Bugin
Қазақстан азаматтарының зейнетке ерте шығуына мүмкіндігі бар. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзі жинаған қаржысы белгіленген мөлшерге жетсе болғаны. Әрі сақтандыру компаниясымен шарт жасасып, ер адамдар 55 жасында, әйелдер 52 жасында зейнетке шыға алады. Ерте зейнетке шығудың бұл тәсілі жайлы Bugin.kz деректер жинап көрді.
Қалай ол?
Зейнетке ерте шығудың бұл тәсілін зейнетақы аннуитеті деп атайды.
Зейнетақы аннуитеті дегеніміз – бұл өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – БЖЗҚ) салымшыларына зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда, белгіленген мерзімнен бұрын «зейнетақы» алуды бастауға мүмкіндік беретін өнім.
Бір қарағанда, «зейнетақы» деген сөз болғанымен, бұл таза сақтандыру компаниялары ұсынып отырған төлемнің түрі. Яғни, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қатысы жоқ.
Кімге?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында белгіленген соманы жинап үлгермен азаматтар зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, ертең зейнет демалысына кетуге құқылы. Яғни, 2022 жылғы белгіленген шекті алсақ, БЖЗҚ-да 7 089 986 теңге жинаған 55 жастағы ер адам мен 8 873 440 теңге жинаған әйелдер сақтандыру компанияларымен шарт жасасып, жинақтау қорындағы бұл соманы сақтандыруға аударып, қалған өмірін зейнетақымен өткізуге мүмкіндігі бар.
Бір айта кетерлігі, зейнетақы аннуитетін рәсімдеудің сомасы әр жылда әртүрлі. Мәселен, 2021 жылы 55 жастағы ерлер 6,7 млн теңге, 52 жастағы әйелдер 9 млн теңге жинауы керек еді. 2016 жылы 55 жастағы ер адамға 6,3 млн теңге, 50 жастағы әйел адам 8,8 млн теңге деп белгіленген.
2020 жылы 55 жастағы ер адам үшін 11,3 млн теңгені, ал 52 жастағы әйел үшін 15,5 млн теңгені құраған.
Қанша алады?
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтарға күнкөріс деңгейі деп үкімет бекіткен соманың 70 пайызына жуық зейнетақы төлемі беріледі. 2022 жылғы сома – 25 мың теңге. Ал аннуитет рәсімдеген азамат зейнет жасы – 63-ке жеткенде толықтай мемлекет беретін зейнетақыға қол жеткізеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда зейнетақы аннуитетін рәсімдеумен 7 сақтандыру компаниясы айналысып жатыр.
Сақтандырудың ерекшелігі мен нюанстары
БЖЗҚ-дан және сақтандыру компаниясынан берілетін зейнетақының айырмашылығы бар.
БЖЗҚ-дан тікелей зейнетақы алған кезде төлемдер салымшының зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Ал сақтандыру ұйымынан төленетін төлемдер салымшының зейнетақы жинақтарының аяқталған-аяқталмағанына қарамайды, өмір бойы төленеді. Яғни, төлем мерзімі БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударылған жинақтардың көлеміне байланысты емес.
Бірақ зейнетақы аннуитетін рәсімдеген жағдайда мұраға қалдыра алмаймыз. Ал БЖЗҚ-да мұраға қалдыруға болады.
Егер салымшы өзінің барлық зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына толығымен аударып, кейіннен БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аудармаса, онда ол зейнетақы жасына жеткенде қордан ешқандай төлем алмайтынын білген жөн. Сондықтан БЖЗҚ-дағы шотта жиналған қаржының бір бөлігін қалдырып, кейін ай сайын зейнетақы жарнасын аударып тұрса болады.