МӘДЕНИЕТ
Занзибар сұлтанаты – ХІХ ғасырдан 1964 жылға дейін өмір сүрген Африканың шығыс жағалауындағы кішігірім мемлекет.
Сол замандағы Африка елдерінің көпшілігі Еуропа мемлекеттерінің отарлығында болды. Занзибар да британ империясының ықпалында еді. Уақытында оның нарығын құнды ресурстармен қамтамасыз етіп, британ әскерилері олардың аумағының бір бөлігін пайдаланды.
Занзибар сұлтанатының Британиямен өзара келісімі 1896 жылдың 25 тамызына дейін ғана ұласқан. Ынтымақтастықтың жойылуының басты себебі – Хамад ибн Тувайни сұлтанның қайтыс болуы. Германиямен тығыз байланыстағы оның бауыры Халид ибн Баргаш осы сәтті пайдаланып билікке келуді көздейді. Британияның ескертулерін елемеген ол сұлтанат сарайында 2800 адамнан тұратын әскер жасақтап, қорғанысқа дайындала бастайды.
26 тамызда британ қолбасшысы занзибарлықтарға ультиматум қояды. Ол жердегі дерек бойынша 27 тамыз күні сағат 09:00-ге дейін Занзибар сұлтанаты тізе бүгуі керек болған. Алайда британдықтардың шабуыл жасамайтынына сенімді болған Халид ибн Баргаш ұсынысты қабылдамай, қорғанысты одан сайын күшейтеді. Нәтижесінде 27 тамыз күні сағат 09:00-де британдықтар қамалды қоршауға алып, Занзибарға соғыс ашты. Занзибар патшасының әскері – 2800 адам, ал флоттарындағы кемелерінде бір-ақ қару-жарақ болатын.
Сағат 09:38-де британ әскері сұлтанатты басып алып, соғыс ресми түрде аяқталады. Ұрыстың басталуынан ағылшындықтардың жеңіске жеткеніне дейін бар-жоғы 38 минут уақыт өткен. Қанды қырғында 570 адам қаза табады. Олардың бәрі – африкалықтар еді. Ал ағылшындар жағынан бір офицер ғана жарақат алады.
Айта кетейік, бұл оқиға Гиннес рекордтар кітабында әлемдегі ең қысқа соғыс ретінде тіркелген.
Соғыс барысында Халид ибн Баргаш Германияға қашып кетіп үлгереді. Алайда жағдайды әрі қарай шиеленістіргісі келмеген ағылшын әскері екі держава арасында соғыс болғанын қаламаған соң, кері шегінеді.