Әлем
Ауғанстан – әйелдер үшін ең нашар мемлекеттердің бірі. Мұнда әйел құқығы, әйел теңдігі, әйелдің білім алуы, сүйікті ісімен айналысуы деген түсінік жоқ. Егер отбасыда ұл болмаса, олар қоғамның күлкісіне қалады. Сол себепті Ауғанстанда бача-пош түсінігі пайда болды. Бұл ұлы жоқ отбасының қоғамдағы беделін көтеруге көмектеседі-мыс.
Бача-пош деген кім?
Бача-пош деген сөз «ұл секілді киінген» деген мағынаны білдіреді. Алайда бұл жердегі мәселе тек киімде емес. Кішкентай қызды ұл секілді өсіреді: шашын қысқа етіп қияды, мектепке береді, басқа ұлдармен сөйлесуге рұқсат етеді. Бір сөзбен айтқанда оған еркіндік береді, басқа қыздарына қарағанда сыйластық танытады. Бача-пош басқа ұлдардың жанында өзін сенімді ұстайды, бойында сенімділік біткенін сезінеді.
Ұлдар не үшін қажет?
Кебір отбасылар бір қызын ұл секілді киіндіру анасына келесіде ұл босануына әсер етеді деп есептейді. Ал әрбір ауған отбасы үшін ізінен ұрпақ қалдыру өте маңызды. Өйткені бұл – Құдайдың сыйы. Айта кетейік, мұсылман отбасында ер адам – ұрпақ жалғастырушы. Себебі жалғыз қыз болғанның өзінде ол тұрмысқа шығып, басқа әулеттің ұрпағын жалғастырады емес пе?!
Мұнда ұл баланы өмірге әкелгендер құрметке, ықыласқа бөленіп, табысты әйел атанады. Ал қыз баланы өмірге әкелу ұят, сондықтан күйеулері жаңа босанған әйелдерінен «неге ұл емес» деп бар ашуын алады. Әйелін ұрып-соғып, үйге кіргізбеуі де мүмкін. Сонымен қатар Ауғанстанда адамдардың өмірі «ұлмен» өлшенеді, отбасыда ұл болған кезде ғана ол «бүтін отбасы» деп саналады. Әлеуметтік қысымның салдарынан бача-пош тәжірибесі әрбір үшінші отбасыда кездеседі.
Бача-поштың тағдыры
Қыздардың көбіне өздерінің жаңа өмірі ұнайды. Өйткені олар қыз кезінде мүмкін емес деп есептеген бүкіл мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Тіпті, өздерін әйел деп сезінбейтін күйге жетеді. Бұл – мәселенің бір шеті ғана.
Иә, қыз бала ер адамның көлеңкесінде ұл болып мәңгі өмір сүре алмайды. Сол себепті қыз баланы кәмелет жасқа толғанда баяғы күйіне келтіріп, тұрмысқа беруге асығады. Сол уақытқа дейін отбасыда ұл бала өмірге келмеген болса, бача-пош атағы келесі қызға беріледі.
Бача-поштың тұрмыс құрғаннан кейін өмірі сәтті бола бермейді. Өйткені олар ұл секілді өмір сүрген кезде әйелдерге тән қабілеттерінен айырылып қалады. Сонымен қатар олар үй шаруасына да аса бейім болмайды. Бұдан бөлек бача-пош өздерін ер адаммен тең ұстайды. Ал бұл – мұсылман елдерінде қате түсінік.
«Усама»
Сиддик Бармак атты ауған режиссері 2003 жылы бача-поштың тағдыры туралы драма жанрында «Усама» фильмін түсіреді. Сюжет бойынша кедей әйел 12 жастағы қызын ұл бала секілді киіндіреді. Өйткені қыз жұмыс істеуі керек болады. Уақыт өте келе шындықтың беті ашылып, қыздың тағдыры сот шешіміне тікелей байланысты күйге келеді. Соттың айтуынша, қыз тұрмысқа шыққан жағдайда ғана өмірін сақтап қала алады...
2004 жылы «Усама» фильмі «Өзге тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Алтын глобус» сыйлығын жеңіп алды.