Bugin

АҚШ Украинаға қуатты реактивті артиллериясын берді: Енді соғыс барысы қалай болмақ?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ президенті бүгін, 1 маусым күні, Джо Байден Украинаға қуатты реактивті артиллерияларын – дүркін оқу ату қаруларын беретінін растады. Украина үшін бұл жаңалық тарихи оқиғамен пара-пар. Өйткені украиндар соғыс басталғаннан бері алғаш рет осындай қуатты қаруға қол жеткізіп отыр.

Ендеше Америка берген реактивті артиллериялардың қуаты мен басымдығы неде – соны қарастырып көрейік.

Украина билігі соғыста жеңіске жеткізетін қарудың бірі – дәл осы артиллериялық қару екенін талайдан бері айтып жүр еді. Батыс елдері де артиллериялық қаруға басымдық берген. Украина әскерінде кәсібилік пен тәжірибе жеткілікті, алайда қуатты қаруға қолы жетпей жүрді. Артиллериялық қарулар жау әскерін алыстан талқандауға, сол арқылы контршабуылға шығуға мүмкіндік береді.

АҚШ-тың бір шарты бар

The New York Times басылымының жазуынша, Вашингтон билігі Украинаға бергелі отырған қуатты артиллериялық қаруларының аты – M31 GMLRS пен HIMARS дүркіндеп оқ ату қарулары. Яғни, екі түрлі қару бермек.

АҚШ билігі Украинаға қаруды бере отырып мынадай бір шарт қойған: бұл артиллериялық қарулармен Ресейдің территориясына қарай оқ атылмауы тиіс. Өйткені HIMARS зымырандарының кейбірі 300-500 шақырымға дейін ұшып барып мүмкін. Украина әскері осыдан сақтануы қажет. Одан бөлек, мұндай қуатты қаруларды Украинаның қолына түссе, бұған Ресей АҚШ-ты кінәлап, «төбелеске аралыстыңдар» деп шамдануы мүмкін.

Вашингтон берген артиллерияның қуаты қаншалық?

The New York Times басылымның дерегіне сүйенсек, M31 GMLRS пен HIMARS артиллериясы – нысанды спутникпен дәл көздеп ататын қуатты, жоғары мобильді зымыран кешені. Қуатты дейтін себебіміз бір атылғанда 225 келілік авиабомбаның нысанаға апарып тастап жіберетіндей қарқыны бар.

Украина әскерінің қазір өз қолындағы артиллериялық қарулардың зымыраны ары кетсе 40-50 шақырымға ғана жетеді. Ал АҚШ берген артиллериялық қарулар кем дегенде 65 шақырымдағы нысанды атып түсіреді. Ал ең қуаттылары 500 шақырымға дейін оқ ата алады. Әсіресе, HIMARS жүйесінің баллистикалық зымырандары 300 шақырымға жетсе, PrSM атты түрлері 500 шақырымға дейін жерді еңсереді. Бір атқанда 12 зымыран атады.

Украина әскері бұл артиллерияларды жау әскерінің логистикалық және оқу-қару базаларын, байланыс пунктерін, аэдром мен басқа да маңызды нысандарын атуға қолданары анық.  

Бұл қарулар орыс әскеріндегі Град, Смерч және Ураган кешендеріне ұқсас. Алайда сарапшылардың айтуынша, одан қуаттырақ.

Ресей артиллериясы. Ураган.

Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, бұл қарулар соғыс тактикасын түбегейлі өзгертуге себеп болуы мүмкін. Ресей әскерінің тез жеңілуіне әкелуі мүмкін деседі.

АҚШ әскерлері HIMARS-ты көп қолданған емес. 2010 жылы Ауғанстанда, 2018 жылы Сирияда қолданып көрген.

MLRS-ты алғаш рет 1991 жылы ирак соғысында Боран операциясында қолданған. Сол жылдары Парсы шығанағына барлығы 32 зымыран тасталған екен.

GMLRS артиллериясын 2003-2011 жылдары тағы да ирак соғысында қолданған. Ирактың партизан нысандары мен инфрақұрылымдарды талқандауға пайдаланған. 2006 жылы Ливияда бір рет атылған.

Бұл артиллерия тағы кімде бар?

АҚШ өзі жасаған MLRS артиллериясын Германия, Дания, Норвегия, Ұлыбритания, Израиль, Нидерланды, Финляндия, Франция мен Жапонияға берген. Алғаш 1983 жылы шетелге берген екен.

Ал HIMARS-ты Сингапур, Біріккен Араб әмірлігі, Иордания мен Румынияға берген.

Бір MLRS қаруының бағасы $2,3 млн тұрады.