Қоғам

Күніне 10 жаңа ботты өмірге әкелдім: «елдің игілігі» үшін жұмыс істеген қызбен сұхбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Отандық ботоферма күннен-күнге дамып жатыр. Қазіргі уақытта боттар БАҚ пен мемлекеттік басқармаларда арнайы құрылым ретінде жұмыс істейді. Осы орайда екі жыл «елдің игілігі» үшін жұмыс істеген қызбен сөйлесудің реті келді, деп жазады Bugin.kz порталы.

«Жеңіл жолмен ақша табамын деп ойладым»

Ол кезде жасым 23-те. Жоғары оқу орнын аяқтағанмын, дипломы бар мұғаліммін. Бұл ұйым туралы университетте оқып жүргенде естідім. Олар БАҚ-пен бірлесіп жұмыс істейді. Маған олардың контентті қалай жасайтыны және оны ұсыну әдісі ұнады. Боттар бөлімінің бар екенін өзім қалаған орынға жұмысқа орналаса алмаған кезде ғана білдім. Маған осы бөлімде жұмыс істеуді ұсынды. Ақшадан тарықпайтынымды, жұмыс кестесінің қолайлы екенін, тіпті, кейде үйден жұмыс істеуіме болатынын айтып сендірді. Кішкентай ауданнан келген, ақшасын үнемдеп жүрген маған бұл ұсыныс ұнады.

Сұхбаттасуға келген кезде жұмыстың 5 күндік екенін, 9-дан 6-ға дейін ғана жұмыс істейтінімді, айына қолыма 120 мың теңге тиетінін, оған қосымша еңбек демалысы мен түрлі бонустар болатынын айтып қуантып қойды.

20 адам үшін өмір сүремін

Іске келгенде бәрі басқаша болып шықты. Бастапқыда ешқандай қиындық болған жоқ, алғашқы ай бірқалыпты өтті. Боттармен 10 адам жұмыс істейміз. Бізге SIM-карталар беріп, түрлі адамдардың атымен 20 парақша ашуымызды сұрады. Ол дәрігер, адвокат, екі-үш баласы бар жалғызбасты ана, құрылысшы, мұғалім және т.б. болуы мүмкін. Парақшаларға арналған фотоларды шетелге кетіп, парақшасын бір жылдан бері жүргізбей жатқан адамдардан немесе елде тұрып жатқан, алайда парақшасын жүргізбейтіндерден алатын едік. Бот парақшаға адамның жас мөлшеріне байланысты контент салатынбыз. Ол жерде түрлі мағыналы сөздер, бақшаның, гүлдің, мысықтың фотолары болуы мүмкін. Күніне бірнеше рет көшеге шығып, сториздерге арналған фотолар түсірдік, оны түрлі қосымшаларда өңдейтінбіз. Парақшалардың белсенді болғаны алдағы уақытта біздің жұмысымызды жеңілдететін. Біле білсеңіз, менің әр ботымның өзіне тән ерекшелігі болды, оларға өзімде бар нәрсенің бір бөлігін беруге тырыстым. Бірі – күннің батуын тамашалауды ұнатты, енді бірінің күні кофесіз басталмайтын. Әрбір күні біз өзіміздікін есептемегенде 20 адам үшін өмір сүрдік.

Шындық біз күткендей болмады

Парақшалар дайын болған соң, жұмыстың негізгі бөлігіне кірістік. Таң біз үшін әлеуметтік желілерді бақылап, зерттеумен басталатын. Басшымыз бірнеше тақырып айтады, сол тақырыптар бойынша түрлі пабликтерде жарияланған жаңалықтарды бақылап отыратынбыз. Сонымен қатар жаңалықтарға байланысты жазылған пікірлерді де қарап отыруымыз керек.

Бастапқыда жұмыс қызық болды. Біз адамдарды қиындықтан алып шығуға тырыстық. Қолымыздан келмеген кезде басқа бөлім көмекке келетін.

Уақыт өте жұмыстан жалыға бастадым. Әлеуметтік желідегі адамдар тым белсенді болып кеткендіктен, демалыс күндері де жұмыс істеуге тура келді. Ол үшін бастапқыда ақы төленді, кейін фирмада да ақша азайды. Тақырып қаншалықты салмақты болса, бізден нәтижені соншалықты талап ететін. Басшылық ақылға сыймайтын нәрселерді жазуға тапсырма беруді шығарды. Ол үшін біздің парақшалар блокқа түсті. Жаңа парақша аштық, қайта блокқа салды. Алғашқы парақшаларға ерекшелік беріп едік қой, кейінгілер аса ерекше болмады. Күніне 10 жаңа ботты өмірге әкелдім. Басшылық үшін парақша бұғатталғанымен, өзімді кінәлі әрі ыңғайсыз сезінетінмін.

Жұмыстан ойланбай шықтым

Бірге жұмысты бастаған әріптестерім жұмыстан шыға бастады. Бастапқыда біртүрлі болды: басшылық жұмысшыларды стажировка, практикасыз алуды шығарды. Кейін оған да үйреніп кеттік. Содан кейін айлыққа байланысты мәселелер туындады: кешіктіріп берді, бөліп-бөліп берді дегендей. Сол кезеңдерде менің басымда жұмысқа байланысты жағымсыз жағдай орын алды. Әлеуметтік желіде белсенді адамның фотосын қолданып қойыппын. Парақшаны жүргізіп бастағанда бәрі жақсы еді. Ал бот ретінде қолданған кезде ол адамның бұған дейін қайтыс болғаны белгілі болды. Оның оппозициялық көзқарастағы достары көп болған екен. Бастапқыда пікір жазатын жерге оның таныстары жаза бастады, кейін олар жекеме де шықты. Өзімді жиіркенішті сезіндім. Осы оқиғадан кейін бұл фирмада жұмыс істегім келмеді. Жұмыстан шығамын деген шешім қабылдадым. Кетіп жатқанымда бухгалтериядағылар «Несі ұнамайды? Жұмыс емес, жұмақ қой» деп шығарып салды.

***

Бұл тәжірибе үшін шынымен де разымын. Қазір, тіпті, стоматологқа баратын кезде пікір жазғандарды мұқият зерттеймін. Өйткені бұрынғы жұмыста мемлекеттік басқармаларға ғана емес, жекеменшік орталықтарға да жұмыс істедік. Қазір фирмада бұрынғы командадан бір адам ғана қалған. Ол қазіргілердің аватаркаға фото да қоймайтынын айтып отыр. Қазіргі уақытта пікір жазуға бюджет қаражатына қарайтын мұғалімдер, дәрігерлер, әкімшілікке қатысы жоқ қызметкерлер жүгінеді екен.