Bugin

«Ер Тұғрылға» саундтрек жазған «Тұран» ансамблі - Мақсат Медеубек

«Тұран» ансамблі көрермендердің рухын көтеріп, өр қайратын шыңдаған, халық көзайымына айналған өнер ұжымы. Әсіресе, жастар арасында үлкен қызығушылық қалыптастырған ағым бола білді. Жастардан құралған топ басқа жастардың да патритоттық сезімін оятып, өнер мен шығармашылыққа деген талпынысын оятты.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ендеше өнер ұжымының бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігі қалай болды екен, соны білмек мақсатта сұхбат алған едік.

Медеубек Мақсат Сағатбекұлы – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры грантының иегері, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, өнер докторы, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі.

- Ансамбльдің құрылғанына 14 жыл толыпты. Құттықтаймын! Ансамбль қалай өмірге келді? Кімнің жетекшілігімен құрылды? Жалпы ансамбль туралы тарқатып айтыңызшы.

- Біршама уақыт жетекшіміз Зәмзәгүл ханыммен шығармашылық шабыт келіп, қолымызда ұлттық музыкалық аспаптардың түр-түрі бар соның барлығын алып өтініш айтып жүріп алғаш сахнаға шықтық. Алғаш «Қазақ әйелі» деген шығарманы ойнадық. Ол кезде ансамбль болып құрыламыз деген ой жоқ. Кейіннен бірнеше жерде өнер көрсетіп жүрдік. Араға біршама уақыт салып Берлиннің «Концерт house» сахнасында өнер көрсеттік. Осы уақыттан бастап топқа ат қойып,өзіміздің жолымызды,стилімізді айқындап келе құрылдық.

- 14 жыл. Оңай уақыт емес. Алғашқы кездегі Жас ансамбль мен қазіргі Тұранның жұмысын қалай бағалар едіңіз?

- Адами тұрғыда біздің бір-бірімізге деген қатынасымыз сол қалпы. Шығармашылық тұрғыға келетін болсам, өсу байқалады. Қазір 3 күйтабағымыз бар. Алғашқы «Ер Тұран» мен қазіргі «Тұранды» тыңдайтын болсаңыз үлкен философиялық ойға құрылған, күрделі, құрылымды толғанысты күрделі шығармалар. Бұл біздің кәсіби біліктілігіміздің дамуынан деп есептейміз. «Көп оқығаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді ғой. Тұранмен көп мемлекеттерге бардық, көптеген концерттер өткіздік, көп адамдармен араластық, көп ұжымдармен жұмыс істедік. Көптеген жобалар болды. Тек ұлттық нақышта ғана емес заманауи, классикалық бағытта жобалар жасадық. Шетелдік ұжымдармен бірлесе жұмыс істейміз, мұның бәрі тәжірибе. Осылардың бәрін бастан өткере келе қазіргі «Тұран» қалыптасты.

- Әлемнің 70 елінде 600-ден астам концерт өткізген екенсіздер. Шетелдік көрермен өнерлеріңізді қалай бағалап жатыр?

- Шетелдік тыңдарман қатты жақсы көреді. Басында енді экзотика деп көрді. Ал қазір шетелдің көрермендері арнайы концертке дайындалып келеді екен. Біздің соңғы сапарларымызда еске алатын болсақ қай аспап қандай? «Тұран» қашан құрылды? Ансамбль мүшелерінің бәрін алдын ала танысып, біліп бір-ақ келеді. Жалпы олардың қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылығы керемет. Мысалы, 2008 жылы алғаш құрылған кезде Берлинге фестивалға бардық. Ол кезде біз Құрманғазы ұлттық консерваториясының студенттік симфониялық оркестрімен бірлесе поэма ойнадық. Бұл енді әлемде болмаған жоба. Еуропалық танымал сыншылар біздің деңгейімізге өте жақсы баға берді. Біз енді шапалақтап-шапалақтап қоя саламыз ғой. Оларда шапалақ біткен кезде аяқ жұмыс істейді екен. Барлығы зал еденді тепкілеп залдың шаңын аспанға көтереді. Венгрияға барып 10 мың адамға концерт бердік. «Тұран» деп айқайлаған кезде қатты қуанасың. Түркияға барғанда отырған халық «Түрік қаны» шығармасын ойнағанда олар сахнаға көшіп кете жаздады. Бұл шетелдік тыңдарманның біздің өнерді бағалауы деп білуге болады.

- Көрермен деп жатырмыз ғой. Шетелдік көрермен мен отандық көрермендердің арасында айырмашылық барма? Жалпы қазақ аудиториясы этно өнерді бағалап жүр ме?

- Қазақ тыңдармандары өте жақсы бағалайды. 2008 жылы алғашқы күйтабағымыздың тұсауын кескен кезде Құрманғазы атындағы консервоторияның үлкен залында шақырғанымыз бар,шақырмағанымыз бар адам сыймай кетті. Дала да кіре алмай талай адам қалды. Концерт залы 700 адамға лайықты болса, сол күні 2000 адамдай концертке келген екен. Астанада болған концертте де 3000 орындық адам лық толы. Кеткілері келмей, жақсы пікірлерін білдіріп жатты. Бұл міне халықтың бағасы.

- «Ер Тұран» композициясы түркі әлемінің әнұранына айналғанын білдік. Сонымен қатар түрік сериалының негізгі саундрегі ретінде алынған екен. Әйгілі болған бұл композиция туралы айтсаңыз.

- «Ер Тұран» туындысы оңай шыға қойған жоқ. Көп іздендік. Ансамбль құрылғаннан кейін Түрік халықтарының ұраны болатындай шығарма болса екен деп іздендік. Кейін Венгрияға құрылтайға барған кезде адамдардың киімі, декарация, сол жерде қолданылатын аспаптар барлығы сақ, ғұн заманындағы стильді әкеліп көшіріп қойғандай болды. Сол кезде үлкен әсер алдық. Сол жерден Исраил Сапарбай ағамыз да болды. Көп әңгімелесіп, сырласып, батасын беріп «Өр толғау» деген шығармасының бар екенін айтып сол жерде ақылдастық. Кейін Алматыға келіп 3-4 жыл шығара алмаған туындыны жарты сағатта шығардық. Солай «Ер-Тұран» дүниеге келді. Бұл шығарма бірнеше тілге аударылды. Бізде түрік тілінде жырладық. Тіпті шығарманың атын өзгертіп алған. Түркияда Қайсері де концерт берген кезде «Ер Тұран» деп хабарласақ ешқандай реакция жоқ, «Түрік қаны» дегенде бүкіл зал ду ете қалды. Күні кеше бізге ұсыныс түсті: «Сіздердің Ер-Тұрандарыңызды біз өзіміздің биде қолданайық деп едік» деп Сингапурдан хабарласты. «Есімсіздер» деген Түркиядағы атақты сериалдың саунтрегі ретінде, «Ер Тұғрыл» сериалының саундрегі ретінде қойылды. Жалпы әлем таныды бұл шығарманы.

- Тұран-Қазақтың Ұлттық музыка  өнерін барша әлемге насихаттап жүрген ансамбль. Қобыз, жетігеннен басқа Қандай ұлттық аспаптар да ойнайсыздар? Шіңкілдек, шертер деген аспаптар бар екен. Бұл аспаптарды бірі білсе, бірі білмейді.

- Шіңкілдекке келетін болсақ бұл – домбыраның кішірейтілген түрі. Бұл аспап  кішкентай балалардың қолына арнайы жасалынған. Қазір үлкендер де тарта береді. Оркестр, ансамбльдерде кеңінен қолданылады. Өте жіңішке, жоғарғы дыбыстарды беретін аспап. Қазақтың музықалық үні қоңыр дыбыстар болғандықтан, бұл аспап кеңінен қолданыла қоймаған. Ансамбльде болғандықтан жоғарғы дыбыстарды беру мақсатында қолданып келеміз.

Шертер бұл – өте көне аспап. Үш ішекті, бетіне тері қапталған, пернелері аттың қылынан жасалынған. Бүгінгі шертерлер жетілдірілген жартылай ағай, жартылай тері, перне қойылған, ішектері қыл емес заманауи ішектер. Бұл аспаптың өзінің репертуары болмаған. Кейіннен енді-енді дамып келеді.

- 3 альбом 30-ға жуық шығармаларыңыз бар екен? Жалпы жаңа туындыларды шығару үшін шабыт қалай келеді?

- Үш күйтабақтың әрқайсында 11-15-тен негізінен 40-50 шығарма бар. Күйтабаққа кіргені бар, кірмегені бар. Шабыт әр кезде әрқалай болады. «Бақсы» деген шығармамызда театрландырылған көрініс қойдық. Сахнада биледік. Осы уақытқа дейін этно-ансамбльдер олай билемеген. Ұмытылып бара жатқан осындай құбылыстарды заманауи бағытта көрсеткіміз келді. «Қара жорға» деп алып келінген күйді «Той-думан» деп ауыстырып жібердік. Кішкентай күйді үлкен композицияға айналдырдық. Яғни идеяны ортаға тастап, жан-жақты талдаймыз. Алдын-ала жоспарлаймыз. Бұның концепәиясы қандай болады? Не айтқымыз келді? Аяқ асты шығармаймыз, бәрін сараптай, талдай келе шығарамыз.

- Сахнаның киесі бар деп жатамыз. Сіздер ұлттық өнерді насихаттап жүрген жандарсыздар. Сахнаға әр шыққан сайын қандай сезімде боласыз?

- Қай сахна болса да, көрермені бар жер біз үшін сахна. Шетелдік сахна немесе отандық сахна болсын екеуі де үлкен жауапкершілікті күтеді. Шетелге барғаннан кейін міндетті түрде өз еліңнің абыройын,деңгейін көрсетесің. Сондықтан халтура болмайды ол жерде. Бар жаныңды салып,өнеріңді саласың,сол арқылы сенің еліңді таниды. Ал өз елімізде өнер көрсету одан да көп жауапкершілікті талап етеді. Себебі елдің болашағы-жастар. Олар бізге қарап өседі, бізден тәрбие алады. Біз соларға дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз керек. Мысалы консерваторияға концерт береміз деп барған кезде, қанша дайындық болса да,қанша сахнаны көрсең де, консерватория сахнасының үлкен мысы бар. Ол жерде ұстаздарымыз бар,үлкен өнерпаз аталарымыз еңбек жазды,өнер көрсеткен сахна. Ол жерде өнер көрсету – керемет сезім. Ол кезде барлық клеткаларың оянып, барыңды салып шығасың. Жалпы кәсіби мамандардың алдында өнер көрсету өте қиын.

- Шығармашылықтарыңызға байланысты болашаққа құрылған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Жоспар көп. Жақын арада жаңа жоба бастадық,соны жалғастырумыз керек. Оңтүстік Қазақстан өңірінде концерттер өткіздік. Енді Батыс, Шығыс Қазақстан өңірлерінде концерт өткізу ойымызда бар. Клип түсіру ойда бар. 5 күйтабағымызды шығару жоспарланып жатыр. Алда 15 жылдығымыз келе жатыр. Соған сай біршама іс-шаралар жоспарланып жатыр.

- Сұхбат үшін рақмет! Шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін!