МӘДЕНИЕТ

Ұлттық имиджі дамыған елдерден Қазақстанның айырмашылығы қандай?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Менталитет дегенді мен халықтың ішкі мәдениеті деп қабылдаймын. Бұл жерде біздің халықты мәдениетсіз деу ойымда да жоқ. Айтқым келгені, біз көп жағдайда ата-баба салты деп ескі ғұрыптарға байланып, адам құқығы, сезімі мен қалауы деген түсініктерді ысырып жатамыз. Соның ішінде, алып қашу салты бар. Ондай видеолар интернетте көп қаралым жинап, қызу талқыға түсті. Бұл елімізді әйел құқығын елемейтін, ескі ұстанымдағы адамдар қатарынан көрсетеді. Одан бөлек, қауіпсіздік мәселесі де аса маңызды. Кешкі уақыттарда тек балаларға ғана емес, үлкен адамдардың өзіне, әсіресе қыздарға жалғыз жүру қауіпті. Көшедегі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, суицид рейтингісінде алдыңғы орында болуымыздың өзі біраз хабар береді. Ресми орташа жалақы мөлшері мен халықтың айына алатын жалақы деңгейінде үлкен айырмашылықтың болуы, тұрғын үй бағасының аса қымбат болуы, бір отбасында 2 адам жұмыс жасамаса, күнкөрістің қиындауы статистика бойынша еліміздегі отау құрған әрбір 5 отбасының ажырасуына себеп болуда.

Осы жерде елді жарнамалау жолдарындағы қателіктер әңгімесі басталады. Меніңше, бізге халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі шетелдіктер алдындағы мақтаныш сезімінен жоғары тұруы керек. Ешқандай қысқы, жазғы олимпиадалар, дүниежүзілік көрмелер елдің шынайы өмір сүру деңгейін, сапасын жасыра алмайды. ҚР Конституциясының 1 бабында айтылғандай, «ең бірінші орында халық» болса, имиджді арттыру біз үшін мәселе болмас еді.