Bugin
Америкада өткен ғасырда Томас Миджли сынды химик ғалым өмір сүрген. Мұның істеген ісі торғайды қырған Мао Цзэдуннің ісінен аумайды. Осыдан кейін саясаткерге қалай сенесіз, ғалымға қалай үміт артасыз...
Ендеге Миджлидің не істегенін баяндайық.
ХХ ғасырдың басында Еуропа мен АҚШ-та, кейін Оңтүстік Азия елдерінде автоөндіріс саласының дамығаны белгілі. Автожасау саласы қарқынды дамып, бұл жанар-жағармай нарығының қызуына әкелді. Ғалымдар жанармайдың, әсіресе, бензиннің сапасын жақсартуға күш салды. Бензиннің құрамында оның сапасын білдіретін октан көрсеткіші (октан саны) деген болады. Соған қарап бензиннің қаншалық тез жанатынын білесіз. Октан саны барынша жоғары болса, соғұрлым жақсы. Ал бензин сапасы мен оның актон көрсеткіші дұрыс (өтірік істелсе) көрсетілмесе, онда көлік бензин «көп жеп», поршені кетіп, қозғалтқышы бұзылуы мүмкін.
Сондықтан ХХ ғасырдың басында автоөндірушілер үшін бұл кәдімгідей мәселе-тұғын. Көліктің қозғалтқышы үлкен болғасын, дауысы мен мотор дыбысы өте қатты, түтіні қою қалың. 1910-20 жылдары өндірушілер бензиннің октан көрсеткішін көтеру үшін барын салды. Сол үшін General Motors-тің зерттеу жөніндегі басшысы Чарльз Кеттеринг 1916 жылы Томаса Миджли есімді жас химикті жұмысқа алып, осы салада зерттеу жүргізіп, тиімді әдіс-тәсіл тап деп тапсырма береді.
Этил қосылған бензин
Миджли 5 жыл бойы зерттеу жүргізеді. Бензинге түрлі қоспа қосып, октан көрсеткішін көтеруге тырысады. Қоспаған нәрсесі қалмайды. Тіпті, тамаққа қосып жейтін сары майды да қосып көрген. Содан әйтеуір әупірімдеп жүріп, 1921 жылы жақсы бір қоспа табады. Аты – тетраэтилсвинец. Яғни, қорғасын мен көміртегінің қоспасынан жасалған улы зат. Өнертабысты анықтаған күні-ақ бастығы Кеттерингке хабарласып, бұл ғылыми жаңалықтан $200 млн пайда көруге боларын айтады.
Содан өнертабыс өндіріске еніп, Ethyl атты компания жаңа бензиннің түрін – этил қосылған бензин атты өнім шығарады. Компанияның құрамына General Motors, DuPont және Standard Oil сынды үш компания енеді.
1920 жылдардың ортасында компания жаңа фабрика ашып, өндірісті ұлғайтудың жолына түседі. Бірақ 2 айдан кейін 5 жұмысшысы уланып қайтыс болып, тағы ондаған жұмысшы аурухана түсіп, шу болады. Миджлидің өзі баспасөз конференциясын өткізіп, ақталуына тура келеді. Ғалым өнертабыстың зиянсыз екенін дәлелдеу үшін бір минут бойы этиль қорғасынның буын иіскеп тұрған. Сол кезде білдіргенімен, кейін жағдайы нашарлап, екі ай бойы жасырын емделген көрінеді.
Өнертабыстың зияны
Қорғасынның зиян екенін Ежелгі Рим жұрты да білген деседі. Қорғасын қоспасынан уланған адамның басы айналып, галлюцинацияға ұшарып, ақыл-есінен айырылатын көрінеді. Оның соңы өлімге әкеледі.
Қорғасынның бөлшегі ағзаға түссе, кальциймен әрекеттесіп, сүйекке сіңіп кетеді. Содан ағзаны улай береді. Мұны басқа ғалымдар жақсы түсінген. Сондықтан 1920 жылдары университет ғалымдары Миджлиге талай хат жазып, этиль бензинді шығаруды талап еткен. Алайда оған құлақ асқан Миджли жоқ.
Этиль қосылған бензин 2000 жылдарға дейін өндірілген көрінеді. Яғни, Миджлидің зиянды өнертабысы адамзатты 80 жыл бойы улап келген. Шамамен, 800 млн адам жапа шеккен көрінеді. Созылмалы аурулар асқынып, адам миы қатты зардап шеккен. Кейбірі естен танып, комға түскен. IQ деңгейі түсіп кеткен. Одан бөлек, қылмыстың көбеюіне де осы бензин себеп болған. Этиль қоспасы мидың орталық жүйесіне ақау түсіріп, содан адам агрессиялы, ашулы боп кететін көрінеді. Залал бензиннің кесірінен жыл сайын 600-900 мың адам қайтыс болған.
Тыйым салу
Жоғарыда айтқанымыздай, әлем елдері 1970 жылдардан бастап ғалымдардың ескертуі мен айтқандарын ескеріп, этиль қосылған бензинге шектеу қоя бастайды. 1976-1989 жылдары АҚШ бұл бензиннің қолданысын 99 пайызға дейін азайтқан. Содан халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты көтеріліп, қылмыс деңгейі азайған.
1996 жылы АҚШ, Жапония мен Шығыс Еуропа этиль бензинге толық тыйым салады. 2000 жылы Қытай мен Үндістан бас тартады. 2002 жылы Ресей тыйым салады. Қазақстанда да тыйым салынған. Еліміз 2018 жылы толық Еуро-4 бензиніне өткен.
Ирак, Йемен мен Алжир бұл бензинді 2016 жылға дейін қолданып келген екен. 2021 жылы 30 тамызда этиль қосылған бензинге Жер бетінде қолдануға толық тыйым салынды.
Фреон ойлап тапқан
Томас Миджли жалғыз өнертабыспен қалмады. Жоғарыда айтылғандай, этиль қосылған бензиннің жөні "бөлек". Томас – тағы бір зиянды өнертабыстың басында тұрған адам. 1920 жылы General Motors-тың тапсырысымен тоңазытқыштың жақсы жұмыс істеуіне «көмектесетін» зат жасап шыққан. Ғалым өнертабыс өніміне «фреон» деп ат қояды.
Бұл өнім хлорфторкөміртегі атты қоспалардың «атасы» саналады. Фреон шыққаннан кейін-ақ әлемде хлорфторкөміртектес қоспа мен заттар көбейіп кетеді. Одан бояғыш пен аэрозоль да жасалған. Тоңазытқыштың мұздатқышын жасауға да қолданылған.
Ғалым фреонды басқа химиялық заттармен әрекеттеспейді, өте зиянсыз нәрсе деп жарнамалайды.
Озон қабатын тесті
Алайда ғалымның сөзі тағы өтірік боп шықты. Оның қаншалық зиян екенін Миджлидің түсініп-түсінбегені белгісіз.
Әлем ғалымдары 1970 жылдары Жер ғаламшарын қаптап жатқан озон қабатының тесіліп бастағанын байқайды. Әсіресе, Оңтүстік пен Солтүстік полистің маңайы шұрық боп қалған.
Озон қабаты - Күннен келетін ультракүлгін сәулені кері шағылыстырып, Жерге жібермейтін арнайы қабық. Егер озон қабаты шірісе, УК-сәуле жерге түсіп, зор зиян тигізеді. Адамда тері қатерлі ісігі көбейіп, жануар мен өсімдіктер құрып кетуі мүмкін.
Содан 1974 жылы зерттеуші Марио Молина мен Шервуд Роуленд озон қабығының неге тесіліп жатқанын анықтап, себебін табады. Түсініп отырған шығарсыз.
Бәріне кінәлі хлорфторкөміртегі боп шығады. Қоспа құрамындағы хлор озон қабатының химиялық қоспаларымен әрекеттесіп, оны оттегі мен хлор қышқылына бөліп жіберетін көрінеді. Соның кесірінен озон қабаты бұзылған.
Шұғыл шешім
Ғылыми қауым шұғыл шешімге келіп, 1987 жылы БҰҰ-нда Монреаль хаттамасы қабылданады. Құжатта жер жүзінде хлорфторкөміртектес заттарды шығаруға тыйым салынды.
1989 жылдан 2014 жылға дейін бұл тектес заттарды қолдану көлемі 815 мың тоннадан 156 тоннаға дейін азайған.
Сарапшылардың есебінше, 1980 жылғы озон қабатын 2050 жылы ғана қалпына келуі мүмкін екен.
Өлімі
Томас Миджли 1944 жылы қайтыс болған. 1940 жылы 51 жасында полиомиелитке (жұлын қабынуы) шалдығып, мүгедек боп қалады. Төсекке тартылғанын көтере алмаған ғалым аурудан айығу үшін отырып-тұрғызатын төсек ойлап тапқан екен.
1944 жылы сол төсектің бау-сауына шалынып құлап, асылып қалған.
Тарихшылардың айтуынша, Жер жүзінде дәл Томас Миджли зиян мен жапа әкелген бірде-бір жаралыс иесі жоқ екен.