BUGIN
ХІХ ғасырдың соңында Америкадағы қалаларда айтарлықтай өзгерістер болып, көпқабатты үйлер бой көтерді. Қалада өмір сүретін халық саны да өсті. Бірақ мұндай тұрғын үйлердің ең басты кемшілігі – жеке үй учаскесінің болмауы еді.
Сол уақытта танымал педиатр Лютер Эмметт Холттың кітабы жарық көреді. Бұл кезде медицина саласы қарқынды дамып келе жатқанымен, ылғи дұрыс бағытқа түсе бермеді. Холттың еңбегі – соның дәлелі. Дәрігер баланың денсаулығы мықты болуы үшін ол таза ауада көп уақыт болуы керек деген ойын көпшілікке насихаттады. Бір қарағанда ақылға қонымды идея. Алайда Холттың қалауы мен зерттеуі басқа. Ол баланы туғаннан бастап салқын әрі таза ауаға үйрету керек деген пікірде еді. Мысалы, балаға далада жүргенде қалың киім кигізбеу, бөлмені үнемі желдетіп отыру және бала ұйықтап жатқанда терезені ашып қою. Тіпті, тым кішкентай сәбилердің өзін таңертең 15°С суға шомылдыру ұсынылды. Ал күндізгі уақытта түрлі инфекцияға қарсы тұра алу үшін балаға таза ауада серуендеу қажет еді.
Дәрігердің идеясын қолдайтындар көп болды. Алайда көпқабатты үйлерде тұратын адамдар не істеуі керек? Бұл дүниені Лютер Холт ойлап тапқан жоқ. Десе де оның шығармасы дәл осы өнертабыстың пайда болуына себеп бола алды.
1922 жылы Эмма Рич «портативті балалар торын» жасауға патент алуға өтініш береді. Ол алғашқы торды жасап шығып, өз баласына қолданып көреді.
Ғимараттың терезеге қарама-қарсы сыртқы жағына металл тормен қоршалған тік бұрышты каркас бекітіледі. Оның ішіне мата төселіп, ойыншықтар салынады. Балаға соның ішінде таза ауамен демалып, ойыншықтарымен ойнауына жағдай жасалған. Осылайша, жеке үй учаскесінің болмауы деген мәселе де шешілді.
Қауіпсіз болғанына қарамастан, балаларға арналған торлар біршама уақыт бойы АҚШ-та ғана емес, Еуропа елдерінде де қолданысқа енді. ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана әлем балалардың қауіпсіздігіне назар аударып, бұл торлар қолданыстан шығып, өткеннің еншісінде қалды.