Bugin

Әнуар Тарақовтың әдебиеттануға қосқан үлесі

Әнуар Сауатұлы Тарақов – 65 жас

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі ғалым, журналист, ақын Әнуар Сауатұлының есімі қазақ жұртына кеңінен танымал. Шығармашылықты поэзиядан бастаған ақынның өлеңдері «Баспалдақтар», «Атамекен» деген ұжымдық жинақтарға еніп, бірнеше әндерге сөз жазғаны белгілі.  

Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін бітіргеннен кейін 1980-1990 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, 1990-1992 жылдары «Парасат» журналында, 1992-2000 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде қызмет істеп, қазақ баспасөзінің өркендеуіне қыруар үлес қосты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазған-сызғанымызды алып, «Алматы ақшамы» газетіне көп баратынбыз. Әнуар Тарақ есімі өз басыма сол жылдардан бері жақсы таныс.

Поэзиядағы, журналистикадағы шығармашылығын ғылыммен ұштастырып, 1998 жылы «Өлең-толғаулар және тарихи жыр-дастандардағы Абылай хан тұлғасы» деген тақырыпты кандидаттық диссертация қорғады. Бұл тұста ғалым әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін зерттеуге ден қойды. Үш жүздің басын қосып, жоңғарларды қазақ жерінен түре қуып шыққан Абылай хан бабамыз туралы бүгін айту оңай болғанмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол туралы жазылған түрлі туындыларды жинау, оларды жүйелеу, ғылыми саралау оңай болған жоқ. Тарихи тұлғаның көркем шығармадағы көркем бейнесін тарих деректермен, мұрғат құжаттарымен дәйектеуге тура келді. Өмірі мен қайраткерлігіне қатысты ауыздан-ауызға тараған аңыз-әңгімелерді, тарихи жыр-дастандарды жинақтап, оларды ғылыми айналымға түсірді. Соның негізінде қазақтың ханын кеңестік жүйенің солшыл саясаты тырнағынан арашалап алды.

Ғалым сүйікті тақырыбын тереңдете зерттеп, 2006 жылы ҚР ҰҒА академигі С.С.Қирабаевтың ғылыми жетекшілігімен «Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы» (Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы) атты докторлық диссертация қорғады. Әнуар ағамызды жақынырақ танудың реті осы кезбен тұспа-тұс келеді. Бір тақырып аясында ізденіп материал жинау, өзіңе дейінгі жазылғандарды жинау, оларды жүйелеп зерттеу – ғылымның көзге көрінбейтін шаруалары. Ер адамдар көбіне тақырыпты зерттеуге күш салып, қорғауға дейін, қорғағаннан кейін жиналатын іс қағаздарына келгенде болдырып қалады. Ондай кезде іс қағаздарына көмектесетін адам іздеп шарқ ұрып жатады. Стенограмманы қағазға түсіру – олар үшін алапат жұмыс саналады. Әнуар Сауатұлы қағазға өте мұқият, тап-тұйнақтай екенін докторлық диссертация қорғау кезінде көрсетті. Сонымен бірге жауапкершілігі аса жоғары маман. Өзіне қатысты қандай шаруаны да кешіктірмей, алдын-ала дер уақытында дайындап қоятын.

Ғылымдағы осы тиянақтылығын «Абылай хан» монографиясынан көруге болады. Көзі тірісінде аты аңызға айналған тарихи тұлғаның ұлттық әдебиеттегі көркем бейнесін Абылай хан билік құрған ХҮІІІ ғасырдағы тарихи жағдайлар сол кездегі орыс, қытай құжаттары және ақын-жазушылар поэзиясы негізінде талданған. Монографияда Абылай хан туралы ел арасындағы аңыз-әңгімелерден бастап, жазба әдебиеттегі көркем бейнесін толығымен жүйелеп, зерттеп шыққан. ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Тәңірбергенов, М.Айтбаев сияқты ақындардың дастандары мен М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, Қ.Жұмаділов тәрізді жазушылардың прозалық шығармаларындағы кейіпкер бейнесінің сомдалуы дәстүр сабақтастығымен жалғасын тапқан. Кеңестік дәуір тұсында Абылай ханға деген көзқарастың теріс болуынан ол туралы жазудың да түрлі қиыншылықтары болды. ХХ ғасырдың басында жазылған поэмаларда ол негізінен біржақты, жағымсыз кейіпкер ретінде суреттелді. Кейінгі жылдары жазылған тарихи романдардың өзінде жазушыларға үш жүздің басын қосқан хан Абылайды саясат тырнағынан арашалап алу оңай болған жоқ. Сондықтан тарихи романдарда да кереғар пікірлер орын алды.

«Ұрпақтың отаншылдық, патриоттық сезімін шыңдау, өткеннің тарихы арқылы таным-түсінігін тәрбиелеу, ұлттық мақтанышын қалыптастырып, тарихи санасын дамыту – тарихи туындылардың басты тәрбиелік-тағлымдық ерекшеліктері», – дей келіп, тарихи романдардағы тарихи қайраткердің өмір жолына, ерлік өнегесіне, даналық қағидаларына, асыл қасиеттері мен істеріне көңіл аударды. Жазушылардың Абылай ханның ойларын, сезімдерін, іс-әрекеттерін тарихи шындыққа сай бейнелегеніне, дәуір қайшылығын, қым қуыт тартыстарды кейіпкер тарихымен ұштастыра суреттегендігіне үңілді.

Моногрфияның бірінші тарауында Абылай ханды ұлы қайраткер етіп көрсету үшін мұрағат деректеріне, тарихи құжаттарға үңілуге тура келді. Ал, оның көркем әдебиеттегі бейнесі М.Әуезовтің «Хан Кене», С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз», І.Есенберлиннің «Жанталас», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң»,  С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романдарымен, М.Байсеркеновтің «Абылай ханның ақырғы күндері» атты екі бөлімді реквиемі, «Абылайдың аманаты» драмасы, С.Жүнісовтің «Абылай» кинохикаяты, «Тұрымтайдай ұл еді» пьесасы, А.Сатаевтың «Абылай жайлы хикаялары», И.Оразбайдың «Жәбек-Шаған» драмалық дастанымен толыға түсті.  

Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары жазылған тұсы  –кеңестік идеологияның Абылай ханды қаралап, тарихи шындық бүркемеленіп тұрған шақ еді. Аталған романдардағы осы олқылықты жазушы еліміз егемендік алған соң, «Абылай хан» драмалық дастанымен толықтырды. Зерттеуші қаламгерлердің Абылай бейнесін сомдаудағы қиындықтарын заман, уақыт, идеология қайшылықтарымен түсіндірді.

ХХ ғасырдың 20-40 жылдары жазылған С.Сейфуллиннің «Көкшетау», М.Жұмабаевтың «Батыр Баян», Ә.Тәңірбергеновтің «Абылай хан», М.Айтбаевтың «Хан Абылай» дастарындағы кереғар пікірлерден кеңестік идеологияның салқын саясаты анық аңғарылады. Жазылу уақыты жағынан М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» 1923 жыл, С.Сейфуллиннің «Көкшетау» 1929 жыл, яғни бір кезең болғанмен, ақындардың ұстанған көзқарасы кереғар. Осының өзінен адамды заман билейтіні аңғарылады. Абылай «Батыр Баянда» тарихи дәуір аясында жырланса, «Көкшетауда» қатыгез, зұлымдық бейнесіне жырланғанын өзіне дейінгі жазылған ғалымдардың пікірлерімен дәйектеген.

Ғалымның келесі еңбегі – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының құндылықтарын жаңаша пайымдаған «Кемеңгерлік кереметіндегі көркемдік» монографиясы.  Абайдай ұлы ақынды тәрбиелеген қазақ деген ұлы халықты әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясын бүгінгі күн тұрғысынан қайта қарау – әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі. Ұлы ақынды тәрбиелеген әкесі Құнанбай бейнесінің өзі қайта қарауды қажет етеді.

Монографияның құрылымы «Абай жолының» азапты жолы», «Тарихи туындының тәлімдік қырлары», «Суреткердің көркемдік әлемі (шығармадағы психологиялық, пейзаждық бейнелеулер)», «Ұлы тұлға тағылымдары», «Заман тартысындағы күрескерлік мұраттар» деген негізгі бес тараудан тұрады. Монографияның кіріспесінде ғалым: «М.Әуезовтің «Абай жолын» қайта оқу барысында алдымен Абайды, сонан кейін Мұхтар Омарханұлының даналық даралығында ғажайып эпопеяның қайталанбас құндылығын сезініп, танып, тағылымдық-тәрбиелік асыл қырларына қанықтық. Сол талпыныс сезімі ғаламат кітаптың көркемдік ерекшеліктерін жарқырата ашуға құлшындырды», – дейді,

«Абай жолының» азапты жолы»  деген алғашқы тарауда М.Әуезовке Абай туралы зерттеу де, шығарма жазу да қандай қиындық туғызғаны ақынның жеке басына, өлеңдеріне қатысты советтік идеологияның айыптауларымен жинақталса, «Тарихи туындының тәлімдік қырлары» деген тарауда эпопеяның оқырманға берер тәлімдік-тәрбиелік қырлары таратыла зерттелген.  Зерттеуші эпопеядағы ұлттық ерекшеліктерді әдет-ғұрып, салт-дәстүрмен, дін жолындағы берік ұстанымдармен сараптаған.

«Суреткердің көркемдік әлемі (шығармадағы психологиялық, пейзаждық бейнелеулер)» тарауында роман эпопеядағы портреттік суреттемелер, пейзаж бен психологиялық суреттемелерге талдау жасалса, «Ұлы тұлға тағылымдары» махаббат пен ғашықтық, ар-намыс мәселелеріне көңіл аударылған.  

«Заман тартысындағы күрескерлік мұраттар» тарауында ұлы ақынның ұлт күрескеріне көтерілуі, рухани қайраткерлігі, жастарға жанашырлығы, ақылшы ұстаздығы романдағы нақты мысалдармен жүйеленген.

 

Қазіргі таңда ғылымды педагогикамен ұштастырып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасында филолог-ғалымдар, магистранттар, докторанттар мен аудармашыларға дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеуде. Аударма саласында білімгерлерге арнап «Әлем әдебиеті және көркем аударма», «Аударма теориясы», «Бәйшешек» ­ –  көркем аударма жинағы», «Аударма әлемі», «аударма ісі негіздері және стилистика», «Аударманың теориялық жән прагматикалық мәселелері», «Абайдың аудармашылық таланты» атты теориялық еңбектер жазды. Жастар тәрбиесімен айналысқан ұстаздың «Жастар тәрбиесі және дәстүр сабақтастығы» еңбегінде тәрбиенің ұлттық негіздеріне көңіл аударылды. Ол дайындаған жас ғалымдар еліміздің түкпір-түкпірінде мамандықтары бойынша еңбек етуде.

Бергенінен берері көп Әнуар Сауатұлына алдағы уақытта мәдениет пен әдебиетті, ұлттық тарихты насихаттауда, шәкірт тәрбиелеуде, шығармашылық жұмыста толағай табыс тілейміз. 

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі

әдебиет және көркем публицистика

бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., проф.