Bugin

Қазіргі таңда ата-ана баласын әскерге жіберуге дайын ба?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда Қазақстанда әскердегі «өлім оқиғалары» жиілеп барады. Енді ғана мектеп бітірген немесе жаңа ғана қолына дипломын алған жігіттерді әскерге көшеден ұстап алып кетіп жатыр деген қауесеттер де тарауда. Еріксіз әскерге аттанған ұлдардың қаза болуының салдарынан бір отбасы жалғызынан, бірі тұңғышынан, енді бірі кенжесінен айырылуда. Темірдей тәртібі бар «темір мекенге» бүгінгі ата-ананың қаншалықты көңілі толады? Ата-аналар баласын әскерге жіберуге дайын ба? Осы секілді сауалдарға Bugin.kz сайты жауап іздеп көрген еді.  

Қалдыкүл Шыныбекова, ата-ана, Түркістан облысы: «Онда баламды әскерге дайындамайды, өлтіреді»  

- Қазіргі таңда баламды әскерге жібергім келмейді. Кеше ғана армияда өз өзіне қол жұмсаған сарбаз туралы жаңалық оқыған едім. Онда баламды әскерге дайындамайды, өлтіреді. Сол себепті, баламды армияға жіберуге қорқамын. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін балаларды әскерден сақтауға арналған шаралар көрген дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне, әскерге барамын деп құлшынып тұрмаған балаларды күштеп әкетіп қажеті жоқ. Онда баруға психологиялық тұрғыдан дайын болмағандардың өмірі орнын толтыра алмайтын қазамен аяқталатын сияқты көрінеді. Ана ретінде, бір сөзбен айтқанда ұлымды әскерге жібермеймін.  

Серік Мәденов, ата-ана: «Әскерге барғанша академия оқыған жөн» 

- Меніңше әскерге бару құл болу деген сөз. Барасың бір жыл бойы жұмыс істейсің, сосын үйге қайтасың. Қайта әскерге барғаннан академия оқыған жөн. Міне сол нағыз армия. 

Бағлан Ізбасаров, ата-ана, Алматы қаласы: «Ұлым өскенше әскердегі жағдай түзеліп қалар»

– Иә жіберетін едім. Әзірге ұлым кішкентай. Ол өскенше әскеріміз жақсы деңгейде болады деп ойлаймын. Барып келгені дұрыс. Отан алдындағы борышын өтейді. Ер азамат ретінде елім, жерім деп. Сол жерден көп тәрбие алады, өмір көреді. Ер бала болған соң армия керек. Қазіргі таңда, армияда болып жатқан жағдайлар өте өкінішті әрине. Бірақ, 5-6 жылда әскердегі жағдай да түзеліп қалар.