Әлем
Украина мен Ресей арасындағы соғыстың басталғанына 100 күннен асып кетті. Осы уақыт аралығында Украинадағы Харьков, Херсон, Луганск, Донецк, Николаев, Сумы және т.б. облыстар басқыншылардың қарауында болды. Назарларыңызға сол қалалардың әйелдеріне арнап УНИАН басылымында жарияланған психологтардың кеңесіне негізделген материалды ұсынамыз.
Оккупацияға іліккен ауылдар мен қалаларды паналап отырған әйелдердің мақсаты – өмірін сақтап, денсаулығына күтім жасау.
Басты ережелер
– Қауіпті кезде тиімді әрекет ету үшін кейбір психофизиологиялық артықшылықтарды назарға алу маңызды;
– Біздің психикамыздың ең маңызды бөлігі нейроцепция деп аталады. Ол – адамға төнетін қауіпті анықтауға мүмкіндік беретін биологиялық механизм. Былайша айтқанда, «алтыншы түйсіктің» бір түрі. Қауіпті жағдайға тап болғанда оған сенім артуға болады;
– Бұл жағдай әсіресе әйелдерге қиындық туғызады. Өйткені олар қарсы тараптың зорлық-зомбылық әрекеттеріне ұшырауы мүмкін;
– Басқыншылардың мінез-құлқы мен істеген әрекеттері сіз күткеннен әлдеқайда басқаша болуы мүмкін. Сондықтан оларды асыра бағалауыңыз немесе мүлдем назар аудармауыңыз өзіңізге қауіпті болмақ.
Сыртта өзіңді қалай ұстау керек?
– Үйден қажеттілік болған жағдайда ғана шыққан дұрыс. Басты міндет – басқалардың назарын өзіңізге аудармау. Сабырлы күйде жүріңіз. Қауіп төнген жағдайда тезірек әрекет етуге дайын болыңыз;
– Адамның көру және есту қасиеттері қауіпті анықтауға көмектеседі. Сол себепті осы міндетке ғана назар аудару маңызды. Музыка тыңдап, миды алдарқатуға болмайды. Егер сіздің музыка тыңдап немесе телефоныңыздан бірдеңе оқып жатқаныңызды басқыншылар көрсе, олар сізді дұрыс түсінбеуі мүмкін. Тіпті, біреуге маңызды ақпарат жіберіп жатырсыз деп ойлауы да ықтимал;
– Барынша тартымсыз болып көрініңіз: әдемі емес ескі киімдер, орамал, макияж жасамаңыз, әтір сеппеңіз. Сіз киген ескі киім ер адамның назарын басқа жаққа бұрады;
– Қою көк, қоңыр немесе сұр түсті киім киіңіз. Хаки түстес киім кимеңіз, өйткені ол әскери киімнің түсімен бірдей болып қалады. Сонымен қатар қара түсті киім де кимегеніңіз дұрыс. Себебі кей әскери бөлімшелердің киімдері қара түсті болуы мүмкін.
Басқыншылармен жолығып қалсаңыз...
– Көзіне, жалпы түріне қарамаңыз. Оның бетінде адамның назарына бірден ілігетін тыртығы болса да, мән бермеңіз;
– Қалтаңыздағы телефон немесе электронды құрылғыны шығармаңыз;
– Өзін қорғай алатын немесе спортпен шұғылданған әйелдер шабуыл жасау немесе қашып кету әдісін интуитивті түрде таңдай алады. Алайда бұл әрекетіңіз қарулы сарбаздың қасында жүзеге аспауы да мүмкін;
– Басқыншының айтқанын орындаңыз, салғыласпаңыз;
– Олардың қызметіне назар аудармаңыз, жақындамаңыз, ештеңе сұрамаңыз, айтқан сөзіңізге сендіруге тырыспаңыз;
– Егер олар сізге шабуыл жасап жатса, эмбрион позасында жерге жатыңыз: бір қапталмен, аяқты кеудеге тақап, қолмен басты жауып алыңыз. Ол кездегі басты міндетіңіз – барынша аз жарақат алып, тірі қалу;
– Егер баламен жүрсеңіз, оны дайындаңыз. Балалар өте ашық болады, алайда басқыншылармен ашық сөйлесуге немесе ойын ойнауға болмайды. Балаға да өзіңіз сияқты жауап беруді үйрету маңызды. Оның қысқа нұсқа сөйлеп, басқыншының көздеріне қарамағаны дұрыс. Балаларға біз дәл қазір «Соғыс» деп аталатын ойынды ойнап жатырмыз деп айтса да болады. «Оның мынадай ережелері бар. Егер ережелерді сақтасақ, бәрі жақсы болады» деп айту керек.