Білім және ғылым
Дәулетше (Дәулетшаһ) Күсепқалиев 1874 жылы 23 тамызда Орал облысының Калмыково уезінде ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Бұл мәлімет Батыс Қазақстан облысының мұражайындағы Дәулетшаһ Күсепқалиевтің ісінен алынған.
Дәулетше Күсепқалиев жеті атасынан тараған хан тұқымы – Әбілхайыр ханнан тарайды. Оның әкесі құжат бойынша Юсуфгирей деп жазылған, негізінде Жүсіпкерей, ал анасы – Хадиша.
Дәулетше Күсепқалиевтің арғы ата-тегiн растайтын құжатта 96 адам қол қойып, рулық таңбасын басқан, 2-інші Өлеңті болысының басқармасынан деп мөрi басылған. Басқа деректерде 1869-1870 жылы Кiшi жүз қазақтарының патшалық және басқару жүйесіне қарсы көтерiлiстi бастаған Күсепқали көтерiлiс жеңіліс тапқаннан кейін, Ахметше, Шәңгерей, Сәлімгерей, Әдiлгерей, Сахыпкерей, Жүсіп дейтiн алты баласымен бірге Сiбiрдегi Екатеринослав уезіне жер аударылды. Жүсіптің баласы Дәулетшаh Старосербск қаласында дүниеге келдi. 1880 жылы тiрi қалған ағаларымен бiрге елге – Жайық өңiрiндегi Азынабай-Тайлақ атырабына, атамекені Ақбақай жайлауына (қазiргi Қаратөбе ауданы Саралжын ауылы маңына) оралды. Дәулетше Күсепқалиев болыстық орыс-қазақ мектебiн және Орынбор гимназиясын тамамдады.
Дәулетше Күсепқалиев 1895 жылдың 8 маусымында Орынбор қаласындағы ерлер гимназиясын күміс медальмен оқып, аяқтап шығады. 1895 жылдын 1-iншi шiлдесiнде Император атындағы Мәскеу университетiне қабылданады. Ал 1900 жылы 12 маусымда осы оқу орнын тамамдап, «Емшi» деген бiлiктiлiк жазылған №911 дипломын алып шығады. Студенттiк жылдары Дәулетше Күсепқалиев Opaл әскери Казахствосының басқармасынан стипендия (шәкiртакы) алып окыған. Кейбiр деректер бойынша осы университеттiң заң факультетiнде қатар оқып, екi дипломды бiрге алған. Сол жылы Орал облысына қарасты Ілбішiн уезiндегi 2-іншi медицина-ауылдық учаскіге дерiгер болып бекітілді. Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрiгерлiк қызмет көрсетті. 1903 жылдан Орал облысындағы Гурьев уезiне қарасты 2-учаскiнiң Есбол, Қарабау, Кермеқас, Тайсойған жане Қызылқоға болыстарына қызмет көрсететін дәрiгер әрi осы учаскiде крестьянский начальник, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесiнiң қамқоршы-попечителі. Көрнектi қазақ ақыны Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей Бөкеевтiң қызы Айшаға үйленедi. 1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушiсi, сондай-ақ крестьянский начальник. Облыстык земство жиынының қаржысын пайдалана отырып, ауруханада жүйке сырқатына шалдыққандарды емдейтiн бөлiмше, перзентхана ашуға ұйытқы болды. Саратовтық эпидемиолог-дәрiгер Г.Кольцовпен бiрге алғаш қазақ даласында обаға қарсы күресетiн лаборатория ұйымдастырды, жұқпалы ауруларға қарсы егу жұмыстарын жүргiздi. 1914 жылы Самара қаласында өткен облыстық обаға қарсы күрес съезіне қатысып, жан-жакты баяндама жасады. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады. Дәулетше Күсепқалиев, сондай-ақ «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердiң бiрi. Осы еңбегі үшiн газет басқармасы 1914 жылы 45-ші нөмiрiнде оған басқа азаматтармен бiрге алғыс айтты. Ол 1915-1916 жылдары Жайық өңiрiнде сауда-кәсіпкерлiк iсiнiң өркендеуiне үлес қосты. Мал тұқымын асылдандырумен айналысты, бiр өркешті бактриян түйелері мен жергiлiктi тұқым арасынан төзiмдi де өнiмдi жаңа нар тұқымын шығарды, шағын несиемен жұмыс iстейтiн шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйытқы болды. Х.Тоқберлиновпен бiрлесiп, «Қазақ» газетінде 1916 жылы шағын қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады. Ақпан революциясынан кейiн іле-шала әлеумет жұмысына араласты. 1917 жылы 10 наурызда Жайық сырты қазақтары өкiлдерiнiң жиналысындағы Ғ.Әлібековтiң төрағалығымен құрылған Жайық сырты бөлігі облыс комитетіне мүшелікке сайланды және осы комитет Орал облыстық азаматтық комитетіне Ғ.Әлібеков, Б.Қаратаевпен бiрге өкiл болып кiрдi. Сол жылы сәуірде өткен 1-ші Орал облыстық қазақ съезiнде Орал облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы желтоқсандағы 2-інші жалпықазақ съезiнiң делегаты, съезд хатшысы. Алаш автономиясын дереу жариялауды жақтап дауыс берді. 1918 жылы каңтарда өткен земство мекемелерiне дауыс берушiлердiң облыстық мәжiлiсiнде Г.Попов, К.Жаленов, Ы.Топаев, Қ.Ғалиев, Ы.Шұғыловпен бірге Жайық сырты облыстық управасының мүшесi болып сайланды. Айтылмыш управа төрағасы Халел Досмұхамедовпен пiкiрлес, идеялас болды. Сол жылы сәуірдің аяқ шенінде Попов, Жаленов, Топаевпен бірге Барбастауда Орал қазақтарының әскери үкіметімен арадағы әскери-саяси одақтық келісімшартқа облыстық управа атынан қол қойды. Мамырда Жымпитыда өткен 4-iншi Орал облыстық қазақ съезiнiң делегаты, съезд төрағасының орынбасары. 1918-1919 жылдары Ж.Мергенов, Жаһанша Досмұхамедовпен бірге «Ойыл уәлаятындағы» Алашорда үкiметi кеңесiнiң мүшесi болды. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруiнен кейін Халел Досмұхамедов капитан Волковпен бiрге Орал қазақтарының әскери үкіметі мән-жайды баяндап, көмек алып келу үшін жiберiлген делегация құрамына кiрдi. Батыс Алашорда таратылған соң, оның жауапты қызметкерлерi қатарында Орынборға әкетiлдi. 1920 жылғы наурыз - 1920 жылғы шілде аралығында Қазақ әскери-революциялық комитетiнiң денсаулық сақтау бөлiмi санитариялық-эпидемиологиялық қосалқы бөлiмiнiң меңгерушісі болды. Өз өтiнiшiмен және Орал губревкомның төрағасы, күйеубаласы: Есенғали Қасаболатовтың сұрауына орай, 1920 жылы шілдеде Жымпиты уездік ауруханасына меңгерушi етiп жiберiлдi. Есенғали Қасаболатов Орынборға ауысқаннан кейiн, 1921 жылы Тайпақ дәрiгерлiк учаскесiне меңгерушi етiп жiберiлдi. Осында жүрiп Жымпиты уезi бойынша медициналық-санитарлық көмек iсiн жолға қоюдың жан-жақты жоспарын жасап, 1921 жылы Орал губревкомы мен денсаулык сақтау бөлімі төралқасының мәжілісінде баяндама жасады. Сол жылы мамырда Орынборда өткен 1-інші Бүкiлқазақ медицина қызметкерлері Кеңесiнде «Орал губерниясына қарасты Жымпиты уезiнiң географиялық, этнографиялық, тұрмыстық жағдайы және медицина-санитарлық ахуалы» атты тақырыпта баяндама жасады. Денсаулық жағдайына байланысты өз өтiнiшiмен қызметтен босатылып, атамекені – Азынабай-Тайпақ жерiнде шаруамен айналысты. 1928 жылы күзде «жартылай феодал» әрі бұрынғы Алашорда қайраткері деген екі категориямен тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округiне жер аударылды. 1929-1934 жылдар аралығында Алматыда, республикалық венерологиялық диспансерде дәрiгер әрі Алматы ауылшаруашылык институтында оқытушы. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысының Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданындағы ауруханасының, Семей облысы Абай ауданындағы аурухананың бас дәрirepi. 1944 жылы сонғы қызмет еткен жерінде қайтыс болды. Дәулетше Күсепқалиев еңбек еткен ауруханасының лазареті бүгiнде Жымпиты елді мекенінде сақталған. Осы лазаретті күрделі жөндеуден өткізіп, емхана ретінде қолдануға болады және Дәулетше Күсепқалиевтің есімі Жымпиты ауылының көшесіне берілсе, өте орынды болар еді.
мәлімет «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов» кітабынан алынды (авторы: Д.Сүлейменова)