Bugin

30 жыл бойы ешкіммен сөйлеспеген егіздердің құпиясы мен трагедиясы (видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамдар қалыпты жағдайда өмір сүріп, қоғамнан ерекшеленіп, өз ісімен жүрген жандардың тіршілігіне негізсіз қол сұққанды жақсы көреді. Сондай-ақ, ерекше мінез-құлыққа ие адам жалпы ортада бөлектеніп көрініп тұрады. «Үндемейтін егіздер», яғни апалы-сіңлілі Гиббонстар осындай айрықша жандар болды. Олар «үнсіздігінің» арқасында бүкіл әлемге танылды. Отыз жыл бойы олар бір-бірінен басқа ешкіммен сөйлеспеді. Барлығы бірдей болуы керек заманда қыздар ерекше болып шықты. Оларды ешкім түсінбей, құбыжық санады. Ендеше, айрықша қабілетке ие апалы-сіңлілердің жұмбағы мен трагедиясына шолу жасасақ.  

Егіздердің дүниеге келуі 

Джун мен Дженнифер Гиббонс 1963 жылы 11 сәуірде Йеменнің Аден қаласындағы британдық әскери госпитальда дүниеге келген. Олардың ата-анасы Глория мен Обри Гиббонс Барбадостан болған. 1960 жылдары отбасы Уэльске көшті. Обри Корольдік әуе күштерінде техник болып жұмыс істеді. Егіздерден басқа, ерлі-зайыптылардың тағы үш баласы болды: үлкен әпкесі Грета, ағасы Дэвид және кішкентайы Роуз. Сәби кезінде Дженнифер мен Джун қалыпты өсіп, дамыды. Уақыт өте келе егіздердің ата-анасы Глория мен Обри балалардың сөйлеуіндегі кейбір оғаштықтарды байқай бастады. Әуелі олар апалы-сіңлілерді саңырау деп шешті. Бойжеткендерді тиісті маманға тексерткен кезде олардың есту қабілетінде ешбір мін болмады. Осылайша Гиббонс отбасының нағыз медициналық эпопеясы басталды. Дәрігерлердің барлығы екеуіне таң қалды. Олардың диагнозын ешкім біле алмады. Психолог олардың бір-бірімен әңгімесін диктофонға жазып, тыңдағанда таңданысын жасыра алмады. Джун мен Дженнифер бір-бірімен Бажан-креол тілінде (Барбадостағы ағылшын тілінің бір түрі) сөйлеседі екен. Тек олардың нұсқасы өте жылдам. 

Психолог егіздермен ұзақ уақыт жұмыс істеп, қыздар даму жағынан құрдастарынан қалып қоймай, олардан әлдеқайда озып кеткен деген қорытындыға келді. Апалы-сіңлілер жоғары интеллектке ие болды.  

Балалық шақтың психологиялық жарақаты 

Қыздар бастауыш сыныпқа қабылданды. Олар сыныптағы жалғыз қара нәсілді болғандықтан жиі буллингтік шабуылға ұшырап отырды. Қорқытудың қатыгездігі сонша, мұғалімдер егіздерді үйлеріне басқа сыныптастарынан бұрын жіберуге тырысты. Мұның бәрі апалы-сіңлілердің бір-біріне қамқор болуына және басқа адамдармен арадағы алшақтықты арттыруына ықпал етті. 

Қыздар бір-бірімен сөйлесуді әрі қарай жалғастыра берді. Олардың тілі айналасындағыларға түсініксіз болып кетті. Оғаш нәрселер пайда бола бастады. Олар мектепте оқу мен жазудан бас тарта бастады. Бір-бірінің әрекеттеріне еліктей бастады: қадаммен жүру, қимылдарды көшіру. Апалы-сіңлілер басқа ешкіммен араласпаған. Оларға айналадағы бөгде адамдар керек емес сияқты көрінді. 

Зорлық-зомбылық терапиясы 

Қыздар жасөспірімдік шаққа жетіп, жағдайлары одан әрі нашарлады. Егіздерді бір рет мектеп дәрігері тексеріп, вакцинацияға ерекше реакцияны байқаған. Дәрігер Гиббонс апалы-сіңлілерінің мәселесімен айналысуды жалғастырды. Ол балалар психологына хабарласып, терапияны талап етті. Психологтар мен психиатрлардың тұтас тобы қыздармен жұмыс істеу барысында ешқандай нәтижеге жете алмады. 

Екі жылдан кейін логопед Энн Трехарн Джун мен Дженниферді жеке қарауына алды. Әрине, олар онымен сөйлеспеді, бірақ олар бір-бірімен сөйлесулерін диктофонға жазуға рұқсат берді. Апалы-сіңлілерді бақылап жүрген Энн Джунның онымен сөйлесуге қарсы емес екенін байқады. Мұны байқаған Дженнифер кез келген әрекетті бірден агрессивті түрде тоқтатты. Соңында қыздар жалғыз қалдыруды талап етті. 

Дәрігерлер апалы-сіңлілерді ажыратуды ұйғарды. Джунды бір интернатқа, ал Дженниферді екіншісіне жіберді. Сарапшылар осылайша қыздарды басқа адамдармен араласуға көндіруге болады деп ойлады. Алайда, егіздер екі жақта жүріп, үнсіздігін әрі қарай жалғастыра берді.  

Егіздердің қайда басқосуы 

Осыдан кейін апалы-сіңлілердің физикалық денсаулығы нашарлап кетті. Одан кейін егіздерді қайта қосты. Бір-бірімен кезіккеннен кейін егіздер қатты қуанды, бірақ екеуі де тұйықталып кетті. Олар тіпті туыстарымен де араласуды доғарды. Бұған дейін кішкентай сіңлілері Роузды жақсы көріп, барлық уақытын арнаған егіздер, оған да жоламай қойды. Джун мен Дженнифер жатын бөлмеге қамалып, ешқайда шықпады. Онда олар тек бір-бірімен сөйлесті. Қыздар жазуға қызықты. Олар ерекше сюжеті мен кейіпкерлері бар әңгімелер мен романдар жазды. Алайда, олар жазған барлық оқиғалар өте мұңды еді. 

Егіздер бүкіл жинақтарын жинап, бір кітап шығарды. Бұл олардың жалғыз табысы болды. Қазіргі таңда бұл өте сирек кездесетін, қымбат коллекциялық басылым. 

Қылмыс әлеміндегі егіздер 

Бұл саладағы сәтсіздіктер егіздердің үлкен әлеммен танысуына түрткі болды. Бұл танысу оларды заңсыз заттар мен алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға итермеледі. Көп ұзамай олар қисық жолға түсіп, түрлі ұсақ қылмыстар жасай бастады. Алдымен айыппұлдармен шектелетін ұсақ-түйек оқиғалар болды. Содан кейін апалы-сіңлілер бір-біріне агрессиямен шабуыл жасай бастады. Джун Дженниферді суға батырмақ болды, ал ол әпкесін компьютер сымымен тұншықтырмақ болды. Содан кейін олар басқа адамдарға көшті. Апалы-сіңлілер ауылшаруашылық дүкенін өртеп жіберді, содан кейін колледжге шабуыл жасады. Мұның бәрі ұрлықпен ұштасып жатты.  

Бұл қылмыстардың соңы сотқа ұласты. Сот оларды есі дұрыс емес деп танып, психиатриялық ауруханаға қамау туралы шешім қабылдады. 

Психикалық ауруханадағы жылдар 

Гиббонс апалы-сіңлілері үшін өте қиын уақыт болды. Аурухана қызметкерлері ешқандай жанашырлық танытпады. Оларға тыныш және жалғыз өмір сүруге мүмкіндік берудің орнына, өлімге әкелетін дозада ең ауыр антипсихотикалық препараттар тағайындады. Бұл көптеген жанама әсерлерді тудырды. Дженнифер соқыр бола бастады. Бұл жағдай неврологиялық ауруды дамытты. Аураханада өткен уақыттың бәрін апалы-сіңлілер күнделіктеріне жазып жүрді. Бұл жазбалар Марджори Уоллес есімді журналистің қолына түскен. Күнделіктерден егіздердің бір-бірін мүлдем ұнатпайтыны белгілі болды. Джун оның әпкесі «қара көлеңке» болғанын және оны құмартқанын жазған. Дженнифер Джунның нағыз «азаптың, алдаудың және өлтірудің бет-бейнесі» екенін айтты. Екеуі де бірін-бірі ажал жауы деп таныды. 

Олардың ауруханадағы өмірі он жылдан астам уақытқа созылды. Джун 12 жылға жуық өмірін ешкіммен сөйлескісі келмегені үшін тозақта өткізгенін айтты. Қыздар бұл жерден шыққысы келді. Олар дәрігерге барып сөйлескенімен оларды тыңдаудан бас тартты. Апалы-сіңлілер ауруханадан шығу үшін тіпті патшайымға кешірім сұрап хат жазған. 

1993 жылдың көктемінде Гиббонс егіздері басқа емханаға ауыстырылды. Джун мен Дженнифер қалыпты өмір сүру үшін олардың біреуі өлуі керек деп шешті. Бұл кезде Дженнифердің жағдайы өте ауыр еді. Бір күні апалы-сіңлілер бірге отырғанда басын Джунның тізесіне қойып, сол мезетте қайтыс болды. Тағдыр өз таңдауын жасады. Джун әрі қарай өмір сүруге мәжбүр болды. 

Дженнифердің өлімінен кейінгі Джунның өмірі 

Джун әпкесі қайтыс болғаннан кейін тез жазылып кетті. Өз үйіне барып, Дженниферсіз қалыпты өмірін сүрді. 29 жыл үнсіз жүрген ол, отбасы мүшелерінің бәрімен сөйлесті. Шизофренияға қарсы дәрі қабылдауды жалғастырды. Уақыт өте келе ол бақылаудан шығарылды. Әр жексенбіде Джун Дженнифердің бейітіне барып тұрады. Жұрт Джуннан әпкесі екеуі неге ешкіммен сөйлеспегенін жиі сұрайды. Оладыңр тек бір-бірімен сөйлесеміз деген келісімге келгені белгілі болды. 

2016 жылы Джун мен Дженнифердің әпкесі Грета бір басылымға сұхбат беруге келісті. Әйел психиатриялық аурухана әпкелерінің өмірін құртқанын айтты. Ол тіпті осы мекемеге қарсы сотқа шағым түсіргісі келгенін, бірақ ата-анасы қарсы болғанын айтады.  

Джун Гиббонс жергілікті дүкенде сатушы болып жұмыс істейді.

«Мен тіпті отбасын құруға тырыстым, бірақ нәтиже болмады» - дейді Джун.  

Ол психиатриялық ауруханада маньяктармен және зорлаушылармен бірге тұрғандықтан, адамдарға сенуден қалғанын айтады.  

Дженнифердің күнделігінде соңғы жазба былай деп жазылған: «Біз бұл ақымақ соғыстан қатты шаршадық. Ұзақ шайқас болды... Біреу кетуі керек. Тұйық шеңберді бұзыңыз». Бұл жазбалар апалы-сіңлілердің бір-біріне жанашыр болғанын көрсетеді.