Қазақ – қытайдан бұрын жазу тапқан ұлы халық – Мекемтас Мырзахметұлы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

kaznpu.kz

Қазақ халқы – әлемде бірінші боп жазу ойлап тапқан халық. Оның жанында қытайдың 5 мың жылдық жазуы түк емес. Тек ұлы көшпендінің ұрпағы қазақты отарлау саясаты құртты. Осылай дейді танымал абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы.

«Біздің халық – жазуды ең алғаш ойлап тапқан халық. Біздің ата-бабаларымыз – түрік пен ғұннан да ары жатқан көшпенді ел ойма жазу (тасқа қашап жазылған жазу) ойлап тапқан. Оның тарихы сонау біздің дәуірімізге дейінгі 6 мыңжылдықтан басталады. Ал мына тұрған Қытайдың жазуы 5 мыңжылдыққа тура келеді. Яғни, жазуды ең алғаш ойлап тапқан халық – қытай емес, қазақ», - деді ақсақал ғалым «Абай дүниетанымын тану мәселесі» атты дәріс сабағында.

Ғалымның айтуынша, Еуразияның төсіне жайғасқан ежелгі түріктердің ата-бабалары «А» сызықты жазуды ойлап тапқан. Мұны бізге жеткен Орхан-Енисей жазуының арғы тегі десек болады.  

«Ғұндарда жазу болғаны қытай деректерінен белгілі. Б.з.д. 192 жылы қытайша жазылған «Тарихи естелiктер кiтабында»: «Мәдi Тәңiр құты дәуiрiне келгенде, гұндар күшейiп, жазу қолдануды жолға қойған, сол арқылы соңғыларға үлкен мұра қалдырған» деп нақтылы әрi бұлтаруға келмейтiн тарихи дерек айтылған. Осы ғұндардың қолданған жазуы кейін түріктерге өтті», - деп түсіндіреді Мекемтас Мырзахметұлы.

Түріктің ата-бабалары ойлап тапқан бұл ойма жазудың тарихы 6 мың жылға дейін созылып жатыр.

«Сібір өлкесінен қазіргі Венгр жеріне дейінгі дала төсінде осы жазу өріс жайды. Кейін оны гректер көшіріп алған. Егер гректердікі бір сызықты жазу болса, біздің ата-бабаларымыз ойлап тапқан жазу күрделілек – «А» сызықты жазу. Бұл – тарихи дерек, археологиялық артефакті. Құжат күйінде сақтаулы тұр. Қазақтың алғаш жазу тапқанына ешкім таласа алмайды», - дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, ұлы түркілер неге бұл жазудан айырылып қалды дегенге сауалдың жауабы оңай.

«Кез келген отарлаушы ел ең алдымен жазу мәдениетіне қол салады. Орта Азияға дінді таратуға келген арабтар ойма жазумен жазылған ескерткіш пен жазба мұраларды құртты. Оның орнына араб жазуын енгізді. Кейін латын мен кирилді қолданып кеттік. Осынау отарлаудың салдарынан біздің халқымыз зор зиян шекті. Қазақ – ұлы халық. Тек еңсеміз көтеріп, тарихи жадты жаңартуымыз керек», - деп ойын түйіндеді 94 жастағы ақсақал ғалым.

Қалмақты қырған қытай мен орыс емес – Гарвардтағы қазақ ғалымының сөзі