Саясат
Білім
Аймақтың білім додаларында топ жарып, биліктің көзіне түсіп, қолдауына ие болады. Ақпарат құралына шығып, елге танылады. Ал, облыстық, республикалық білім бәйгелерінен ысылып шыққандары халықаралық олимпиадаларда бақ сынайды. Уақыт өте келе, баланың бойында ізденіс туа бастайды. Салыстырмалы анализ жасап, елдегі білім саласының оң мен солын ажыратады. Осылайша елдің білімін жеткілікті деңгейде алып шыққан дарындылар сырт елдің үздік оқу орындарының гранттарына қызығады. Шетелдік университеттерді зерттей келе, сынақтарын тапсырып, нәтижеге көз салып жүреді. Түптің түбінде, шетелдік университетке шақырту алады. Осылайша, қабілеттілер Қазақстаннан кете береді. Бұл елдегі білімді балалардың басым бөлігінде бар жағдай.
Тағы бір озат оқушы туралы. Әмір Мұхаммед-Әли де АҚШ-тың Принстон университетіне шақырту алған. Математика мен физика пәніндегі сынақтарды сәтті тапсырған оқушы құрама штаттағы университеттің оң бағасын алған. 6-сыныптан бері үздік атанып келген ол алғашында тілдік кедергілермен бетпе-бет келген. Алайда, бұл оның грантқа қол жеткізуіне тұсау болмапты. Сол үшін де Әмір белгілі ғалымдардың дәрісін тыңдап, кеңес алған. Бразилия мен Гонконгта өткен халықаралық олимпиададан жеңімпаз атанған оның қалауы Массачусетстегі технология университеті. Әйткенмен, жас дарын ендігі Принстонға аттанды. Шетелдік тәжірибені көруге асық талант Қазақстанға қайта оралуды әзірге жауабы жоқ сұрақ ретінде қалдырыпты. Оны "Астана" арнасына берген мына сұхбатынан айқын аңғаруға болады.
"Мен елімді жақсы көремін. Бұл менің туып-өскен жерім ғой. Дегенмен объективті ойланып көрелікші. Шын мәнінде қазақстандық жоғарғы оқу орындары АҚШ университеттерімен салыстырсақ, көш соңында. Ал, мен өзімнің потенциалымды бағаланбайтын бағытқа бекер шашқым келмейді. Керісінше, толықтай пайдалансам деген мақсатым бар. Егер "ақылды балалар" елде қалатын болса, олар ағартушылықпен айналысар еді. Яғни, басқаларды үйретеді. Өйткені білімді бөлісу керек. Ал, "ақылды бала" Қазақстанда қалу үшін оны бұл жақта бір нәрсе тартып тұруы керек. Ойыма түсіп тұрғаны - еңбекақы...
Бұл екі мысалды неге айтып отырмыз? Соңғы жылдары қабілеттілер сыртқа кеткенді дұрыс көреді. Біліміне сенетін дарынды балалардың бақытын басқа елден табуына нендей себептер бар екенін зерттеуге ұмтылдық. Алдымен, жауапты министрлік Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жаздық. Шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарын иеленген оқушылар мен шетелдік компаниялардан шақырту алған озат оқушылар туралы мәлімет сұрадық. Осындайда көп дүниенің сыры ашылады. Басқасы басқа, елдегі білім мен ғылым саласына жауапты министрлік сұрау салған сұрақтарға шетелдік грантқа қолы жеткен оқушылар туралы статистикалық есеп жоқ деп қысқа қайыра салды. Бұл қалай болғаны?!
Көрші Ресей "утечка мозгов" деп жарияға салып жатқанда қабілеттілердің қайда кетіп жатқаны туралы сұраққа жауапты министрліктің мәліметсіз отыруы біздегі атқарушы биліктің қалай жұмыс істейтіндігін аңғартып қойды. Мардымды жауап ала алмағандықтан шетелдің үздік оқу орындарына түскен дарынды жастар туралы "Назарбаев зияткерлік мектебі" АҚ Басқарма төрайымына хат жаздық. Журналистік зерттеуге қажет сұрақтарға қатысты жауапты тек 10 күннен кейін ғана алдық. Сонымен, зияткерлік мектеп ашылғалы бері Қазақстанда 5660 түлек оқуды тәмамдаған. Ал, бүгінде барлық зияткерлік мектептер арасында 5026 (88,8%) түлек қазақстандық жоғары оқу орнына, оның 634 шетелдік жоғарғы оқу орындарына түскен. Осы түлектердің арасынан 480 бала грантқа, 154 түлек әр түрлі жеңілдікпен оқуға түскен екен. Бұл - ресми мәлімет.
Ал, өткен 2016-2017 оқу жылында 12 жылдық жүйеге байланысты 4 Зияткерлік мектептен 404 түлек оқуға түскен, оның 320-дан астам түлегі қазақстандық жоғары оқу орындарына, қалған 88 түлек шетелдік жоғарғы оқу орындарына шақырту алыпты. Неге екені белгісіз, осы 88 жастың 7-і шетелде білім алудан бас тартып, елде оқуын жалғастырған. 81 түлектің 61-і грант есебінен білім алып жүр.
Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту жөніндегі департаментінің менеджері Арман Балғатаев бізге зияткерлік мектептің бірыңғай ақпараттық білім ортасы аталатын арнайы сайттан да мәлімет таба алатындығын еске салды. Аталған сайтты зерделей келе аңғарғанымыз, жастардың шетелдік университеттерге құжат тапсыру жөнінен Қытай көш бастап тұр екен. Мұнан кейінгі тізімді Чехия, АҚШ, Нидерланды, Малайзия, Ұлыбритания жалғайды. Оңтүстік Корея мен Түркия да тізімнен табылады. Ал, маман иесі атануға талпынатындардың дені инженерлік-техникалық, экономикалық, ғылым, гуманитарлық бағыттарды таңдайды.
Әлгінде ғана мысал еткен екі оқушының да шетелдік грантқа қолы жетіп отырғаны рас. Дегенмен, мәселенің екінші жағы да бар. Қабілеттілердің өз елімізде қалғанын құп көретін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова әлеуметтік парақшасында "дарынды балаларды біз Америкаға даярлап жатқандаймыз" деген ой тастайды. Депутат жазбасында зияткерлік мектепте білім алған оқушыларға ел бюджетінен айына 180 мың теңге бөлінетіндігін және оған шетелдік мамандар мен үздік ұстаздар қызмет қылатынын ашып жазған. Демек, елдің қолдауына ие болған бала шетелдің таңдауына сүйенеді. Яғни оқыған азаматтар елге емес, өзгеге қызмет қылады. Алайда Чехия астанасы Прагада білім алатын студент Бауыржан Батырбеков депутат Ирина Смирнованың пікірімен келіспейді. Ол елден кеткен дарындыларды сатқын деп қарамау қажет деп есептейді. Дарынды бала қай елде де дарынын дамыта алады деген пікір қосты.
Қалай десек те, дарындылар дамыған елдерде білімін жалғастыруды жөн көреді. Дегенмен, олардың саны елде қалып, отандық оқу ордаларында білім алып жүрген студенттерден көп емес. Бірақ, ақылдылар үшін ашық таластың қазір қызған шағы. Тегін оқу, жақсы шәкіртақы беріп қызықтыра алатын Еуропа еліне аңсары ауатын жастардың елден кетуіне де осы білімдегі жағдайлар да себеп. Мәселен, бүгінде аспан асты еліне құжат тапсырып, тілдік білімін дәлелдеген қазақ жастарының қарасы қалың. Себептің тағы бірі - елде жастарға арналған шынайы бағдарламалардың жоқтығы. Бұл әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевтың пікірі.
"Миграция Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізіп жатқанын айта кету керек. Көп жағдайда білікті мамандардың орны бос қалады. Сәйкесінше, адами капитал сапасы төмендеуде. Бұл - Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін жағымсыз дүние. Осы факторлар білім сапасының төмендеуіне, әлеуметтік қызмет көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау саласының төмендеуіне әкеледі. Миграция әсерінен Қазақстанның экономикалық зардаптары туралы зерттеулер өкінішке қарай жоқ. Сондықтан мемлекет талантты, білімді жастарды қолдауға мән беруі қажет. "Жас кадрлар сыртқа кетпеуі үшін мемлекет не істей алады?" деген сұраққа жауап іздеу керек. Жас мамандарға бағытталған бағдарламалар, нақты іс-әрекеттер қажет-ақ".
Сайып келгенде, сарапшылар мен жастардың көзқарасы бір арнаға тоғысып тұр. Жастарды мұнда ұстап тұрудың бірінші жолы - еңбекақы, жайлы жұмыс. Оған баспананың жоқтығын қосыңыз. Жемқорлық факторы да аяқтан тартады. Бұған елдегі білім жүйесінің сәт сайын реформалануы да жастарды қыр асыруға жол ашып жатыр.
Мұхит асып, жыраққа кеткен қазақ жастарының елге оралу не оралмауын әрбір түлек өзі шешеді. Алайда, ел ішінде білім алып, биікке көтерілген дарындылардың өзге елдің түтінін түзу етіп, жат жердің табысын еселеуі қазақ интелегенциясын алаңдатады. Жаһанның жуан елдеріндегі жағдайға еті үйреніп қалған жастардың ішінде де отанына оралып, адал қызмет атқарып жүргендері қаншама. Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің бірнеше жыл бұрын жүргізген статистикасына көз салсақ, жастардың 23,7 пайызы Ресейге немесе жақын шетелдерге, әсіресе ТМД елдеріне кетуге ұмтылады екен. Ал, алыс шетелге шығып, сонда тұруға ықылас танытқандар қатары 13,8 пайызға жетіп жығылған.
Түйін. Жалақысы жоғары, мәртебесі биік маман иесі болуға әркімнің таласы бар. Шартараптың мойындалған білім жүйесіне мойын ұсынатын қазақ жастарының білім жолында ізденіп жүргендері көңіл қуантады. Бірақ, қазақ қоғамын аландататыны - қазақ жастарының шетелдің азаматтығын алып, сонда тұрақтап қалуы. Мықты мамандар өзімізге керек, ал оларды ұстап тұрудың тетігін табу адами капитал сапасына мән беретін кезеңнің жеткендігін ұғындырып тұр.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН