Bugin
Алдымда қолжазба дәптер жатыр. Сыртында «Александр Васильевичтің өшпес ерлігі» деп жазылған. Он төрт беті толық толтырылған бұл дәптер Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза болған батыр жерлесіміз Александр Васильевичке арналған. Кейінгі жылдарға дейін оның А.Матросовтың ерлігін қайталағаны белгісіз еді.
Алматы облысындағы Еңбекші қазақ ауданының Николай Островский атындағы мектептен келген дәптерді ашып оқи бастадым.
Бірде 5-класс оқушыларына «Біздің батыр жерлестеріміз» деген тақырыпта шығарма жаздырылады. Шығарманы бәрі жазып шығады. Бірақ өзінің батыр жерлесі жөнінде бірде-бір оқушы жазбапты. Өйткені балалар батыр жерлесінің бар-жоғын білмеген.
Міне, бұл мектептің қызыл ізшілдерін қатты ойландырып, соғысқа қатысқан жерлестерінің ішінде батырдың болған-болмағанын анықтауға себепші болды. Оларға мектеп директоры Н.С.Кибкало, мұғалімдер, пионер вожатыйлар үлкен жәрдем көрсетті. Олар өз жерлестері, осы мектептің түлегі Александр Васильевтің анасы Александра Васильевнаны, туған апасы Мария Николаевна Сеземинаны, кластас жолдасы Владимир Сергеевич Бортниковты тауып алды да, олармен кездесу ұйымдастырды. Олардың естеліктерін жазып алды. Қызыл ізшілдер Минскідегі Белоруссия мемлекеттік музейіне, Белоруссияның Витебск облысындағы Дубрович ауданының Орехов орта және Петрикск сегіз жылдық мектептерінің пионерлеріне ерліктің қалай болғанын, батырдың бейіті қайда жатқанын сұрап хат жазды. Олардан да көп ұзамай жацап хат келді.
Сол материалдардың бәрін жинап, балалар А.Васильев туралы қолжазба дәптер әзірлеп Москваға жіберді. Әскери журналист Н.Кузьминнен «Қымбатты балалар! Васильев туралы дәптерді жібергендеріңе рақмет. Өз жерлестеріңнің ерлігін өздеріңнің анықтағандарың тамаша болған» - деп жазған хат келді балаларға.
Олар жинаған деректер тамаша ерліктің куәсіндей.
Соғыс басталысымен Александрдың әкесі Николай Ефимович майданға аттанды. Сол қарбалас кезде Есік селосына жаралы жауынгерлер келді. Александрдың анасы: «Өзіміз не ішсек, олар да соны ішер. Тұрсын біздікінде», - деп екеуін үйіне тұрғызды. Олардың бірінің аты – Андрей, екіншісі – Николай еді. Біреуі аяғынан, екіншісі қолынан айрылған. Александр олармен көп әңгімелесіп жүрді. Ол «Фашистерді көрдіңіздер ме? Қандай екен өздері?» деп бастырмалата сұрайды Андрей мен Николайдан. Жауынгерлердің әңгімесін тыңдап алғаннан кейін «Жоқ, Коля ағай, қолым мен аяғымды фашистерге бостан-бос бере қоймаспын, көрсетші маған сол фашистерді» деп қызып кететін.
Қарт ана Александра Васильевнаның осындай әңгімесін мектеп оқушылары ылғи да қызыға тыңдайтын. Олар тағы бірде келіп, үй шаруасына көмек көрсеткеннен кейін Александр туралы әңгімелеп беруін өтінді.
- Айтайын, айналайындар, айтайын, - деп ана әңгімесін бастады. – Александар жалғыз ұлым еді. Төрт қыздың ортасында ерке болып өсіп еді. Бірақ дос-жолдастарының арасында қадірлі болды. Ол айтқанын екі етпейтін. Ешкімді оның ренжіткенін көрген емеспін. Мектепте де, үйде де тәртіпті болды. Үйге берілген тапсырманы тыныш отырып өз бетімен дайындайтын. Мектепке барғанымда мұғалімдердің ол туралы айтқан жақсы сөздерінен риза болып қайтушы едім. Егер жолдасымен бірге бір жерге барса, өзі әкесінің костюмін киіп, өзінікін жолдасына кигізетін. Киыншылық кез онда. Ол «Щоре», «Чапаев» кинофильмдерін жақсы көруші еді. Әттең, не керек, қу соғыс қыршынынан қиып кетті ғой.
Ананың ет-жүрегі елжіреп, ауыр күрсінді.
- Соғыс! Қарғыс айтамын мен оған. Менің Александрым сияқты қыршынынан қиылған боздақтар атынан қарғыс айтамын мен оған. Қаншама адамды бақытынан айырды, қаншама шаңырақтың жарығын сөндірді ол. Құрысын соғыс, қарасы өшсін! – деді ана. Айнала оны қоршап отырған балалар орындарынан тұрып тарай бастады.
Александр Васильев мектеп қабырғасынан армияға алынды. Бұл 1942 жылдың аяғы еді.
Майдан шебі. Шабуылға шығар алдында ертемен тыныштықты бұзған артиллерия айналаны күңірентіп жіберді. Жау дзоттарының, блиндаждарының, атыс пункттерінің быт-шыты шығып жатыр. Снарядтар мен миналардың жарылысынан жер сілкінеді. 84-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 247-ші полкінде Оршан бағытындағы жауға қарсы шабуылға шығуға дайындық жүріп жатқан кез еді. Алтыншы ротаның командирі аға лейтенант Емцовқа алдағы траншеялардағы жау әскерлерін жойып, 191,6 биіктікті алу жөнінде бұйрық берілді.
Артиллерия дайындығы біткеннен кейін алтыншы ротаның жауынгерлері сымдай созылған траншеядан шығып алға ұмтылды. Бекіністе жатқан жау әскерлері біздің жауынгерлерді нөсерлете құйған қорғасын оғымен қарсы алды. Сақылдаған пулеметтердің үнінен құлақ тұнады. Құлақ түбінен оқ зу-зу етеді. Сонда да біздің жауынгерлер екпіндей шабуылдап, траншеяларына жақындады.
Бірақ 191,6 биіктікке орналасқан дзоттағы жау пулеметі ротаны жылжытпай қойды. Биіктіктің алдындағы алаң да ашық. Бірнеше жауынгер оққа ұшты. Рота жауынгерлері жер бауырлап жатуға мәжбүр болды.
Рота командирі екі қанатындағы жауынгерлерді шолы өтті. Жауынгерлердің бірі оған бұрылып:
- Жолдас аға лейтенант! Жау пулеметін құртуға рұқсат етіңіз, - деді. Командир жауынгердің қандай қауіпке баратынын сезсе де, оның қолын қатты қысып тұрып, жақсы тілек білдірді.
Әлгі жауынгер ротадан ажырап, биіктікке қарай жылжи жөнелді. Ажал төгіп тұрған дзоттың алдына жақындап келді. Лақтырған гранаталары нысанаға дәл тимей текке кетті. Жау пулеметі онан сайын өршелене атып жатыр.
Жауынгер қайта ілгері жылжып, дзотқа бес-алты метрдей жақын келді. Міне, ол тік түрегелді де адымдай басып келіп, дзоттың аузын денесімен қапсыра құлады. Ер жігіттің қасиетті қанына қақалған жау пулеметінің жағы семді. Сол сәтте-ақ біздің жауынгерлер шабуылға шығып, 191,6 биіктікті алды. 84-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы фашистердің бекінісін бұзып, Оршан бағытымен батысқа қарай бет алды.
Осылайша жетісулық Александр Васильев 1944 жылдың 22 июнь күні он тоғыз жасында Александр Матросовтың ерлігін қайталады.
А.Васильевтің майдандас достары темір каскаларын шешіп, бастарын иіп қоштасты. Ол үшін кек алуға ант етті. Олар ер жауынгердің денесін Дубровин ауданындағы Новая Земля деревнясына жақын жерге жерледі.
Бұл ерлікті Белоруссия пионерлері көп уақыт бойы іздеу салып жүріп анықтады. А.Васильев ерлік жасаған биіктікте қазір ескерткіш – обелиск тұр. Оған: «Бұл жерде, 1944 жылдың июнь айында 84-атқыштар дивизиясындағы №247 атқыштар полкінің қатарындағы гвардия жауынгерлері Александр Васильев Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталады, жау дзотының амбразурасын көкірегімен жапты», - деп жазылған.
Қазір Дубровин ауданында Александр Васильев атында бірнеше пионер отряды бар. Жетісулық қызыл ізшілдерге олардан бірде мынадай хат келді.
«Қымбатты балалар! Сәлеметсіңдер ме? Сендерге хат жазып отырғандар Петрикск сегіз жылдық мектебінің 5-класс пионерлері. Сендер бізден Новая Земля деревнясының маңында қаза болған Александр Николаевич Васильев туралы сұрап едіңдер. Біздің сельсоветтің территориясында батырға ескерткіш – обелиск тұрғызылды. Қыста оған баратын жол тазартылып отырылады. Жазда ескерткіштің айналасы көкорай шалғынмен қырмызы гүлдерге оранады. Обелиск мектебімізден алты шақырымдай жерде болса да, барлық салтанатты мейрамдарымызды оның жанында өткіземіз».
А.Васильев оқыған Еңбекшіқазақ ауданындағы Николай Островский атындағы мектептің оқушылары жерлес батырларына арнап даңқ музейін ашқан, онда А.Васильевтің ерлігі туралы жиналған материалдар қойылған. Еңбекшіқазақ ауданында он шақты пионер отряды Александр Васильевтің есімімен аталады. Николай Островский атындағы мектептің Александр Матросов атындағы пионерлер дружинасының советі қызыл ізшілдердің игі ісін мақұлдап 1967 жылы 20 октябрьде мынадай қаулы алды:
«Александр Матросовтың өшпес ерлігін қайталаған мектебіміздің бұрынғы оқушысы Александр Васильевтің есімі құрмет кітабына жазылсын, әрі ол пионерлердің дружинасына құрметті мүше болсын!» А.Васильевтің жетісулық жерлестері оны өзіміздің Матросовымыз деп орынды мақтан етеді.
Тоқтар Бейісқұлов,
«Кеудесін оққа тосып...» кітабынан алынды