Әлем

Ресей әскерін Украина қалаларын қайта жөндеу жұмысына салу керек – соғыс ардагері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде Германияда Ұлы Отан соғысының ардагерлері балаларымен бірге тұрады. Олардың саны күннен күнге азайып жатыр. Ленинград түбінде шайқасқан олар қазіргі Украинада болып жатқан соғыс туралы пікір білдіргілері келмейді. Өйткені сол кезде сезінген эмоция жүрек түкпірінде әлі де сақталған. Алайда 83 жастағы Клавдия Лейбова соғыс туралы ойын айтуға келісті, деп жазады Bugin.kz порталы dw.com сайтына сілтеме жасап.

«Ұйқысыз түндер өтті»

Клавдия Лейбова қазіргі уақытта Ратингенде, Дюссельдорф қаласының жанында тұрады. Ол 1998 жылы күйеуімен Киевтен Германияға қоныс аударған.

«1938 жылы өмірге келдім. Соғыс басталғанда 3 жаста едім. Отбасым сол уақытта Сталинградқа эвакуацияланды. Отаныма қайтып келгенде Киевті қалай тапқаным әлі есімде. Бұрын мен өмір сүрген жерде соғыс тұтқындарына арналған шағын лагерь болды. Сол жерден олар қираған қаланы қайта жөндеу жұмыстарына айдап әкетілді. Дәл осы секілді снаряд жарылысынан қираған Харьков, Киев және Украинаның басқа қалаларын қайта жөндеу жұмысына ресей әскерін де салу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар мұны Ресей өзінің сарқылмайтын мұнай қорынан қаражат бөліп жасауы керек. Себебі Украинада қалаларды қалпына келтіруге қаражат жоқ», деді ол.

«Жүрегім қан жылайды»

Клавдия Украинаны қос қолдап қолдайтынын айтып отыр. Ұйқыдан айырылған ол Киевтегі достарына, таныстарына күнделікті хабарласып, жағдайын сұрайтын көрінеді.

«Кеше Ұлы Отан соғысын көрген бүлдіршін бүгін қартайған шағында Ресейдің өз Отанын күл талқан қылып жатқанын көреді деп кім ойлаған?! Қандай сезімді бастан кешіріп жатқанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мысалыға, әкемнің түрі есімде жоқ, ол соғысқа аттанғанда бар болғаны 3 жаста едім. Әкем қайтып оралмады. Соғыс біткеннен кейін түсімде бомбаның, снарядтардың дауысынан шошып оянатынмын. Бала кездегі травмалар араға уақыт салып жазылды. Ал қазіргі соғыс сол кездегі жүректі сыздататын естеліктерді санама қайта салып бергендей. Осы күнге дейін «жүрек қан жылайды» деген тіркестің түпкі мағынасын түсінбеппін. Дәл қазір менің жүрегім қан жылап, көзімнің жасы тыйылар емес», деді Клавдия.

«Ойша балалық шағыма саяхат жасадым»

«Мен соғыс баласымын, оны тамақ жегенімнен де білуге болады. Қазірдің өзінде ыдысқа май құйып, тұз салып, оны қара нанмен жей аламын. Тіпті, тамақтанған кезде рахаттанамын да. Соғыс жылдарында, одан кейін күнделікті асымыз осындай болып еді. Ол дәм менің таңдайымда мәңгі сақталатын шығар. Бүгін де дәл солай ыдысқа май құйып, оған тұз салып, нан батырып жедім. Путиннің әскері менің елімде, менің Отанымда не істеп жатқанын біле тұра қалай өмір сүруді жалғастыратынымды түсінбеймін. Сонымен қатар соғысты екінші рет көріп, оның қаншалықты ауыр екенін сезініп жатқан құрдастарыма қалай көмектесерімді де білмеймін. Олардың бала кезде, соғыс кезінде сезінген әрбір сезімі өле өлгенше бірге болатынын түсінуіміз керек. Адам қартайғанда бала секілді болады емес пе?! Бұл жолы да соғыс баласы болып отырмын...» деді ол.

Клавдияның ұлы да отбасымен Дюссельдорфте тұрады. Әйелімен бірге украиналықтарға гуманитарлық көмек жіберіп жүр.

«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашизмге қарсы бірге соғысқан Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына сенгіміз де келмейді. Бұлай болады деген ой санамызға мүлдем кіріп шықпаған. Күйеуім Германияда жан тапсырды. Оның осы соғысты көрмегеніне Құдайға шүкір деймін. Оның жүрегі ауыратын, Отанындағы кезекті соғысты көтере алмайтын еді», деді Клавдия.

Клавдия Лейбова Украинадағы соғыс салдарынан Германияда тұратын ресейлік құрдастарымен байланысын тоқтатқанын айтып өтті. Олар да Ұлы Отан соғысын көзімен көрген еді.

«Олардың көбі неміс тілін білмейді, ресейлік телеарналарды ғана қарайды. Олар Путин пропагандасының шырмауына іліккен. Олардың алдында ештеңені дәлелдей алмайтынымды түсінемін», деді ол.