Білім және ғылым

Ресей патша әскерiнде қызмет еткен алашордалық Сабыр Сарығожин туралы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сабыр Сарығожин туған жылы белгісіз, туған жері – Қаратөбе, Соналы болысы Қалдығайты өзенінің төменгі ағысы, Байғұтты Шолақ Қамыс бойы. Ресей империясының мирасты, құрметті азаматы, Мұхаммеджан (Ақшолақ) Сарығожинның ағайындас інісі. Генерал-майор шені бар әскери қайраткер. Ол он екі ата Байұлына жататын алаша руының Кенжеғара бөлiмiнен шыққан. Әкесі - Тапай (Көшербай Ақшолақтың iнiсi).

Тапайдың зираты Шоңқайлы көл қауымында, Ақшолақтың зираты қасында. Орал қаласындағы әскери-реалды училищесін үздiк бiтiрiп, Мәскеу жоғары әскери мектебіне жолдама алған. Осы арада айта кететін жайт, Сабыр Сарығожинның аталған оқу орындарына қай жылдары түскенi, қашан бiтiргенi белгiсiз. Сабыр Сарығожин Мәскеудiң жоғары әскери мектебiн үздік бiтiредi. Бiрақ бұл оған пайда бермейді. Оның бiлiмдарлығы мен тапқырлық талантына қызыққан патша шенеуніктері Сабырды елге қайтармай, өздері үшiн қызмет істетудiң қамын жасап, Мәскеуге алып калады. Сонымен ол көп жылдар Мәскеуде, Ресей патша әскерiнде қызмет етеді. Сабыр Сарығожинның елге қашан оралғаны да анық емес. 1918 жылы Жымпитыдағы «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкiметiнiң әскери жасағын Сабыр Сарығожин, Нәдiрше Сұлтангерейұлы Есімханов басқарды, бас интендант мiндетiн Беркiнғали Атшыбаев атқарды. Уәлаят әскерi офицерлері арасында Бақытжан Қаратаевтың баласы хорунжий Мұрат Қаратаев, Мұхит Мерәліұлының немересі, прапорщик Ғабдолла Мұхитов және т.б. болған.

1918 жылы шiлдеде Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебі ашылды. Әскер қатарына алу барысында еріктілік принципі сақталды, яғни әрбiр елу үй ат-көлігімен, ер-тұрманымен бiр жiгiт беру керек болды. Олай болмаған жағдайда болашақ сарбаз жеребе тастау жолымен таңдалды. Әскери бөлімшелер ондық, елулік, жүздiкке бөлiнiп, бес-алты жүздiктен бiр полк құралды.

Әскери киім үлгісі: шолақ татар шекпен, биік саптама етік, дөңгелек жиектi шошақ бөрiк, иыкта жүздiктiң нөмiрi көрсетiлген погон. Әскери жорыққа ақ ту ұстап шыққан. Осылайша Алашорда әскерiнiң құрамасы жасақталған. Уәлаяттың әскер жасағын жасақтауда Сабыр Сарығожин ерекше еңбек еткен. Осы жұмысты Сабыр Сарығожин бiр жыл атқарады. Сол кезде Алаш әскерінің кәсіби деңгейін көтеру үшін барын салып жұмыс істеген. 1918-1919 жылдары Жымпитыдағы Алашорда үкiметiнiң әскери комиссары, юнкерлер мектебiнiң қолбасшысы болған. Алашорда таратылып, қызыл үкiмет орнай бастаған кезде бұрын ақ патша әскерінің құрамында жұмыс істеген, кейiн Алашорданың әскери комиссары болған адамды қызыл үкiметтiң аяусыз жазалайтынын сезсе керек. Ол 1919 жылдың күзiнде Қара теңіз арқылы Англияга өтіп кеткен. Әйелi орыс, екi кызы, бiр ұлы болған. Орыс әйелі Сабыр өлгенге дейiн Жымпитыдағы Сарығожиндармен хабарласып тұрған. 1925 жылы қайтыс болғаны туралы әйелі елдегі Кенжеғара ағайындарына хабар жеткізген. Ал iнiсi Сарығожин Әмiре Көженбайұлы туралы журналист Амантай Боранұловтың «Жазықсыз жазаланған боздақтар» деген кітабында (Орал, 1998ж.) деректер келтiредi. Онда: «Сарығожин Әміре Көженбайұлы 1901 жылы Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауыл кеңесiнде туған, партияда жоқ. Жымпиты аудандық комитетінің экономисі, қызметкер. 1 желтоқсан 1937 жылы Үштіктің қаулысымен 58-10-11 баптарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

«28 қаңтар 1970 жылы Орал облыстық сотының қаулысымен ақталған», - деп жазылған.

Сабыр Сарығожинның кейінгі тағдырын бiлгiсi келiп, қаратөбелік ағайыны Тілек Сағынов көп iзденді. Қазақстан  Республикасы Қызыл Ай қоғамына жіберген сұрау хатына: «Сiздiң Сабыр Сарығожинның тағдыры туралы сұрау салуыңызға тек ата-анасының, балаларының, әйелiнiң ғана заң жүзiнде құқы бар. Бiз сiзге көмек көрсете алмағанымызға өкiнiштiмiз. Іздестiру қызметінің қызметкері Л.Г.Шамшура. 24.03.2004» деген жауап алынған. Одан кейін Тілек Сағынов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне де хат жолдап, жоғарыдағы мазмұндағыдай жауап алады.

мәлімет «Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов» кітабынан алынды (авторы: Д.Сүлейменова)