқысы келсе, әрдайым қасында екендігіңізді де білдіріңіз. Ең бастысы, оған көмектескіңіз келетінін айтыңыз.
Егер досыңыз сонда да бұл жағдайды ешкімге айтқысы келмесе, оған көмектесе алатын ересек адамды табуға көмектесіңіз. Десе де кей жағдайда интернет-қудалаудың өмірге қауіп төндіретінін де ұмытпаңыз. Сіздің сөзіңіз жағдайды өзгерте алатын күшке ие.
Facebook/Instagram: Біз біреуге шағым түсіру өте қиын екенін білеміз. Бірақ біреудің қудалануына жол бермейміз.
Facebook немесе Instagram контентіне шағым түсіргеніңіз сізді, сонымен қатар платформаларымызды қорғауға көмектеседі. Интернет-қудалау көбіне жеке бастың мәселесі деп жатамыз. Сондықтан көбіне бізге бұл жағдайды анықтамас бұрын немесе қудалаушының аккаунтын жоймас бұрын осы жағдай туралы хабарлайтын адам қажет.
Instagram және Facebook арқылы әрқашан интернет-қудалау туралы құпия түрде хабарлай аласыз және сіздің бұндай хабарыңызды ешкім ешқашан білмейтін болады.
Қосымшада тікелей қолжетімді болатын құралдарды пайдаланып, өзіңіздің ғана емес, досыңыздың да қудалауға ұшырап жатқаны туралы хабарлай аласыз.
Twitter: Біз сіздер үшін басқа адамның атынан шағым түсіре алатын «bystander reporting» опциясын құрдық. Осылайша жалған аккаунттың үстінен шағымдана аласыз.